Қызметтерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп іске асырды.
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін біз электрон форматта берілетін мемлекеттік қызметтер тізімін біртіндеп кеңейтіп жатырмыз. Жаңа цифрлық шешім ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үйден шықпай-ақ, онлайн режимде үйде немесе медициналық-әлеуметтік мекемелерде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар ресімдеуге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар өздеріне, балаларына немесе қамқорлығындағы балаларға қызмет көрсетуге тапсырыс бере алады, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Құжаттарды ресімдеуге өтініш беру үшін Электрон үкімет порталында тиісті қызметті таңдау, сұратылған ақпаратты толтыру, құжаттарды тіркеу, ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы сұрау салуға қол қою қажет.
Сұрау салу сәтті өңделген кезде мемлекеттік органнан жеке кабинетке өтініштің орындалуы туралы хабарлама келеді.
Порталда қызмет көрсету мерзімі үйде күтім көрсету жағдайында көмек алғысы келетін пайдаланушылар үшін — 14 жұмыс күні және пайдаланушы медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет беру үшін — 17 жұмыс күні.