Енді олар ай сайын кемінде 200 мың теңге алады. Аға оқытушының еңбекақысы кемінде 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуға тиіс. Бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖОО оқытушыларының жалақысын арттыру туралы тапсырмасын орындау аясында қабылданды. Штаттағы оқытушыларға минимал жалақы мөлшерін белгілеу туралы бұйрыққа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойды.
Оқытушылардың жалақысы көтерілгенімен олардың оқу жүктемесі, керісінше, төмендейді. Бұл мұғалімдердің ғылыми қызметпен айналысуына мүмкіндік пен уақыттың жеткілікті болуы үшін жасалып жатыр.
Жоспарлы түрде оқытушылар үшін жайлы жағдай жасап, еңбекақыны және педагогтердің мәртебесін арттырып жатырмыз. Егер білімнің жоғары деңгейде болуын қаласақ, мұғалімдерге лайық жалақы төлеу керек екенін түсінуіміз керек. Бұл ретте біз жоғары оқу орындары тарапынан сапалы жұмысты, ал оқытушылардан оқу процесіне асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеміз. Министрлікке қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылдың қыркүйегінде 20%-ке, 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ке өсті. Енді штаттағы оқытушылардың минимал жалақысы ай сайын 200 мың теңге болады. Сонымен қатар әр университет басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін қосымша ақы төлей алады. Жоғары оқу орындарының директорлар кеңесі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет, — деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Педагогикалық жүктемеге келетін болсақ, енді бір ставканың максимал көлемі бір оқу жылында 680 сағаттан аспайды. Айта кеткен жөн, бұрын ең төменгі жалақы мен сағаттық жүктемелерге қойылатын талаптар заңмен реттелмеген.