Бұл туралы Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.
Тартысты жекпек-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшысына берді. Алайда, екінші раунда тез жиналған Әбілхан қарсыласын нокдаунға жіберіп, үшінші кезеңде де қарсыласынан басым түсті. Нәтижесінде, төрешілер қазақстандық боксшының жеңісін мойындап, Әбілхан Аманқұл келесі айналымға өтті, — делінген хабарламада.
Ширек финалда Әбілхан Аманқұл Бразилия елінің өкілі Эберт Консейса Соузамен қолғап түйістіреді. Кездесу 1 тамызға жоспарланған.
Айта кетелік, бұған дейін төрт қазақстандық боксшы Токио Олимпиадасын мерзімінен бұрын аяқтады.
Әбілхан Аманқұл өзбек боксшысын жеңгеннен кейін Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
Бұл менің Олимпиададағы бірінші кездесуім болғандықтан қиын болды. Жалпы, Олимпиадада жекпе-жектер оңай болмайды. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Ширек финалдағы қарсыласыммен бұған дейін кездеспегенбіз. Қарсыласымның қандай екенін ринг көрсетеді, — деді ол.
Әділхан Аманқұл Қазақстан құрамасындағы бұған дейін рингке шығып, жеңіліп қалған жігіттер туралы айтты.
Әрине, құрамада кешегі жігіттердің жеңілісінен кейін көңіл-күй түсіп қалды. Не дегенімен олар фавориттер, мықты спортшылар. Бірақ, рингке шыққанда әркім өзі үшін шығады. Біреу ұтылды деп, бізге де ұтылуға болмайды. Біз бір командамыз. Мұндайда босаңсу дұрыс емес деп ойлаймын. Біз не үшін келгенімізді білеміз. Олимпиада бала кезден арманымызға айналған. Бірінші орында елдің намысын абыроймен қорғау маңызды, — дейді боксшы.