Басты бетЖаңалықтарДәурен Абаев...

Дәурен Абаев ақын Маралтай Райымбекұлының сынына жауап берді

Маралтай Райымбекұлы: Дәурен Әскербекұлы, қоғам өзіңізді мемлекеттік идеологияға жауапты тұлға ретінде біледі. Ел дамуы жолындағы қайраткерлік қызметіңізден де хабардармыз. Бірақ кеше ғана Александр Трухачев есімді журналиске берген сұхбатыңызда қазақ тіліне қатысты айтқаныңызды көріп, қолға қалам алуға бекіндім. Сұхбатта айтылған жайттарды түйіндей келе, менде мынадай үш сұрақ туындап отыр: Ел азаматтарының 20 пайызы ғана орыс болғанымен, өзіңіз айтқандай, ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе? Керісінше, бұл егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген мәртебелі тұғырына қона алмай отырғанының көрінісі емес пе?

Дәурен Абаев: Құрметті Маралтай Райымбекұлы! Әлеуметтік желіде маған арнап жолдаған жазбаңыз бен қойған сауалдарыңызды мұқият оқып шықтым. Осы ретте, өзім ерекше сыйлайтын зияткер замандасым, ана тілдің білгірі, сондай-ақ, қазақ тілінің ахуалымен етене таныс адам ретінде Сізге тарқата түсіндіргенді жөн санадым. Сонымен бірге эмоциясыз, ешкімнің жеке басына тиіспей, сындарлы әрі жүйелі сұрақ қойғаныңыз үшін де Өзіңізге жауап бергім келеді. Себебі сезімге ерік беру оңай болғанымен, мәселенің байыбына барып, парасатты ұстанымға ұмтылу әрдайым маңызды.Бірінші. Сіз алғашқы сауалыңызда егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де ел азаматтарының 90 пайызы әлі де орысша білуі және балалардың 30 пайызы орысша оқуы масқара емес пе дедіңіз. Қазақтар 2-3 тіл білсе оның несі айып? Халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демеуші ме еді? Кешегі әл-Фараби 70-ке тарта тіл білсе, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін білгендіктен де адамзат руханиятының биігіне көтерілді емес пе? Елбасы екі тілде емін-еркін сөйлегесін, халықты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен өткен жоқ па еді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ ресми алты тілінің төртеуін жетік меңгеруі мейманамызды тасытып, талай келіссөздің ел пайдасына шешілуіне жол ашпай ма? Тіл – адам мен адамды байланыстыратын, өрісімізді кеңейтетін, өремізді арттыратын құрал. Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгінің басты капиталы – ақпарат. Ақпарат – тіл білетін адамның қолында. Өзгелермен терезесі тең, ешкімге есесін жібермеуі үшін де қазақ баласы көп тіл білгені жөн деп есептеймін. Алайда орыс немесе ағылшын тілін білу қазақ тілін меңгеруге кедергі болмауға тиіс. Себебі біз «Өнер алды қызыл тіл» деп, мәдениетіміз бен дәстүрімізді ана тілімізге сыйғызған халықпыз. Рухани байлығымыз бен ұлттық кодымыз да тілімізден көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қазақты тану үшін тілін үйрену керек. Сондықтан да егемендік жылдары қазақ тілін дамыту бағытында жүйелі, өте ауқымды жұмыстар жасалды. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Әлі есімде, ауылдан келіп, Алматыға оқуға түскенімде біздің факультеттегі сегіз топтың жетеуі – орысша, біреуі ғана қазақша болды. Ал қазіргі жағдай керісінше, яғни айналасы жиырма шақты жыл ішінде түбегейлі өзгергенін көз көріп отыр. Елімізде қазақ мектептерінің саны 10% ғана болған уақытты ұмытқан жоқпыз. Бүгінде ол 70% құрайды. Алайда, бұл бір-екі жылдың ішінде өзінен-өзі оп-оңай бола салған дүние емес. Жаңа оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазып, физика, математика және басқа да пәндерді қазақ тілінде оқытатын мұғалім тәрбиелеп шығару үшін қаншама тер төгіліп, күш жұмсалды.Бір кездері баламызды беретін қазақ балабақшасын таппайтынбыз. Бүгінде елімізде 6 мыңнан астам қазақ балабақшасы бар.Егер ана сүтімен сіңген туған тіліміздің ертеңіне бей-жай қарайтын болсақ, әлемнің ең беделді классикалық туындыларын, оқулықтарын қазақшаға аударамыз ба? Қазақ тілін телевидение мен радионың тіліне айналдырар ма едік? Ең ақыры, балаларымызға «Әліппені» қайтарудың өзегінде де ана тілімізге деген жанашырлық жатқан жоқ па?

Маралтай Райымбекұлы: Дәуке, сұхбатта айтылған «пещерный национализм» деген анықтаманы жете түсінбедім. Ана тілге деген жанашырлық, оның болашағына деген алаңдаушылық бәрімізде де бар. Сонда бәріміз де осы санатқа жатамыз ба?

Дәурен Абаев: Екінші. Осы тұста қазақ тілін қандай әдіс арқылы үйретіп, қалай дамытамыз деген мәселе туындайды. Мен неге кейбір белсенділерді «пещерный националист» деп айттым?Мен қазақ тілінің болашағына алаңдайтын адамның бәрін сыйлаймын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын әр мұғалімді, репетиторды, балаларға арнап мемлекеттік тілде кітап шығарып, мультфильм, кино, сериал түсіріп жүрген әрбір авторды ерекше құрметтеймін. Алайда, тіл сияқты нәзік әрі сезімтал мәселені байыппен емес, хайппен және лайкпен шешкісі келетіндерге қарсымын. Қоғамға жік салып, қақтығыс туғызуды көздейтіндердің әрекетін құптамаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым!Мәке, дөрекілікке тап болған сол сатушы азаматтар кешірім сұраған соң қазақ тілін оқуға кіріседі деп ойлайсыз ба? Жоқ. Керісінше, біз қандай да бір қысым қарсылық туындатады, қазақ тілін жеккөрінішті етіп көрсетіп, адамды үйренуге деген ниетінен айырады. Осы ретте бір ғана Димаш бауырымыздың қазақ тілін дамыту үшін жасап жүрген қызметіне көз салайықшы. Дүниенің түкпір-түкпірінде оның өнерін бағалайтын жүздеген, тіпті, мыңдаған фанаттары қазақ әндерін үйреніп жүр, біздің тіліміз бен дәстүрімізді зерттеуде, еліміздің таңғажайып қырларымен танысу үшін Қазақстанға келіп жатыр.Сол үшін ана тілімізді дамыту ісінің көшбасында мәдениетіміз бен білім беру жүйемізді насихаттайтын «жұмсақ күш» болуға тиіс.Жер мен тіл – халқымыздың ең басты қос құндылығы. Бұларды қазақтың жаны мен бары деуге де болады. Алайда, осы екі тақырып арқылы қоғамдағы алауыздықты қолдан қоздырып, түрлі айла-шарғы арқылы біреуді сатқын, енді біреуді халық жауы жасау оңай. Кеше ғана билік жерді шетелдіктерге сатып жібереді деп шулағандар көп болды емес пе? Ал қазір жағдай қалай болды? Билік қандай заң қабылдады? Біз біреуге сүйемдей жер бердік пе? Жоқ. Отанын сүйетін, еліне жаны ашитын патриоттар тек Фейсбукта емес екеніне сендіргім келеді.

Маралтай Райымбекұлы: Бүгінде қоғамда қазақ тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы керек деген пікір орнығып келеді. Алайда қазіргідей қалпымызбен біз мемлекеттік тілдің жағдайын қалай, қайтіп және қашан дұрыстаймыз? Бұған қатысты билік басындағылардың не ойлағаны бар?

Дәурен Абаев: Енді үшінші мәселеге келсек. Қазақ тілі міндетті түрде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналады. Біздің бұған қатысты алған бағытымыз айқын, қадамымыз нық. Алайда, тағы да қайталап айтқым келетіні, бәрі бір сәтте болмайды. Біреуді камера алдында кешірім сұратып, өз азаматтарымызды өз елінде шеттету арқылы бұған мүлде қол жеткізе алмаймыз. Біз дана халықпыз. Бірақ біздің бойымыздағы төзімділік, саналылық пен сабырлылық сияқты қасиеттерді әлсіздікке балауға болмайды. Керісінше, бұл – мықтылар ғана көрсете алатын ұлы күш. Біздің ұмтылысымыз бен жігеріміз тауды тескен судай діттеген жеріне жететіні анық.Есіңізде болса, осыдан бір ғасыр бұрын, аштық нәубетінен кейін халық саны миллион адамға дейін азайып кеткен еді. Бүгін, шүкір, он тоғыз миллионға жеттік. Алматының халқы 2 миллион болса, Елордамыз бен Шымкенттің халқы миллионнан асты. Мұның бәрі – бейбітшілік пен аманшылықтың арқасы. Егер жік-жікке бөлініп, бір-бірімізбен қырқыссақ мұндай күйге жетер ме едік? Сол үшін берекелі тірліктің кілті – татулықта. Ағайын мұны жақсы түсінеді деген сенімдемін.