Басты бетҚоғамЖаңа оқу...

Жаңа оқу жылында оқушылар мектеп формасын киюге міндетті ме?

Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тежазды.

Ол өзі ата-ана ретінде де, білім министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті.

Cонымен бірге педагогтердің айтуынша, мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосады, мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беріп, ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектеседі.

Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен бірге классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды, — деді Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министрдің айтуына қарағанда, ведомство шешім қабылдаған кезде эпидемиология жағдайын ескерген.

Біріншіден, қазір еліміздің көп аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалада жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, COVID-19 инфекциясын жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз, — деді ол.

Екіншіден, Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу кейбір отбасының қалтасына салмақ салуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.

Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды, — деді ведомство басшысы.

Пандемияға дейін оқушыларға мектеп формасын кию міндетті болғанын айта кеткен жөн. Алайда былтыр эпидемиология ахуалын ескеріп, оқушыларға мектепке формамен ғана емес, классикалық стильдегі киіммен де келуге рұқсат етілді.