Робототехникаға келуі жайлы
Кішкентай кезімде үйдегі магнитофон, DVD сияқты түрлі техниканы ашып, ішкі құрылысы қалай жасалғанына қызығып, зерттеп көретінмін. Сол электроникадан, конструктор ойыншықтардан жаңа дүние ойлап табуға құмар болдым. Ал университетке оқуға түскенде робототехникамен таныстым. Қызығушылығым артып, шетелдің түрлі онлайн курсына қатыстым. Алматы, Астанада өткен жарыстарға барып, тәжірибе алмасып жүрдім. Осылайша, робот жасауды, оны программалауды үйрендім.
Әрине, алғашқыда қоғамға пайдасы зор робот жасадым деп айта алмаймын. Ә дегенде кез келген адам қозғалатын, кедергіні көрсе, айналып өтетін, қоқыс жинайтын роботтар құрастырып көреді. Содан кейін барып маңызды жобаларға көшеді.
Қазір робототехника саласы — негізгі мамандығым. Талдықорғанда балаларға роботехниканы, программалауды үйрететін мектебім бар.
Future-IT мектебі қалай ашылды?
Бұрыннан кәсіппен айналысқым келуші еді, «бір орталығым болса ғой» дейтінмін. Ауылда жүргенде «Дамир» студиясын ашып, мектеп оқушыларына ән жаздым. Кейін Қытайдан тауар жеткізіп, онлайн саудамен шұғылдандым. Бұдан басқа тағы бірнеше жұмысты бастап көрдім. Бірақ еш нәтиже бермеді. Сондықтан «қолымнан келетін іспен айналысқаным жөн» деп шештім.
Студент кезімде компьютер программаларын жазуға қабілетім де, қызығушылығым да бар екенін байқадым. Уақыт өте адамдарға жеке-жеке үйретіп, сол ісімнің аясын кеңейткім келетінін түсіндім. 2019 жылы әлеуметтік жобаға қатысып, бір миллион теңге ұтып алдым. Бұл қаражатқа кішігірім кабинетті жалға алып, үш ноутбук және үш робототехника жинағын сатып алып, жұмысымызды бастап кеттік.
Ол жылдары Талдықорғанда робототехниканы үйрететін орталықтар, жалпы бұл сала онша дамымаған еді. Сәйкесінше, келген оқушы да аз болды. Алғашқыда мектебімізде тек 5-6 бала оқыды. Кейін тәжірибе жинап, таныла бастаған соң қызығушылар да көбейді.
Қазір курсқа 80-ге жуық бала қатысады. Бұл жазғы демалысқа байланысты азайғаны. Оқу жылы басталғанда мектебіміздегі бала саны 100-ге жетеді деген үміттеміз. Төрт адам қызмет атқарады, тағы екі адам тағылымдамадан өтіп жатыр.
Роботқа программа енгізбесе, ол түкке жарамсыз сувенир болып қалады. Сол себепті балаларға ең әуелі механизм түрлерін, программалаудың негіздерін үйретеміз.
5-8 жастағылар Lego Wedo жинағымен, 8-12 жастағы балалар Lego-ның үлкен түрімен, 12 жастан асқандар Arduino бағдарламасымен робот жасап үйренеді. Arduino бағдарламасы электр сызбалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бір модуль үш айға созылады. Оны тәмамдаған оқушы келесі модульге көшеді.
Карантинде онлайн жұмысқа көштік, бірақ робототехниканы қашықтан үйрету мүмкін емес. Себебі бала жабдықтарды қолмен ұстап, өзі робот жасауы керек. Сондықтан компьютерлік программаларды үйретуге басымдық бердік. Карантиннің басында 300-ге жуық баланы тегін оқыттық.
Future-IT мектебі қоғамға пайдалы қандай робот жасап жатыр?
Қазір ұстаз қызметінде жүрсем де, қоғамға пайдалы робототехника жасау жайлы мақсатымды ұмытқан жоқпын. Мәселен, оқушылармен бірге зағип жандарға арналған білезік жасап жатырмыз.
Оның шығу тарихы мынадай. Бір жолы әлдебір зағип адам мектебіміз туралы естіп, келеді. Әңгіме арасында далада үнемі таяқ ұстап жүру қиын екенін айтты. Алдынан шығатын кедергілер туралы ақпарат беріп, ескертіп тұратын құрылғы ойлап табуымызды өтінді. Бірден оқушыларымызбен ақылдасып, арнайы құрылғы жасауға кірістік.
Негізі шетелде мұндай құрылғылар бар, бірақ олардың құны бір миллион теңгеге жетеді. Әрине, ондай бағадағы затты екінің бірі ала алмайды. Сол себепті біз үш метрге дейінгі кедергіні анықтайтын, оған жақындаған сайын вибрация интенсиві артатын арзан білезік жасап жатырмыз. Бұл жоба әлі аяқталмады. Қазір оның көлемі тым үлкен болып тұр. Сол мәселені шешуге тырысамыз.
Меніңше, болашақта өндіріс роботтары көбейеді. Кәсіпкерлер жұмыс күші ретінде роботтарды пайдаланатын болады. Себебі робот шаршамайды, жалақы сұрамайды, қателеспейді. Бірақ бұл адамдар жұмыссыз қалады деген сөз емес. Робот саны артқан сайын оларды жасайтын, жөндейтін адамдар да керек болады.