Сол себепті Казталов және Жаңақала аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Нақты деректерге сүйенсек, суландыру жүйесі қалыпты мөлшерден 10 есе аз. Жаңақала ауданына дейін арна бойында жалпы сыйымдылығы 260 млн текше метрлік Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар секілді 4 су қоймасы болса, қазіргі күні онда қажетті судың тек 36%-ы ғана жинақталыпты.
«Жайық-Көшім» суландыру жүйесіне кіріп жатқан су секундына 1,7 текше метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, су орташа болған жылдары біздің жүйеге осы мезгілде 10-12 куб су кіру керек еді. Яғни ол 10 есеге азайып кетті. Себебі 3 жыл қатарынан Жайық өзені тасымай қойды, – деді Шынболат Ермағамбетов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының бас инженер-гидротехнигі.
Ал аудан әкімі болса, тығырықтан шығудың бір жолы – сорғы стансасын қойып, Көшім жүйесіне суды күшпен айдау керектігін алға тартады.
Тиісті мекемелер құжаттарын да әзірлеген. Бірақ қондырғыны орнатуға қомақты қаржы қажет. Облыс қазынасы оған қауқарсыз. Қос ауданда төтенше жағдай жариялаудағы мақсат та осы мәселеге жоғарыдағылардың назарын аударту, – деді Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин.
Сонымен бірге әкім ауданда 16-17 үлкенді-кішілі көлдер барын, соның кейінгі 4-5 жылда тек екі көл ғана қалғанын айтты. Енді Жайық-Көшім суландыру жүйесін толтырғанда ғана келер көктемде көлтабандарға су жіберуге мүмкіндік болмақ. Жаңақала ауданында 48 мың гектар көлтабан бар. Қысқы шөптің тең жартысы осы алқаптардан шабылады. Биыл су болмағасын шөп те шықпапты. Шаруалар мал азығын өзге аудандардан тасуға мәжбүр. Бір бума шөптің құны қазірдің өзінде 8 мың теңгеге жеткен.