Басты бетСәкен Бибосынов:...

Сәкен Бибосынов: Халқымнан кешірім сұраймын, барымды салдым

Бокстан 52 келі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Сәкен Бибосынов жартылай финалдық жекпе-жектен соң сұхбат берді деп хабарлайды Olympic.kz.

Журналистер алдына шыққан Сәкен көпке дейін өз-өзіне келе алмай, көз жасына ерік берді. Тек бапкері Мырзағали Айтжанов пен БАҚ өкілдерінің қолдауынан соң Бибосынов жекпе-жек жайлы пікірін бөлісті.

Токио Олимпиадасына «алтын аламын» деп келгем. Бірақ қола жүлде бұйырып тұр екен. Жанкүйерлерді, қазақ халқын алтынмен қуантып, Токио төрінде әнұранымызды ойнатуды басты мақсат еттім. Өкінішке қарай, ол арманыма жете алмадым. Бар күш-жігерімді салдым. Соңына дейін жұдырықтастым. Бірақ сәттілік жетпеді. Барша жанкүйерден, барша халықтан жеңілгенім үшін кешірім сұраймын. Бірінші раундты қарсыласқа беріп қойдым, қалған екі раундта аянып қалмадым, — деді боксшы.

Бұл — Сәкен Бибосыновтың бірінші Олимпиадасы. Өзінің айтуынша, Токиоға бара алмай қалуы да мүмкін еді. Жолдаманы ең соңғы сәтте жеңіп алған.

Сондықтан, бәріне қанағат. Бапкерімді, халқымды қуантқым келген. Бұйырғаны қола екен. Жүлдемді барша қазақстандықтарға арнаймын. Осы Олимпиадаға келген соң туған ағам қызды болды. Жеңгем босанды. Айлин деген кішкентай қарындасыма да осы медалімді арнаймын, — деді Сәкен Бибосынов.

Айта кетелік, жартылай финалда Сәкен Бибосынов 2:3 есебімен ұлыбританиялық Джалал Яфаиге есе жіберді. Қазақстан бокс бойынша Олимпиада ойындарынан бірінші рет алтын алмады.