Биылғы ұлттық санақ 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде және 1-30 қазанда планшеттерді қолдана отырып, аралау арқылы өткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аясында облыста арнайы комиссия құрылып, бекітілген жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Галя Мұханғалиеваның сөзінше, халық санағының дайындық кезеңі осы жылдың 1-30 маусым аралығында өткізілген. Бұл жұмысқа облыс бойынша барлығы 170 адам тартылған. Олар тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімін жасақтап, тұрғындардың санын нақтылаған.
Ұлттық статистика бюросының «Аудандастыру» автоматтандырылған жұмыс орны ақпараттық жүйесіне облыс бойынша 176 389 объект енгізілген болатын. Аралау жұмыстары қорытындысында облыс бойынша 175 641 объект анықталды немесе жоспарлы объектілердің 99,6%-ы қамтылды. Қате объектілердің саны 2 178 бірлікті құрады. Атырау облысы бойынша 149 негізгі тіркеу учаскелерінен бөлек арнайы ұйымдарда барлығы 139 объект қалыптастырылды. Оларда тұрақты тұратындардың саны 2 877 адамды және 11 369 бірлік төсек-орынды құрады,-деді ол.
Осылайша анықталған объектілердегі тұрғындардың саны арнайы ұйымдарда тұрақты тұратындардың санын қоса 664 493 адамды қамтып отыр.
Департамент басшысы дайындық кезеңін өткізу кезінде туындаған проблемалық мәселелерді де атап өтті. Яғни, санақ персоналының жауапсыздығы мен немқұрайлығы, көше атаулары мен үй нөмірлері ілінген аншлагтардың жоқтығы қиындық туғызған. Сондай-ақ, Атырау облысының сәулет және қала құрылысы басқармасымен ұсынылған облыстың елді мекендерінің схемалық карталарында кейбір объектілердің белгіленбеуі, көптеген үй шаруашылықтарының санақтан бейхабар болулары да жұмысқа кері әсерін тигізген.
Сонымен қатар, Галя Мұханғалиева Ұлттық халық санағының негізгі кезеңінде Атырау облысы бойынша 913 адам уақытша жұмысқа тартылатынын, оның ішінде 114 нұсқаушы-бақылаушы және 799 интервьюер болатынын мәлімдеді. Оларға қойылатын талаптар: ҚР азаматы болуы, жасы 18-ге толуы, компьютерде жұмыс істеу қабілеті, кандидаттар вакцинациялаудан өткен болуы керек. Кәсіби білімі мен жұмыс өтілі бойынша талаптар қойылмайды.
Жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аталған кемшіліктерді жойып, қала, аудан әкімдеріне халық санағына қолдау білдіру қажеттігін баса тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы интервьюерлерді вакцинациялаудан өткізуді, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндірме материалдарын орналастыруды тапсырды. Сонымен қатар, мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажеттілік туындаған жағдайда учаскелік полиция қызметкерлерінің бірлесіп аралауын ұйымдастыруды, санақ персоналдарын қажетті орынжайлармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді міндеттеді. Оған қоса, нұсқаушы — бақылаушылармен мамандардың қоғамдық көліктерінде тегін жүруін ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кету керек, «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің №419 қаулысы қабылданып, алайда, елдегі пандемияға байланысты Ұлттық санақты өткізу осы жылға ауыстырылған болатын.