Ойын баласы болдым деп айтпаймын. Көбінесе үйде боламын. Ұлдың үлкені болдым. Әпкем атам мен апамның қолында тәрбиеленді де, мен үй сыпырам, еден жуам, тамақ істеймін, су тасимын. Кейде балалар ысқырып кеп тұрады, ойнауға шақырады. Мен әлі еден жуып жатам. Сөйтіп жүріп жылаймын, «осы үйдің қатыны — мен» деп. Бірақ жұмысымды бітіремін. Әлгі шешемді аяймын. Шиіттей бала. Бірақ балалық шағым жақсы өтті.

Менің ерегіспе ауруым бар. Қисық. Әділетсіз екенін көріп тұрсам, айтуға тырысамын. Айтамын да. Жай айтпаймын, соңынан қуалап жүріп айтам. «Сол не әдет» деп маған туған туысқандар тиісетін.

Мен өзімді сүюге рұқсат еттім. Ал өзім аз сүйдім. Өзің біреуді сүю үшін уақыт, ақша, энергия құю керек. Ал сені сүйсе, бәрі дайын. Қойшы, оның бәрі өтті, кетті. Соның зардабын шегіп отырмын ғой. Өйткені еркек болып бір әйелді бақытты ете алмау деген не ол? Еркек еркек болса, ең болмағанда бір әйелді бақытты етер еді ғой.

Абайды жақсы көрмеймін. Бірақ ойлы адам, өмірінде проблемасы көп адам, мына қоғамда өмір сүріп, қоғамды түсінемін дейтін адам, бірнәрсені өзгертсем дейтін адам Абайсыз түк тындырмайды. Абай көмекке келеді. Маған да Абай өзі келді. Мектепте Ишан Әлібеков деген ұстазым болды. Сәкен Сейфуллиннің шәкірті деп еститінбіз. Сол кісі мені баулыды. «Абай туралы оқыма, Абайдың өзін оқы» дейтін. Абайды классик деп бетіне қарап отырмаймын. Абай — менің досым. Болды.

Дос деген, мен үшін сыра ішетін, арақ ішетін, карта ойнайтын адамдар емес. Менің Ислам деген досым бар. Оның қасында үндемей отырғанның өзі рахат. Екеуміз отырамыз, ол да үндемейді, мен де үндемеймін. Бәрі түсінікті. Достың қасында өзіңді еркін, қорғаныста тұрғандай сезінесің, ешқандай қауіп жоқ.

Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрі емес, соның орынбасары болып жүріп-ақ қазақтың ұлттық костюмдерінің түрін этнографияға жақындатты. Қазақтың фальклор өнерін өзінің тарихына жақындатты. Ал Ілияс Омаров (ҚазКСР Мәдениет министрі) Гүлдер ансамблін құрғызды. Би билетіп, домбыраны сахнаға шығарды. «Молодой балет Алма-Аты» ұйымдастырды. Сол кезде Дос-Мұқасан шықты. Темірбек Жүргеновтің кезінде опера театры ашылды. Ал біздің министрлер не істеп жатыр? Димаш (Құдайберген) шығып еді, Арыстанбек Мұхамедиұлы (бұрынғы Мәдениет және спорт министрі) соны өзі тапқандай, бәрі жабыса кетті. Ұятсыздар. Ақтоты Райымқұлова (қазіргі Мәдениет және спорт министрі) не істеп отыр? Ең болмағанда бір таланттың көзін ашса ғой.

Театрда сюжет ойнауды қою керек. Сахнада махаббат ойнап жүрміз. Махаббат ойналмайды. Махаббат — нәтиже, ғашық болу ойналады. Қазақстанда театрдың жағдайы қиын. Жалған сөз, патетика, пафос. Театрдан органикалық мықты артистер кетіп жатыр. Ғазиза Әбдінәбиева кетіп қалды. Ол сонау Сабира Майқанова, Бикен Римова бастаған жолмен келе жатыр еді. Шынайы. Ойнай білмейді. Не істесе де, шынайы істейді. Мысалы, кейбір актер сахнада өзінің артист екенін ұмыттырмайды. Ол маған неге керек? Қазір сахнада процесс жоқ. Жандарын қинамайды.

Бұрын мұнымен (саясатпен) кәсіби түрде айналысатын адамдар бар шығар деп ойлайтынмын. Бұрын Қазақстанның алғашқы кәсіби режиссерларының бірі марқұм Асқар Тоқпановтың шындық сүйгіштігін түсінбейтінмін. Мен одан үйренген де, онымен араласқан да жоқпын. Ол ауруханада өлім аузында жатқанда менің кіруімді сұрапты, жоқ талап етіпті. Ол маған шындықтың және қолынан өнер келетін адамдардың болатынын айтты. Ол өмірде жақсы рольдерді баяғыда-ақ жұрттың бөліп алғанын, бәрі жанжалға жоқ, жақсы адам боп көрінгісі келетінін айтты. Ал жағымсыз роль вакансиясы толып жатыр. «Тағдыр қоғамды сауықтыру үшін екеумізге осындай нашар кейіпкер ролін берді», — деді.

Жаңаөзен оқиғасы, мен үшін, азаматтық қоғамның бірігіп, пісіп, жетіліп азаматтық мәдениет құруға талпынысы еді. Бұл ереуілдің шарықтау шегінде 7 мың адам болған. Не шықты? Қанға бөктірді. Бұл — трагедия. Трагедия деген — идеяны өлтіру. Алға, әділеттікке деген ұмтылыс идеясы өлді. Солайша, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Оны өлтірген, «ат» деп бұйрық берген кім? Соның кім екені ашылмай жатыр. Биліктің бір мақсаты орындалды. Елді үрей туғызу арқылы билеп жатыр.

Қазақстанда азаматтық қоғам болмаса, оның несін жақсы көремін? Айналдырған 100-ақ адам билікті ұстап отыр. Олар ойына келгенін істейді, қалған миллиондаған адам соған қарап отыр.

Шындық деген бар. Айта алмай жүргеніңді аяқ астынан айтуға мүмкіндіктің тууы. Соны пайдаланып қалу. Шындық өтіріктің ішінде жүріп, жүріп, бір жалт етеді. Сонда шындықты түсінесің.

Диссиденттік жолға түскеніме өкінбеймін. Кино көресің делік, олар онда шындық айтады, қиналады. Біз соны есіктің көзшесінен қараймыз. Ал өзің солай өмір сүруге қорқасың. Ал мен қорықпаймын, мен солай өмір сүргім келді. Бұл менің өмірімдегі тұздық қой. Түрмеде отырдым, оны да көрдім. Түк өкінбеймін.

Мен ешқандай да диссидент емеспін. Мені саясаткер десе, күлкім келеді. Мен — жай ғана мазасыз адаммын. Маған өтірік айтқан ұнамайды. Өтірік күлу мен «Қал қалай?» деген сияқты ресми сұрақтарды ұнатпаймын. Ондай кезде міндетті түрде: «Жаман десем, не істейсің сонда?», — деп жауап берем.

Рахат Әлиевтің жаназасына бардым. Ұлы Айсұлтан болды, үлкен ұлы (Нұрәли) болды. Айсұлтанның жылағаны сүйегімнен өтіп кетті. Жан-жағына «біреу демеу болар ма екен, бірдеу бірнәрсе айта ма» деп жалтақтап, жылады. Үлкені үндемей, қатайып отырды. Айсұлтан жұмсақтау, эмоцияға бейім, шынайы бала еді. Ағасы өзін ұстай алады.

Маған елдің (Германия) азаматтығын алуға тапсыр дегендер болды. Мен мұнда ағаш отырғызбадым, үй салмадым, ұлымды өсірмедім. Сондықтан бұл жерді менің елім деп айта алмаймын. Бірақ осында тапқан жалақыммен жақсы өмір сүріп жатырмын. Әлемге саяхаттап кетсем де болады, бірақ менің көмегіме мұқтаж адамдар бар.

Германияда «неміс болғаныма мақтанамын» деп жазу жазған жастар алаңға шықты. Біздің елде бір хабарға қатыстым. Ондағылар қазақ болып туғанына мақтанатынын айтты. Мұны патриотизм деді, ал әлгі неміс жастары өзін неофашист, неоұлтшыл деген еді. Екеуіңнің айырмаң қайсы? Қазақ, неміс, орыс болып туғанынан басқа мақтанатын ештеңе қалмаған ба?

Жастарға үлкендер кедергі болмаса екен. Олардың тізгінін тартпаса екен. Оларға мүмкіндік берсе екен. Өйткені біздің болашағымыз солар ғой. «Біз — үлкенбіз, сендерге ақыл айтамыз» деп отырмай, оларға демеу болып, жағдай жасаса, жақсы болар еді.

Менің балам немеремді бала-бақшаға орналастыру үшін пара беріпті. Мен мұнда сахнада «адал, әдепті адам болу керек» деп тұрмын. Ал сахна сыртында осының бәріне төзіп отырмын. Меніңше, мұның себебі — біздің материалдық әлемде өмір сүріп жатқанымыздан. Ал рухани өмір баяғыда ұмытылған. Ол өмір, яғни homo intellectus қашан келеді? Мен оны көре алмайтынымды білемін, бірақ әрқайсымыз сол рухани өмірді жақындатуға тырыссақ екен. Ұмытпаңдар, ол күн міндетті түрде келеді.

Материал New Alash YouTube-каналындағы хабар бойынша және Exclusive.kz, Tedxalmaty.com порталдарында жарияланған мақалалар бойынша дайындалды.

Тағы оқыңыз:

Сұрағы жоқ сұхбат. Сатыбалды Нарымбетов.