Басты бетЖаңалықтарАстана вокзалындағы...

Астана вокзалындағы автотұрақ ақылы болады

«Астана қаласының орынтұрақ кеңістігін басқару» жобасы аясында енгізілетін ақылы тұрақ жүйесі вокзал маңындағы алаңда көлік құралдарының айналымын 30-40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қоғамдық көлікке деген сұраныс 15-20%-ға артып, аудандағы жол желілеріне түсетін жүктеме 20-30%-ға азаяды деп күтілуде. Сонымен бірге, ақылы тұрақ жүйесі жол-көлік оқиғаларының санын 70-80%-ға, ал тұрақ түсетін жүктемені 40-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ақылы орынтұрақты жабдықтау бойынша дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.

Автотұрақтың сыйымдылығы 250 көлікке есептелген, соның 9-ы мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге және 20 орын таксиге арналған.

Алғашқы 30 минут үшін ақы алынбайды, көлікті екі сағатқа дейін қалдыру 200 теңге, 12 сағатқа дейін 1000 теңге, 24 сағатқа 1800 теңге, автотұрақ қызметін екінші тәулік пайдаланғаны үшін 2000 теңге алынады.

Орынтұраққа көлік құралын қою үшін төлем паркоматтардың көмегімен іске асырылады, олар темір жол вокзалы ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Орынтұрақ билетін жоғалтқан жағдайда көлік иелері ASTRA Park әкімшілігіне (темір жол вокзалының екінші қабаты) жүгіне алады.

Ақылы тұрақ жүйесі жұмыс істейтін алғашқы уақытта есеп айырысу қолма-қол қаражатпен түрде жүргізіліп, кезеңмен жүйеге онлайн-төлем, банктік карта және ұялы қосымша арқылы төлем жасау қызметтері енгізіледі.

Қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін вокзал маңындағы орынтұрақ аумағы бейнебақылау камераларымен жабдықталған, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері аумақтағы тәртіпті қадағалайды. Ақылы орынтұраққа кіре берісте уақыт мен қозғалысты автоматты түрде есепке алу жүйесі, сондай-ақ нөмір белгілерін автоматты түрде анықтау жүйесі орнатылған, бұл көлік құралдарын заңға қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз етеді.

Қиындықтар туындаған жағдайда жүргізушілер 574-777 телефоны бойынша немесе паркоматтағы, сонымен қатар аумаққа кіріп, шығатын жердегі терминалдағы «Операторды шақырту» шұғыл түймесін басу арқылы Байланыс орталығының операторымен байланыса алады.

ДереккөзBnews.kz