Басты бетҚоғамНұр-Сұлтанда Жұмабек...

Нұр-Сұлтанда Жұмабек Тәшеневке ескерткіш қойылды

Ескерткіштің ашылуына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Жұмабек Тәшеневтің ұрпақтары мен қала әкімінің орынбасары қатысты.

Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Ташеневке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді міне, кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Дәл сондай-ақ ескерткіштің тұрған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалды. Бүгінгі астанада отанымыздың тек саяси ғана емес мәдени және рухани ордасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда еліміздің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар ары қарай да жалғаса береді, — деді Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Өз кезегінде сөз алған мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков еліміздің өркендеуі жолында еңбек еткен асыл азаматтарымыз аз болмағанын, солардың арасында Жұмабек Ташеневтің шоқтығы биік екенін айрықша атап өтті. Сол сияқты халқымыздың арда тұлғасына арналған ескерткіш қаламыздың көрікті орындарының бірінен ашылып отырғанын айта келе ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жатқан қала әкімдігіне алғысын білдірді.

Жергілікті билік елемесе де, Жұмабек Тәшеневті халық қолында ұстады. Бұл ескерткіш біздің тәуелсіздіктің символы ретінде тұрады. Ол кісі қайтыс болғанда туған жерге жерлемек болғандар болыпты. Бірақ тірісінде өзі айтқан екен: «Қазақтың қай жерінен топырақ бұйырса да бақыттымын» деп. Сондықтан ол қазақтың бақытты ұлы, — деді экс-сенатор Оралбай Әбдікәрімов.

Сәбит Досановтың сөзінше, Жұмабек Тәшенев мемлекеттің тұтастығын сақтаған тұлға.

Егер Жұмабек Тәшенев болмаса, біз осы жерде тұрмас едік. Бес облысымыздан айырылып қалатын едік. Ол кісі біздің мемлекетіміздің тұтастығын сақтаған тұлға. Ол кісіге қандай құрмет болса да, көрсетуіміз керек, — деді ол.

Саян Жұмабекұлы Тәшенев бұл ескерткіштің ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.

Біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Әкеміздің ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіштің ашылуына Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет. «Әкеңнің еңбегін неге насихаттамайсың?» деген адамдар көп болды. Нағыз еңбек сіңірген адамға халық өз құрметтейді. Біздің әкеміз тек әке емес, нағыз патриот болғанына қуанамыз. Туған жерінде тұрған ескерткіш қандай керемет. Бәріне рахмет, — деді Жұмабек Тәшеновтің ұлы.

Жұмабек Ташенев ескерткішінің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылды, ескерткіштің жалпы биіктігі 8,2 метр.