Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының жартылай финалына өтті

Аса ауыр салмақта сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Иван Верясовпен кездесіп, жеңіске жетті.

Ол қарсыласын 4:1 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Бірінші және екінші раундта төрешілер жеңісті Қамшыбекке берсе, үшінші раундта Иван Верясовтың белсенділігі есепке алынды.

Қамшыбек Қоңқабаев кездесуден кейін журналистер сұрағына жауап берді.

Бірінші раунд ойдағыдай өтті. Екінші раундтан бастап қателіктер кетті. Лас боксқа ден қойып кеттім. Енді осы олқылықтардың орнын толтыруға тырысамын. Алдыңғы қолмен дұрыс жұмыс істемедім. Болар іс болды, бастысы — жартылай финалға өту. Келесі қарсыласымды танимын, бірақ кездеспегенмін. Енді бар ойым мен күшімді келесі жекпе-жекке жұмсаймын, — деді Қамшыбек Қоңқабаев.

Жартылай финалда Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торреспен кездеседі.