2024 жылы Париж Олимпиадасына ауыр атлетикадан кімдер барады?

Меңдіхан Тәпсірұлы алдымен қазақстандықтарды ауыр атлеттердің жеңісімен құттықтады.

Бұл — қазақ спортшыларының, қазақ ауыр атлетшілерінің жетістігі. Илья Ильин, Игорь Сон, Зульфия Чиншанло сияқты Олимпиада, Әлем чемпиондарының ізбасарлары қазақ елінде көп шығып жатыр. 2018 жылы Жасөспірімдер арасында Америкада өткен Әлем чемпионатында Қазақстаннан 5 жасөспірім барып, бесеуі де 100% көрсеткішке жетіп, Әлем чемпиондары атанып келгендерін білесіздер, — деді жаттықтырушы.

Ол қазақстандық ауыр атлетшілер әр халықаралық сайыстарда жеңіспен, жүлделі орындармен оралып жүргенін айтты.

Әлем рекордтарын жаңартқан жасөспірімдеріміз бар. Ерлер арасында да, қыздар арасында да олардың аттарын атауға болады. Енді ерекше көзге түсіп, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына баратын басты үміткерлеріміз – Рахат Бекболат, Абылай Әуелханұлы, Есенгелді Сапи, Нұрғиса Әділетұлы, Ақмолда Сайрамкез және басқа да жасөспірімдеріміз. Олар халықаралық жарыстарда тұрақты жүлделі орындармен оралып жүр. Енді олар Олимпиадаға барады деп үміттенеміз, — деді Меңдіхан Тәпсірұлы.

Сонымен бірге қыздар арасында Сансызбаева Айсамал, Омарова Аиша, Шалқарова Руфина, Пастухова Ольга, Ли Надежда, Мешітханова Раушан сынды мықты жасөспірім қыздарымыз бар екенін айтты.

Еске сала кетейік, 61 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Спортшы жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді.

Сонымен қатар Қазақстанға екінші қоланы 55 келіге дейінгі санатта Зүлфия Чиншанло алып келді. Ол 213 келі (90+123) көтерді.