Ақтауға сапарымызды шіліңгір шілдеге жоспарладық. Еліміздің ыстық, қуаңшылық жайлаған өңіріне шілдеде бару жайсыз көрінсе де, тәуекел жасадық. FlyArystan компаниясынан билетті ай бұрын алып қойдық. Ақтауға Алматыдан барып-қайтуға 60 мың теңге кетті. Бұл — біз көрген бағаның ең арзаны. Басқа күндері Батыс Қазақстанға бару өте қымбат болып көрінді. Компаниядан себебін сұрағанымызда, «Билет сұраныс өскен сайын қымбаттайды» деп жауап берілді.

Ұшаққа билет алған соң Ақтауда түнейтін жер іздедік. Көп созбай «Ақтау» қонақүйін таңдадық. Отель қызметкерлері «Терезеден теңіз көрінеді» деді. Екі адамдық төсегі бар бөлме үшін күніне 20 мың төлеуге бекідік. «Ақтаудың» 1966 жылы алғашқы қонақүйлердің қатарында ашылғанын барғанда білдік. Қанша жыл өтсе де, ғимарат жақсы сақталған.

Ақтау қандай қала?

«Ақтау» халықаралық әуежайы бізді көк байрақпен күтіп алды.

Әуежайдағы ту. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Алматы әуежайында танысымызды кездестіріп қалған едік. Өзі Ақтауда тұрады, үйіне қайтып бара жатыр екен. Ол ұшақтан түсе сала такси шақырып қойды. Жүргізушіге «28/74» деп айтқанда біртүрлі естілді. Сөйтсек Ақтауда көшеге атау берілмейді екен. Қала шағынаудандарға бөлінген. Мұндағы «28» — шағынаудан, ал «74» — баратын үй. Көкейімде «Таксистер үйлерді адаспай таба ма?» деген сұрақ тұрды. Тұрғындардың айтуынша, адресті санмен айтқан тиімді. Оның үстіне әр үйдің маңдайшасында нөмірі жазылып тұрады, алыстан көрінеді.

Шағын ауданды осындай белгімен тауып алуға болады. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Әуежайдан қалаға жарты сағаттай жүрдік. «Салынып жатқан жол бітсе, әуежайға тез жетеміз» деді таксист. Көліктің терезесінен шөл далаға қарап келеміз. Өсімдік көрінбейді, тек топырақ. Азын-аулақ шөптің өзі қурап қалған. Таксист биыл көктемде алғаш рет өрік талын еккенін айтты. Онысы жас болса да, жеміс салмаған. «Қурап қалды» деп отыр.

Таксистің әңгімесі. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Жолда арыған, ашыққан жылқыларды көрдік. Тура бірер ай бұрын желіде тараған фотодағыдай қабырғасы ырсиып көрініп тұр. «Бізде мал шөп емес, картон жейді» деді таксист.

Биыл қуаңшылық жайлап, қиын болып тұр. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Айтпақшы, біз Ақтауда жүргенде облысқа Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен келіпті. Жергілікті телеарнада жұмыс істейтін құрбым министрліктен келген адамдармен бірге ауылдарды аралап жүргенін айтты. Кейін баспасөз беттерінде маңғыстаулық шаруаларға бюджеттен 1,9 миллиард бөлінетінін, қуаңшылыққа қарсы шаралар қабылданатыны хабарланды.

Қалаға жеттік. Күн аса ыстық емес. Ақтаулықтар «Қайта ыстық басылғанда келдіңдер, 1-2 апта бұрын далада жүру мүмкін емес еді» деп жатты. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтерде «Абайлаңыз. Балаңыздың қолынан ұстап алыңыз» деген сияқты жазуларды көп кездестірдім.

Жолдағы ескерту. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтау шағын, өзіне тән әдемілігі бар қала екен. Жаңа үйлер көп салынып жатыр. Бір қызығы, үйдің сыртындағы бояуды күн немесе жел жеп қояды екен. Содан түсі ашылмаған сияқты болып көрінеді. Одан бөлек үйлердің төбесіне топырақ жиналып қалады.

Ақтау көрінісі. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Маска таққан адамдарды аз көрдік. Супермаркеттегілер ғана маска тағып жүруімізді қадағалады. Бірақ көшеде халыққа пандемия уақыты екенін айтылып, вакцина салу ескертіліп жатты. Мұндай үндеуді қала ортасында орналасқан колонкалардан естідік.

Екпе салдыруға шақырған баннер. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтауда күндіз көшеде адам аз жүреді. Себебі құрғақ әрі ыстық. Халық үйден негізінен кешке шыға бастайды.

Ақтауда қайда баруға болады?

Әлбетте Ақтауға Каспийді көруге келдік. Әр кеште теңіз жағасына барып, күннің қызара батқанын тамашалап жүрдік. Өзімізбен кешкі ас алып, тасқа немесе топыраққа төсеніш төсеп, теңізге қарап отырдық. Күн батқан соң серуендейміз. Каспийдің жағасын бұған ыңғайлы етіп жасап қойған. Жолда скрипка тартатын, саксофонда ойнайтын музыканттарды кезіктірдік. Олар Алматыдағыдай Kaspi картасының номерін жазып қоюға ұялатынын айтты.

Каспий. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Уақыт пен ауа райына қарай теңіздің реңі түрленетінін байқадық. Күн батар сәтте мамыражай болып жатады, қараңғы түскенде тіптен дыбыссыз әрі қап-қара болып қошқылданып, қорқынышты көрінеді. Күндіз судың түсі көктің түрлі реңіне енеді, кейде буланып кетеді.

Күндіз де, кешке де теңіз жағасына барып, катамаранға отыруға болады. Адам басына 1000 теңгеден түседі. Бір катамаранды жалғыз жалдаймын десеңіз де, өз еркіңіз.

Теңіз саяхаты. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтаудың кірпіші де басқаша екен. Теңіз топырағы болған соң ба, кірпіште бақалшақтар жүреді. Мұндай кірпіш оңтүстікте өскен адамға ерекше жаңалық болды.

Бақалшақты кірпіш. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтау тұрғындары да тұрмыс қалдығының қайта өңделуіне мән береді екен. Кей жерден пластикке арналған жәшіктерді кезіктірдім.

Қоқыс іріктеу. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтауда негізгі екі музей бар. Бірі Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы болса, екіншісі — Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталық.

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының мекенжайы: 3-шағынаудан, 66-үй.

Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықтың мекенжайы: 19а шағынауданы, 1/1.

Бірінші музейде екі зал бар. Тез аралауға болады. Ал мәдени орталық жаңадан ашылған. Үлкен ғимаратта орналасқан, залы көп. Екі музейдің де қызметкері адам аз келетінін айтты. Гидтерге үнемі жұмыс табыла бермейді екен.

Музей экспонаттары. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтауда «Мәңгілік алау» монументі бар. Күндіз-түні жанып тұрады. 7-шағынауданда, «Жеңіс» аллеясында орналасқан. Ал «Жеңіс» — Ақтауда сирек кездесетін ағашы көп, жасыл аллея.

Ақтауға бірге барған құрбымның саяхатқа байланысты барған жерінде мешіт пен музейге міндетті түрде кіріп-шығатын өз дәстүрі бар екен. Сол дәстүрмен Ақтаудағы Бекет ата мешітіне соқтық. Іші кең, адам аз. Пандемияға қарамастан жеке адамдарға Ashyq қосымшасымен кіруге мүмкіндік бар.

Мешіт көрінісі. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Атақты балықтан жасалатын бешбармақтың дәмін көргіміз келді. Бірақ мұндай дәм барлық кафеде бола бермеді. Жергілікті тұрғындар кафеден емес, жақсы дайындайтын адамның қолынан жеген дұрыс екенін айтты. Олардың сөзінше, «фишбармақты» да білетін адам жасамаса, ұнамай қалуы мүмкін.

Бекет ата мешіті мен Бозжыра

Ақтауға барған соң Бекет ата жерасты мешітіне және Бозжыраға баратын турға хабарласып, орын алдық. Таңертең ерте шығып, кешке қалаға жеттік. Апарып, алып келуіне және гид қызметіне 9 мың теңге төледік. Көңілден шықты. Турист тасымалдайтын ерлі-зайыпты Ақтауға келген қонақтарды тарихи жерлермен таныстырып, шағын бизнесімен күнелтеді екен.

Халық Бекет ата мешітінен бұрын жолда Шопан атаның басына соғады. Содан кейін барып Бекет ата жерасты мешітіне түседі. Арасы шамамен 30 минуттық жер. Бекет атаның басы жерасты мешіті болғандықтан біраз төмен түсуге тура келеді. Күн қайнап тұр. Басымызды орап, қайта-қайта су ішіп, жеттік. Мешіт пандемияға байланысты жабық. Тек сыртынан көріп кетуге болады. Жолда сәбилі, шаршаған адамдарды көрдік. Жергілікті тұрғындар «Бекет ата басына балаларды да алып келеді. Білетін кісілер шипа болады деп айтады» деп жатты.

Әрі қарай атақты Бозжыраға бардық. Бұл жерге даланың ойлы-қырлы жолына шыдайтын көлік жетеді. Машинадан түскенде басқа әлемге тап болғандай сезімді кештік.

Бозжыра. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Бозжыра шатқалы — ежелгі Тетис мұхитының орны. Мұнда сол замандағы акуланың тісін де табуға болады деседі. Бозжыра сонысымен әдемі, сонысымен ерекше. Тып-тыныш дала, ақ шаңқай тастар біз тануға асығатын, әлі зерттелмеген планета Марсты еске түсіреді.

Ақтаудан қандай базарлық алуға болады?

Маңғыстау облысының тұрғындары жаңа сауған түйенің сүтін қайнатып, «балқаймақ» жасайды. Оны кей жерде тосап деп те атайды.

Қайнап жатқан сүтке қант қосады. Қант тәтті дәм береді әрі балқаймақтың сақталуына көмектеседі екен. Біраз қайнаған сүт қоймалжыңға айналып, қызарады.

Ақтауға барсаңыз, үйдегілерге базарлық ретінде балқаймақ ала кетуге болады. Мен оны «Дина» гипермаркетінің алдынан 1500 теңгеге сатып алдым. Сонымен қатар Ақтаудан шұбат алуға да болады.

Балқаймақ алмай кетпеңіз. Еңлік Сақтан/Baribar.kz

Ақтауға жолға шығарда не алу керек?

  • Ыстық өңірге бара жатқан соң жеңіл әрі күннен қорғайтын киімдер керек. Бас пен көзді, теріні күннен қорғауды ұмытпаңыз.
  • Теңізге шомыламын десеңіз, суға арналған киіміңізді ала шығыңыз.
  • Теңіз жағасында демалып отыруға төсеніш керек. Оның жұқа, тез жиналатын, сөмкеге сыйымдысын алыңыз. Сонымен қатар теңіз жағасындағы топырақ өте мамық, жатқанға жағымды.
  • Ақтауға 6 күнге барсаңыз, бір сөмке де жеткілікті. Тек керек киімдерді алып, сөмкенің салмағын 5 келіден асырмасаңыз, ұшақ билетіне қосымша қаржы жұмсамайсыз. Жуынатын сұйық заттарды саяхатқа арналған пластик ыдыстарға құйып алған ыңғайлы. Қайтарда оның бәрін қолданып, босатуды ұмытпаңыз. Себебі сөмкеде базарлыққа орын қалуы керек.