«Assel.Ет-тің» Алматыда екі дүкені, Алматы облысында тағы екі дүкені бар. Алайда 4 жыл бұрын ашылған осы дүкен ғана Аманжол мен Әселдікі. Қалған үш дүкенде кәсіпті серіктестерімен бірге жүргізіп отыр. Ол жақтан түскен пайданың жартысын ерлі-зайыпты алады.
Бұл — қаладағы негізгі дүкеніміз. Мұнда жалпы 6 қызметкер жұмыс істейді. Екеуі ет шабады, біреуі қазы жасайды, үшеуі — сатушы. Қалған дүкендерде екі қызметкерден бар — сатушы мен ет шабушы. 3 ай бұрын жартылай фарбикат өнімдерді қостық, — дейді Аманжол Әймішев.
Бұл дүкенде күніне 800 келідей ет сатылады. Олар — жылқы, сиыр, қой еті. Ал демалыс күндері 1 тоннаға дейінгі ет өтеді. Адамдар етті негізінен айдың бірінші жартысында көбірек алады екен. Өйткені осы уақытта жалақы түседі, зейнетақы беріледі.
Күнтізбенің қай күні екенін сауданың болуы мен саябырсуына қарай білеміз. Сауда қатты болып келе жатып, адам азайып қалса, айдың 16-сы деген сөз. Ай соңына дейін бірқалыпты жүреді де, келер айда абыр-сабыр қайта басталады, — дейді кәсіпкер.
Ерлі-зайыптылар дүкендеріне етті өзі жеткізеді. Тікелей жеткізуші жалдауға немесе мал соятындарға «жеткізіп бер» деп ақы төлеуге болар еді. Бірақ ет алудың басы-қасында бұлай жүрудің өз себебі бар екен.
Таңғы 3-те тұрамыз. Кім бірінші тұрса, сол екіншімізді оятады. Сосын «Еламан» базарына барып, жаңа сойылған ет алуға кезекке тұрамыз. Көп уақыттан бері тек бір адамнан алып жүрміз. Өзіміздің жеңіл көлігіміз бар, сенсеңіздер, етті сонымен тасимыз. Қазір арнайы етке арналған көлік алдырып жатырмыз. Қанша қызметкеріміз бар, дүкендер жүріп тұр. Бірақ етті өз көзімізбен көріп, таңдап алмасақ болмайды. Біреу әкеп берген еттің қандай екенін кім біледі? Мысалы, мен ондай етке сенбеймін. Өзім сеніңкіремей тұрған етті халыққа қалай сатамын?! — дейді Әсел Боранбаева.
Аманжол Әймішевтің айтуынша, етті сататын адам таңдай алады. Мойын етіне, төсі қаншалық майлы екеніне мән береді, малдың май аздауын, еттісін таңдайды. Кәсіпкер малдың салмағы да маңызды екенін айтады. Бір қол 80 келіден жоғары шықса, оны ризашылықпен алуға болады. Өйткені ет төгіліп тұр деген сөз. Ет шабушы қалауынша шауып, тауар келбетін шығара алады.
Біздің дүкен мен базардан ет алғанның айырмасы бар. Базарда клиент етпен бірге қоспа ет — төс пен қабырға алуы керек. Сонда сатушыда қалдық ет қалмайды, шығынға батпайды. Ал біз әрқайсысын жеке сатамыз. Клиент сом етті жеке алам десе де, төсті бөлек, қабырғаны бөлек алам десе де, өз еркі, — дейді Әсел Боранбаева.
Бұрын етті ерлі-зайыпты екеуі ғана сататын. Қазір де қызметкерлердің жұмыс істеп жүргеніне қарамастан, дүкенге күнде барып, басы-қасында жүреді.
«Карантин кезінде баспаналы болдық»
2020 жылғы күшейтілген карантин уағында халық етті жаппай ала бастайды. Барлық жерге карантин шектеулері енгізілгендіктен кәсіпкерлер дүкенге ешкім келмейді деп ойлапты. 2-3 күн жаба тұруды ұйғарған.
Сәуірден бастап карантин талабы күшейді. Қалада ешкім жүрмейді деп ойладық. Дүкенді жауып, үйге кетіп қалдық. Айтпақшы, бұл — жалға алынып отырған дүкен. Дүкен иесі, клиенттеріміз күні бойы қоңырау шалумен болды. Сөйтсек, адамдар бізді іздепті. Ертеңіне жұмысқа шықтық. Халық қаптайды. Ол кезде қазіргідей қызметкерлер жоқ. Әсел екеуміз және ет шабушымыз бар. Күніне тек 5-6 сағаттан ұйықтап жүрдік. Мұндай режим 3 айға созылды, — дейді Аманжол Әймішев.
Аманжол қазіргі дүкендегі бар тірлікті екеуі істегенін айтып берді. Келіншегі кассада тұрғанда ет пен тамақтың ыдысын өзі жуған екен. Дүкенге достары келіп қалып, қағытпа қалжыңмен тиісіп кетсе де мән бермеуге тырысыпты. Бизнесмен осы ісіне мақтану керек екенін түсінгенін айтты.
Мысалы, күнде сиырдың төрт қолын, екі санын әкелетінбіз. Ол түске дейін бітіп қалып жүрді. Сосын еттің келісін күн сайын көбейте бастадық. Етті шауып, витринаға қойып үлгермейтін едік. Қойғанымыз қазір, халық кезекке тұрып талап кететін. Сатып алушыларды «ет бәріңізге жетеді, уайымдамаңыздар» деп сабырға шақырып қоямыз. Бірақ шын мәнінде ет жоқ, таусыла сала қайтадан барып сатып әкелеміз. Бір күнде 3 күннің етін сатып жүрдік. Саудамыздың болып кетуінің екі себебі бар. Біріншіден, карантин алдындағы бағаны ұстап тұрдық. Басқа дүкендер үстіне қанша баға қойып жүргенін көрдік. Дегенмен қанағат еттік, жағдайды пайдаланып қалғымыз келмеді. Одан кейін еттің сапалы болуын қатты қадағаладық. Тек жаңа сойылған малды аламыз, онда да өзіміз алып келеміз, — дейді бизнесмен.
Оның айтуынша, еттің көптеп сатылуына супермаркеттердің толық жұмыс істемеуі, базарлардың жабық болуы әсер етті. Оған қоса, қойдың құйрығын сұрайтындар көбейіпті. Қойдың майы коронавирусқа қарсы ем деген жалған ақапараттың таралып кеткенінен болар дедік.
Бір күні бізді әкімдіктен келіп тексеріп кетіпті. Оны білмейміз. Азаматтық киіммен келіп кеткен сияқты. Дүкен иесіне хабарласып, баға жақсы екенін, әрі қарай да сол бағаны ұстап сата беруге болатынын айтыпты, — дейді Әсел Боранбаева.
Ерлі-зайыпты отбасы құрған соң 8 жыл пәтерден пәтерге көшіп жүрген.
Өзіміз саудаға кетеміз де, екі баланы әке-шешемізге қалдырамыз. Одан қала берді, балаларымды абысыным бақты. Карантин кезінде балаларымызды облыстағы ата-анама апарып тастап, 1,5 ай көрмедік. Өйткені пост қойылды әрі біз де саудадан босай алмадық. Сағынып, жылайтын едік. Дүкендегі сонша халықты қалай тастап кетесің?! Дегенмен карантин уағында табыс ұлғайып, баспана алдық. Кейін «Assel.Ет» деген бренд құрдық, — деп қуанышын білдірді Әсел.
«Бөлшек сауданы менсінбейтінмін»
Дүкен ашуды 5 жыл бұрын Әсел ұсынады. Өзі базарда істейді, жолдасы қаладағы дүкендерге ет өткізумен айналысыпты.
Жүрген жерімде жұмыс істеп тұрған дүкен болса, бизнесін сатып алатынымды айтып жүрдім. Бірақ қолымда ақша жоқ. Дүкен табылса, ақшаның бір мәнісі болар дедім. Сөйтіп ең алғашқы бизнесімізді сатып алдық. Күніне 130 мың теңге түсетін жердің табысын 400-500 мың теңгеге көтердік. Әсел сатады, себебі бөлшек саудада тәжірибесі мол. Бірақ 4 айдан соң иесі дүкенді босатуымызды сұрап, ол жерден банкрот боп шықтық, — дейді кәсіпкер.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер одан кейін де қаланың бірнеше жерінен ет дүкенін ашқан. Бірақ тәжірибенің жоғынан оның бәрі банкротқа ұшырайды.
Бір кісіден 3-4 миллионға дейін ақша алып, қарызға кіріп кеттік. Оны қалайда қайтару керек. Бірақ біз қорықпадық. Тәуекелге бара беретінбіз. Қазір ойлап отырсам, қайтпай, алға ұмтыла бергеніміздің есесі ретінде Құдай сұрағанымызды беріп жатқан сияқты. Сол дүкендерді жүргізгенде тек бір қол, бір сан аламыз. Сол етке бола ерте оянып, кезекке тұрамыз. Оятқыш керек емес, автоматты түрде таңғы 2-3-те тұрып кете береміз. Өйткені қарызымыз бар. Уайымымыз — қарыз жабу. Олардан да құтылдық қой, — дейді Аманжол Әймішев.
Дүкендерді өзі іздейді. Қазіргі дүкенді жүргізіп жатқанына 4 жылдай уақыт болыпты. Кезінде бұл орынға жолдан ары-бері өткенде қарап, алғысы кеп жүреді екен. Дүкен иесіне бірнеше рет кіріп, бизнесті сатуды сұрайды. Ол кезде дүкенді басқа адамдар жалға алған. Ақыры дүкен бұйырады. Бірақ айлық ақысы қымбат боп шығыпты.
Әселге айтсам, айына ондай ақша шығара алмаймыз деп уайымдап тұр. Не де болса, тәуекел деп дүкенді жалға алдық. Дүкен деп отырғанымыз бір бұрыш қана. Қазір ғой жартысынан көбін жалдап отырмыз, — дейді бизнесмен.
Аманжол Әймішев бұған дейін бөлшек саудамен айналысып көрмеген еді. Осы дүкенге келген соң ет шабуды да, оны витринаға әдемілеп қойып, сатуды да үйреніпті.
Мұның алдындағы дүкенде тек Әсел тұрды. Мен негізі көтерме саудамен айналысатынмын. Қаладағы дүкендергі еттерімді өткіземін де әрі қарай демала берем. Сөйтсем, келіншегім үлгере алмайды екен ғой. Шаршайды. Қазы жасайды, кассада тұрады, тамақ істейді. Бірінші ет салатын қалтаны ашып тұруды сұрады. Ал қазір ет сатуға қатыстының бәрін білемін. Басында бөлшек сауданы менсінбейтін едім, — дейді бизнесмен.
«Клиенттер мақтаса, мәз боламыз, ет алмай кетсе, уайымдаймыз»
Жұбайым тақия киіп жүреді. Әуелде клиенттер «тақиясы бар жігіт қайда» деп келетін. Клиент етімізді мақтап кетсе, мәз боп қаламыз. Күні бойғы энергияны әп сәтте жинап аламыз. Етті қарап, алмай кетсе, уайымдайтынбыз. Неше түрлі адам болады, қисық-қыңыры, бізді менсінбейтіні табылады. Ондайда ұрсысып қалуымыз мүмкін. Бірақ сөйтіп жанжалдасып кеткендер ертеңіне дым болмағандай қайта келе беретін. Өйткені баға тұрақты, ет бүгін сойылған, — дейді зайыбы.
Аманжол клиенттермен сөйлескенді жақсы көреді. Арасында әзілдеп, жақсы көңіл-күймен шығарып салады.
Ет сатқан қатты ұнайды. Карантин кезінде қойдың құйрығы көптеп өтті. Сонда әзілдеп «бұрын етті ас болсын деп сатушы едік, қазір ем болсын детін болдық» деп қоям. Келген адамдармен туыс болып шығамыз, әйтеуір. Басында орысша сөйлей алмайтынмын. Орыс ұлтының адамы келсе дереу Әселді шақырып келем. Кейін ұялмайтын болдым. Мен орысша сөйлеген сайын келіншегім витринаның астына тығылып булығып күлетін. Онысына мән бермеймін. Кейін осы сәттерді күліп еске алатын уақыт жететініне сендім, — дейді бизнесмен.
Ет саудасына мектеп бітіре сала араласқан
Аманжол Әймішев 20-21 жасында-ақ ірі көтерме саудамен айналысатын. Базарға қой өткізеді. Тіпті, күніне 250 қой сататын кезі болыпты.
Мектеп бітірген соң ауылда қалғым келмеді. Кластастарымның арқасында Алматыға құрылысшы болып келдім. «Алтын орда» базарында етпен айналысатын Өмірәлі деген ағам бар. Бұл салаға келуіме бірден-бір себеп — сол кісі. Құрбан айт уағында 2-3 күн көмектесуге шақырған. Саудаға пысық екенімді көрген соң сол жерде қалдырды. Ет сатып жүріп, кейін ірі көтерме саудагер болып кеттім, — дейді өзі.
Ет саудасын жақсы көргені сонша, түннің бір уағына дейін базарда жүре береді. Базардағылар «осы сенің үйің бар ма» деп сұрайды екен.
Әсел Боранбаева да базарға мектеп бітірген соң барады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті болып жүріп, базарға шығады. Онда әпкесі істепті. Әпкесінің жанына барып ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирақ сатып жүреді. Екеуінің де бұл салада жүргеніне 15 жылдай болыпты.
«Екі рет 10 миллион теңгеден қарызға кіріп кеттім»
Аманжол Әймішевтің айтуынша, ет саудасы — қолынан келетін іс. Бірақ түзей алмай келе жатқан бір кемшілігі бар, ол — есеп жүргізбеу.
Блокнотқа кімнің қанша қарыз екенін, кімге қанша қарыз екенімді жазбай жүре беретінмін. Базарда қанша серіктеспен істедім. Ақыр соңында банкрот болып шығамын. Екі рет 10 миллион теңгеден қарызға кірген кезім болды. Маған ақшадан гөрі базардағылардың «Аманжол қарызға кіріп кетіпті» деген сөзі қатты әсер ететін. Ұялып, үйден шықпай қалатынмын. Кейін өзімді-өзім жігерлендірдім. Қарыз болсам не бопты? Құтылам ғой. Қайтадан базарға шығып, сауданы қайта бастаймын. Банкроттан да, қарыз болудан да қорықпайтынмын, — дейді бизнесмен.
Ерлі-зайыпты бір-бірін ет саудасынан тапқан
Аманжол ет сатып жүріп Әселмен танысады. Әуелі оның қандай отбасыдан шыққанына көңіл бөліпті.
Малды алғанда өкпе-бауырды тегін алуға тырысатынмын. Сосын базарға кіріп, оны бөлшек саудадағыларға сатып шығамын. Әлия деген қыз бар. Оған да сатып жүрдім, арасында сіңлісі Әселді көрем. Қолым босай қалса, жанынан шықпаймын. Негізі маған бірінші Әселдің отбасы ұнады. Әпкесін танимын, анасы да базарда істейді. Басында бір жылдай дос боп жүрдік. Бірақ түбі бірге болатынымызға сенуші едім, — дейді Аманжол Әймішев.
Әсел Боранбаева басында бұл жігітке тұрмысқа шығуды ойламапты.
Қап-қара деп менсінбейтінмін. Ешқандай жігітке қарамай жүріп, қалай бауыр басып кеткенімді байқамай қалдым, — деп күледі зайыбы.
Кәсіпті ерлі-зайыпты болып жүргізудің артықшылығы қайсы?
Уайымымыз — бір. Қарыз ортақ. Үйді бірігіп алуымыз керек. Ол үшін жақсылап жұмыс істеу қажет, — дейді Аманжол Әймішев.
Оған қоса, бизнеске екеуінің жаны бірдей ашиды. Ақша табу көзі деп қана қарамайды, ортақ іс санайды. Тағы бір баласы сияқты.
Бір-біріміздің көңілімізге қараймыз. Жұмыс кезінде ренжісіп қалсақ, онымыз ұзаққа созылмайды. Ұмытып кетеміз. Мен идея айтқышпын. Етті кімнен алатынымызды, дүкенді қай жерден ашатынымызды шешем. Әсел қолдайды, кассада тұрады. Жеке-жеке қалғанда етті жарысып сататынбыз. «Мен былай саттым, олай саттым» деп мақтанамыз. Сосын не нәрсені де ақылдасып істейміз, — дейді бизнесмен.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер әзірше жаңа дүкен ашуды жоспарлап отырған жоқ. Отбасына көңіл бөлгісі келеді. Қазіргі мақсат — ай сайын отбасына тұрақты қаржы кіргізіп тұру.
Ет саудасын бастағандарға 5 кеңес
Аманжол мен Әсел ет саудасымен айналысқысы келетіндерге мынадай кеңес ұсынады:
- Адам көп жүретін орын таңдау. Сауда жақсы жүретін жерді жалға алу ақысы қымбат болады. Бірақ мұндай орын ақысы арзан болғанымен, сауда жүрмейтін жерге қарағанда әлдеқайда артық. Онда етке қатыстының бәрін сатуға болады.
- Жақсы ет алу.
- Алған етті дұрыстап шабу, витринаға әдемілеп қою.
- Клиентпен жақсы қарым-қатынас орнату.
Түсінгенім — жақсы көретін іспен айналыссаң, табыс содан келеді, — дейді Аманжол Әймішев.
Олардың айтуынша, етпен айналысқысы келетін адам іске бар уақытын, энергиясын арнауына тура келеді. Сондықтан бизнесті енді бастағандар үшін бұл сала ауыр болуы мүмкін. Бір-бірін қолдап отыратын серіктес керек.