Нұрислам Санаев жүлдесін мұқтаж жандарға беретінін айтты

Әуелі спортшы өзін қолдаған барша қазақстандықтарға алғысын жеткізді.

Қазақстанда спортпен айналысамын деген адамға бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл президентiмiздiң спортқа деген оң көзқарасының нәтижесі. Осы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарға қолдауыңыз үшін алғыс айтқым келеді, — деп жазды ол.

Нұрислам Санаев бала кезінен таршылықты да көріп өскенін айтты. Мұқтаж жандарға көмектесуді сол кезден армандапты. Оңтайлы сәтті пайдаланып, өзіне берілген сыйақыны қайырымдылыққа жұмсамақшы.

Ес білгелі қиыншылықты, жоқшылықты көріп өстім. Сол кездегі бала арман мені биік белестерге жетеледі. Ең алғаш спортқа қадам басқанда олимпиадада топ жарып, мұқтаж жандарға көмектесуді армандадым. Бүгін де сол арманыма қол жеткізіп отырмын. Мемлекет тарапынан маған берілетін қомақты сыйақыны мұқтаж отбасылар мен науқас балалардың еміне жұмсамақпын. Елімізде бақытты отбасылардың саны көп болсын!, — деді палуан.

Нұрислам Санаев Токио Олимпиадасында еркін күрестен бақ сынап, қола жүлде жеңіп алған еді.