— Қайырымдылыққа қаржы бөлмес бұрын не білу керек? Көмек деп берген ақшамыздың дұрыс жұмсалатынына қалай көз жеткізуге болады?

— Ата-бабамыз «Ең бірінші өзіңнен баста» дегенді алға тартады. Бұл ұғым қай заманда да өзекті. Бірінші өзіңді, отбасыңды, сосын жақындарыңды, одан кейін басқа да танитын адамдарды ойлау керек. Бұл туралы хадистер де бар. Себебі адам жақындары үшін де сұралады. Туыстарының арасында студенттер болса да, көмектесу керек. Себебі студенттің тұрақты табысы бола бермейді. Ол дұрыс білім алып шығуы үшін әрдайым қаражат қажет. Сондықтан таныс емес адамдарға көмектескеннен өз туыстарыңызға жәрдемдескен тиімді.

Неге қайырымдылықты әуелі жақындарыңызға, танитын адамға жасаңыз деп отырмын? Олардың жағдайы қандай екенін білесіз және қаражатты қалай жұмсайтынын көре аласыз. Ал сіз қасиетін, өмір салтын танымайтын жан сырттан келген қаржыны арақ-шарапқа, құмар ойындарға немесе басқа да өзіне пайдасыз дүниелерге жұмсап жіберуі мүмкін. Мұндай жағдай біздің қоғамда көп кездеседі. Сондықтан аз болсын, көп болсын, ақшаны сенімді жерге, өзіңіз танитын, кейін жағдайын біле алатын адамға бергеніңіз абзал. Сонымен қатар білімге, адамдардың оқуына жұмсағанды дұрыс көремін.

— Жақын-туыстың, көршілердің жағдайы жақсы болса, қайырымдылықты тағы кімге жасай алады? Қайырымдылық жасағысы келген адам кіммен ақылдасқаны дұрыс?

— Алғашында, бұл саладан ештеңе білмейтін кезде мешіттерге баруға болады. Сонымен қатар елімізде қайырымдылықпен айналысатын қорлар, қоғамдық ұйымдар бар. Біраз жылдан бері жұмыс істеп тұрған қорлардың өз тарихы, қалыптасқан базасы бар. Олар жылдар бойы халықтың сенімін ақтаған. Ешқандай мақсатсыз, жай ашылған қорлар көбіне бір жылда жабылып қалады. Ал он шақты жыл жұмыс істеп келе жатқан қайырымдылық қорлары осы уақыт ішінде бірнеше тексеруден өткен. Яғни олар тұрақты жұмыс істей алады, адамдар да оларға сенеді.

— Қайырымдылықты не үшін жасау керек? Ол бізге не береді?

— Біреуге көмектесудің екі жағы бар. Біріншіден, адам біреуге көмектескенде, қуантқанда, арнайы гормон бөлінеді. Қайырымды іс жасаған кездегі сезімді көмектесіп жүрген адам біледі. Мұқтаж жан сізге алғысын айтқанда, риза болғанда, қуанып қалғанда көңіл-күйіңіз көтеріліп, өзіңізді жақсы сезінесіз. Дәл осы сезім, дәл осы гормон басқа іс жасағанда бөлінбейді. Оны тек біреуді қуантып, оған көмек қолын созғанда, мұқтажға қажетін бергенде ғана сезесіз. Оны басқа ешқандай сәтпен салыстыруға болмайды.

Екіншіден, көмек сұраған адамды қолдау арқылы өз жағдайыңыз қаншалық жақсы екенін түсініп, соны бағалай түсесіз. Шүкір етіп, барды бағалап, қанағат тұтуды үйренесіз. Адам көп жағдайда айналасына қарап, өмірін өзгелердікімен салыстырып жүреді ғой. Кейде жай ғана көшеге шықсаңыз немесе Алматының сырт жағына барсаңыз, қандай қиын жағдайда өмір сүріп жүрген жандар бар екенін көресіз. Кейбірінің мүгедектігі бар, біреулерінің тұратын үйі жоқ. Соларды көргенде бақытты екеніңізге көзіңіз жетіп, соған шүкір етесіз.

Ерлан Мырзақұлов
Ерлан Мырзақұлов. Фото: Baribar.kz

— Азаматтардың қайырымдылыққа белсенді араласуы белгілі бір органдардың, ұйымдардың жауапкершілігін азайтып жібермей ме?

— Пандемия – ешкім күтпеген ерекше кезең. Бұған ешқандай мемлекет дайын болған жоқ. Апат айтып келмейді. Керісінше осы кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тату болып жұмыс істегеніміз бауырмашылдығымызды арттырады. Адами қасиет әлі де бар екенін сездіреді. Мұндай қиын-қыстау сәтте мейірім таныта алатын, проблемаға бірге төтеп бере алатын халық екенімізді көрсетіп жатырмыз деп ойлаймын. Бұдан да қиын кездер болуы мүмкін. Осы сәтте ауырғанға демеу болып, мұқтажға көмектесуге әзір екенімізді байқадық. Адами қасиеттер әлі де бірінші тұрады екен.

Екінші жағынан, адам қиын-қыстау кезеңде сыналады. Пандемия кезінде халықтың жағдайы жақсаруына, ауырмауына көмектесе алсақ, бұл қоғамның дамуына да ықпал етеді. «Үкімет ештеңе істемеді» деп айта алмаймын. Әркім қолынан келгенше аурумен күресіп жатыр. Дамыған елдерде биліктің халықпен бірлесе жұмыс істеуі — қалыпты нәрсе. «Мемлекет, сен жаса, мұның бәрі — сенің міндетің» деп қарап отыру дұрыс емес деп санаймын. Кемедегінің жаны бір. Қиын-қыстау кезеңде бей-жай қарап қалмауымыз, аздап болса да, көмекке жүгіруіміз — біздің азаматтық борышымыз.

Бірге көмектесу қоғамды татулыққа, бірлесе өмір сүруге шақырады. Технология заманында адам бір-бірімен бұрынғыдай араласа бермейді. Ал ауру айтып келмегенде бауырдың, туыстың керек екенін түсінеміз. «Асар» деген дәстүріміздің өзін «Біреуге жалынбайын, одан да адам шақырып, жасата салайын» дегенге жеткіздік. Ал пандемия бәрін өз орнына қойғандай. Жеке жүрсек, әлсіз екенімізді, ал біріксек, күш екенімізді түсіндік.

Пандемия кезінде ауруханаларға аппарат таратуды ойладық. 100-200 аппараттың ақшасы жиналса, соған да шүкір етеміз дедік. Бірақ күтпеген жерден танымал адамдар, қалталы азаматтар, қарапайым тұрғындар бірлесіп, 4 мың аппаратқа жететін қаражат жиналды. Мұндай сома жиналады деп күтпеген едік. Ең бастысы – дәл сол сәтте халыққа қажет жобаны жүзеге асыра алғанымыз. Әйтпесе аппараттың жетіспеуінен адамдар қайтыс болып жатты.

— Мұқтаж жанға көбірек көмектесу оның өзін асырауына, жауапкершілікті өзіне алуына қандай да кері әсері болмай ма? Азаматтар дайынға үйреніп қалған жағдайда қалай әрекет етесіздер?

— Мұқтаж отбасыларда жалқау адамдар көп кездеседі. Отбасын, балаларын асырай алмай, көмекке зәру болып отырғаны да жалқаулықтың әсерінен болып отыр. Жасында оқымайды, дұрыс жұмысқа тұрмайды, балаларға қажет нәрсені бере алмайды. Сосын үкіметтен немесе қалталы азаматтардан көмек күтеді. Кез келген мұқтаж отбасыға көмегімізді аямаймыз. Ә дегенде азық-түлік, киім-кешек апарып, қиын кезеңнен шығуға көмектесеміз. Кейін жұмысқа орналастыруға және балаларының оқуына да қол ұшын бере аламыз. Оның үстіне үкіметтен берілетін жәрдемақы бар. Жұмыспен қамту ортылығына барып, стипендиясы төленетін курстардан өте алады. Содан кейін жұмысқа да орналастырады. Егер осы мүмкіндіктің бәрін көре тұра, жұмыс істегісі, жағдайын түзегісі келмесе, балаларының біліміне жәрдемдескенімізді қаламаса, бұл — өз шешімі. Әрі қарай біз де ол көмекті өзге мұқтаж отбасыға жұмсаймыз. Ересек адам басқадан көмек сұрап жүруді өзі таңдап тұр. Мұндай жағдайда біздің қолдан басқа ештеңе келмейді.

Маслоу пирамидасы қағидасы бойынша, әуелгі қажеттілікпен, яғни тамақ, киім-кешек, қыста жағатын көмір сияқты дүниемен қамтамасыз етеміз. Себебі адам негізгі қажетін өтемей, жаңа деңгейге көше алмайды. Аш адамды оқыта алмаймыз. Ол бірінші әл жинауы керек. Екінші кезеңде жұмысқа орналастыру, құжаттарын дұрыстау, психологиялық көмек, балаларының біліміне көңіл бөлу проблемалары жүреді. Осы екінші кезеңде қай отбасы жақсы өмірге ұмтылатыны көрінеді. Өмірін өзгерткісі келмейтін адам дәл осы кезеңде артқа шегінеді.

— Қайырымды іс жасағысы келетін адамға қандай кеңес айтасыз?

— Қазақстанда бұрыннан жақсы жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі қайырымдылық қорлары бар. Азаматтарымыз мұқтаждарға көмектескісі келсе, осы қорларға қаражатын бөліп, бірлесе алады. Өзі жеке көмектескеннен үлкен іске ат салысқан тиімдірек. Ұйымдарда дайын база бар. Олар қай жерге қалай хабарласуды, не істеу керек екенін жақсы біледі.

Сонымен қатар көмек деген тек қаржы емес екенін ұмытпау керек. Қайырымдылық қорларына волонтер болып та көмектесуге болады. Ерікті ретінде мұқтаждарға жәрдемдесу қалай жүзеге асатынын көріп қайта алады. Берген ақшасының қандай адамдарға жұмсалып жатқанын да біле алады. Ең бастысы – «Көмектессем екен» деген ниет.

— Әңгімеңізге рақмет!