— Мейіржан, білуімізше, «Қырық бірінші өтіріктің соңын» мектепте оқып жүргенде жазғансыз. 10 жылға жуық уақыт өткен соң басылып отырған шығарма әлі де актуал ма? Әңгіме не туралы?

— Бұл әңгіме «Қырық өтірік» ертегісі негізінде жазылды. Образ ретінде өзімнің мектепте оқитын жасөспірім кезімді, сонымен бірге «Менің атым Қожа» повесінің бас кейіпкері Қожаның кейбір қасиетін алдым. Идея келді. Жазып шықтым.

Шығарма әлі де актуал деп есептеймін. Бұл әңгіме — балаға өтірік айтудың жаман әдет, дұрыс емес екенін түсіндіретін шығарма. Балаға жақсы дүние үйрететін, мораль түсіндіретін шығармалар қай уақытта да актуал деп ойлаймын.

Қырық бірінші өтіріктің соңы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Кітап қалай басылып шықты?

— Кітап «Алтын сақа» баспасында басылды. Бұл баспа осы жылы шынымен де жақсы жұмыс істеп жатыр. Төрт айда балаларға арнап 100 кітап шығарды. Кітаптың аудио нұсқасы да бар. QR-код арқылы қосуға болады. Жақында осы кітаптар республика бойынша балабақшаларға таратылады.

— «Балалар әдебиеті ауыл деңгейінен шыға алмай қалды» деген пікір бар. Сіз не айтасыз?

— Иә, мұндай пікір бар. Балалар әдебиеті дегенді үлкен жазушы аға-әпкелеріміз мемуар деп түсіне ме, білмеймін, бала күніндегі оқиғаларды жазады. Қазіргі балаларға, фэнтезидің ортасында өсіп келе жатқан балаларға бұл қызық емес деп ойлаймын.

— Бүгінгі баланы қызықтыратын қандай әңгімелеріңіз бар?

— Қазіргі балаларды қызықтыру немесе қызықтырмау да лотерея сияқты ғой. «Мына шығарма балаға ұнайды» деп дөп басып айту қиын. Өйткені баланың өз талғамы бар. Қазір бала деген түсінік те жоқ деп ойлаймын. Олар — кішкентай ересек, керек контентті өзі таңдай алады. Сол себепті олардың көңілінен шығатын нәрсе жасау қиын. Менің де шығармаларым бір балаға ұнаса, екіншісіне мүлдем ұнамауы мүмкін.

Қырық бірінші өтіріктің соңы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазіргідей гаджет, digital заманында оқырмандарыңызды қайдан табасыз?

— Негізінен гаджет пен digital заманының балалар әдебиетіне пайдасы көп. Неге десеңіз, балалардың бәрі YouTube көреді. Ал интернетте адамдардың, балалардың не көретінін, қанша минут, секундтан кейін басқа контентке ауысып кететінін анықтайтын аналитика сервистері бар. Бұл — жақсы маркетинг құралы. Алайда жазушылар мұны қазір көп қолданбайды. Негізінен әдебиет  ойыншықтар индустриясымен, видеоконтент индустриясымен бәсекеге түсе алуы керек. Сол себепті осы индустриялардың маркетинг әдістерін қолдануы керек. Олар айтылған сервистерді қолдану арқылы баланың қызығушылығын анықтап, оған қызық нәрсені беруге тырысады.

Сосын мұнда тағы бір мәселе — тұтынушы мен сатып алушы бар. Тұтынушы дегеніміз бала, ал оларға арналған кез келген контентті, өнімді ата-анасы сатып әпереді. Екеуіне екі түрлі амал, екі түрлі маркетинг керек.

— Қазақстанда балалар жазушысы болу қаншалықты пайда әкеледі?

— Біздің елде балалар жазушысы болып, байып кетемін деу — қате. Өйткені ақын-жазушыларға қаламақы беруде проблема көп. Алайда кейінгі кітабымды басып шығарған «Алтын сақа» баспасында мұндай проблема болмады. Олар нарыққа енді ғана еніп жатыр. Ешқандай жазушыны ренжітіп жатқан жоқ. Не де болса, бұл жақсы бастама екен. Басқа баспалар да осыған қарап, бой түзеп, жұмыс істейді деп үміттенемін.

Қырық бірінші өтіріктің соңы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Биыл Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Бұл жылы осы салаға қатысты қандай проблемалар шешілуі керек деп ойлайсыз?

— Балаларға арналған контентті жарнамалау, оның маркетингін жасауды қолға алу қажет. Осыны үйрету керек. Біз «тұңғыш», «алғаш» деген сөздерді жақсы көреміз. Кез келген нәрсені жасамас бұрын, қандай да бір идея келгенде «Бұл ой маған ғана келді» деп ойламау керек. Егер Қазақстанда жоқ болса, шетелде міндетті түрде бар. Соларды тауып алып, тәжірибесін көру керек. Олар қай жерде қате жіберді, қай жерде ұтты? Осыны зерттеп, оны жасаған адамдарға ұялмай хабарласу қажет. Қазір өзім Беларусьтегі, Ресейдегі, Жапониядағы жазушылармен хабарласып, олардың тәжірибесін көріп жүрмін. Меніңше, бізге осындай нәрсе жетіспейді.

— Әңгімеңізге рақмет!

Автордың рұқсатымен «Қырық бірінші өтіріктің соңы» әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ӨТІРІКТІҢ СОҢЫ

…Бұғып қалды. Оқ тимеді. Енді бұл атты. Соңғы оқтары қалыпты. Тез тапаншаның оқ қаптарын толтыру керек. Базаға жақындай бергенде бір контрол-террорист бассейн маңында тұтқындарды алып кетіп бара жатыр екен. Көз қарықтыратын гранатаны лақтырды. Қап! Жетпей қалды. Имплюс жазбағанына өкінді. Шапшаңдатып кіші үйшікке кіріп кетті. Пышақты суыра салып, көзі қарығып, көздеуішін аспанға дәлдеп тұрған қарсыласына бас салды. Нағыз тайталастың көкесі басталды. Бұл пышақтап жатып секіре берді. Қарсыласы снайпердің дәлдеуішін тым жақынға қойса керек, тура алдындағы адамға атқан оғы мүлт кетуде…

 Иығына мамасының қолы тигенде ғана өзінің үйінде компьютер алдында отырғаны есіне түсті. Мамасы қынжыла сағатқа қарады. Мәссаған! Сағат түнгі екі болыпты. Қайта ойынына қараса, оңбаған жауы мұны атып тастапты. Қап енді жеңе бергенде…

– Балам, ертең сабақты не істейміз? «Қойдым, түнде ойнамаймын» дегенің қайда?

– Мама, мен қазір ғана отырдым. Міне, жатамын! – Батыржан төсегіне күмп берді.

Таң атқалы мамасы үш келді. Баласын оята алмай әуре болып жүр. Әр келген сайын баласы: «қазір тұрамын», – деп қайтарады. Келе қоймаған соң қайта келеді.

– Мама, мен кеше айттым ғой. «Қырғызбай ағай ауырып қалған. Екінші сабаққа барамын» деп. – Батыржан өтірікті соғып жіберді.

– А-аа? Солай деп пе ең? Ұмытып қалғанмын ғой, ұйықтай ғой. –Мамасы сенгіш, ешкімді ренжітпейтін адам. Ұйқы деген – негізі ең бір керемет нәрсе ғой. Осы сабақты кім шығарды екен? Таң атпай басталатынын айтсай. Кім де болса балаларды аямайтын біреу шығар. Балқып ұйқының құшағына қайта ене бергені сол еді, иығын біреу жұлқылап оятты. Қараса – әкесі. Бұл кісі қашанда жұмыс басты. Таңертең кеткеннен қараңғы түсе бірақ оралады. Тау кен инженері. Үлкен ақыл иесі болғандықтан болар, басында әзіл-ойын дегенге орын жоқ. Қашанда жұмыс қамында жүреді. Баласымен тек ақыл айту үшін ғана сөйлеседі.

– Өзбекбай ағайың ауырып қалған күннің өзінде, сен күнде бір уақытта тұруға тиістісің. Басқа сабақтарыңды оқы. Оқу-білім деген керемет қой. Білмегеніңді оқы. Алтындай басты ұйқыға былықтырып… – Әкесі ұзақ сөйледі.

– Қырғызбай ағай, – деді бұл. Әкесі сөзінен жаңылысып қалды. Бұған бақырая қарады. – Өзбекбай ағай емес, Қырғызбай ағай.

– Ааа? Иә… – Әкесі сағатына қарады да, шығып кетті.

Бұл енді болмағанда, екінші сабаққа да, кешігеді екен. Асығып-үсігіп келгенде, Қырғызбай ағай жолықты.

– Иә? Сонымен, қазақ тілі саған сабақ емес екен ғой. Оған келмей-ақ, басқа сабақтарға келдің бе?

– Ағай, тісім ауырып… Қазір тіс дәрігерінен келе жатырмын. –Батыржан ауырсынғандай жағын қолымен жаба қойды. – Ой, кеттім, ағай, қоңырау соғылып қойыпты ғой.

Екінші сабаққа кешіккен адам не айтсын. Жағын жақсылап ұстап, есік тақылдатты. Кіріп алып қабағын түйе, тісін ауырсынған адам құсап, ыңылдай отыруға рұхсат сұрады.

– Тісің бе? Шының ба? Өтірігің бе? – Апайы қадалып тұр. Бұл жауап орнына ауырсына:

– Тіш жұлдырып келе жатырмын, – деді тісін жұлдырған адам секілді сақауланып.

– Жарайды, отыр. Ондайды ертерек ескерту керек. Батыржан өз партасына отыра бергенде, сыныптасы Айдын сыбырлады:

Сабақтан кейін «А» сыныбымен футбол ойнаймыз.

Бұл қуанып бармағын көрсетті.

***

Батыржан қуанышты. 5 «А» сыныбын бұның сыныбы 3-1 есебімен ұтты. Бір соғылған доптың иесі – өзі. Қуанышы қойынына симай келеді. Қолындағы допты әуеге лақтырып жіберіп, қағып алды. Тағы лақтырып, тағы қағып алды. Доп сарт-сұрт етеді. Тіршілік иесіндей ышқына серпіліп, зуылдай қайта түсіп, тізеге соғылып, қайта көкке ұшады. Кенет, аяғы қисық ұрды да, доп аласа шарбақты кішкене үйдің терезесіне тиді. Салдыр етіп терезе сынып түсті. Бұл бұтаның түбіне бұға қалды. Масқара-ай! Енді орнынан қалай тұрады? Бір әжей терезеден басын қылтитып қарап, күйіп-пісіп ашулануда. Бұл бұқпантайлап қаша бергенде, арқасына қатты бірдеңе тірелді. Жалт қараса ұзын бойлы, ақ сақалды, бөрік киген бір атай таяғын арқасына тіреп тұр.

– Сен ғой! – деді, – сындырған. Қайда барасың? Бар кешірім сұра! Терезесін салып бер!

– Жоға… мен емес…– деді күмілжіп. – Оллахи-биллахи! – деді сасқанынан. Шегіншектеп барады.

– Өтірік айтпа, балам, анау кісі ренжіп жатыр. Өтірік өрге бастырмайды.

– Айттым ғой, мен емес деп. – Батыржан бұрылып алды да, жүгіре жөнелді. – Өтірік жақсы! Әрқашан көмектеседі, – деді онымен қоймай.

– Онда өтірік әрқашан алдыңнан шықсын! – деген атайдың даусы микрофонмен айтқандай дәл жанынан шықты.

– Міне, – деді қолын жуып жатып, айнадағы суретіне. – Өтірік қандай жақсы. – Айнадағы суреті бұған көзін қысты. Бұл аң-таң.Сурет тағы көзін қысты.

– Сен кімсің? – деді бұл.

– Көрмей тұрсың ба? Сенмін. Міне – көзім, міне – кекілім. Әй, қарашы мынаны, кеше маса шағып алған. Ол кекілін, көзін көрсеткен сайын, бұл да қайталап тұрды. Ол жағын сипағанда, бұл да жағындағы маса шаққан томпақты ұстады. Бұл оған үңіле басын айнаға жақындатқанда, ол да басын бұған тіреді. Бұл сескеніп басын тартып алды. Айнадағы бейне тағы көзін қысты.

– Жүр! – деді, – кір айнаға. Ол қолын созып еді, бұл да қолын созды. Лып етіп айнаға өтіп кетті.

Байқап қалды. Бұл айнаға өткенде, бейнесі кері мұның орнына өтті. Бұл бақырая қарады. Бейнесі де бақырая қарады.

– Не болып кетті? – деді бұл. Бейне баяғыдай қайталап тұр. Басын қисайтса, қисайтып, иегін көтерсе, көтерді. Бозарып жуынатын бөлмеден шықты. Өңі ме, түсі ме? Айналасына қарады. Құдайға шүкір, бәрі бәз баяғы қалпы. Мамасы ас бөлмесінен шығып келеді екен.

– Бар, тамағыңды іш. Ет қосқан картоп, – деді мамасы. Тамақтың иісі мұрынды жарып барады. Қарны ашқанын енді білді. Барып теледидар қосты. Қазанның қақпағын ашты. Ішінде еш қандай тамақ жоқ. Келесі қазан да бос болып шықты. Тоңазытқышта да ет қосылған картоп жоқ боп шықты. Бірақ тамақ иісі мұрынды жарып тұр.

– Мама! Ма-ма! – деп айқайлады. Анасы жауап бермеді. – Жарайды, – деп тоңазытқыштан салқын тамақтарды алып іше бастады.

– Енді, спорт жаңалықтары, – деді тележүргізуші. – Бүгін Жаңатас қаласының №3 мектебінде сынып аралық футболдан жарыс өтті. Бесінші «А» сыныбы бесінші «Ә» сыныбын 5-1 есебімен ұтты. Оның ішінде бесінші «Ә» сыныбының оқушысы Батыржан өз қақпасына байқамай гол соғып алды. Біз бұл ойынға қарап, Батыржанға: «Өте ұят болды» дегіміз келеді.

Бұл қолындағы шанышқысын түсіріп алды. Сұлқ отыр. Қалайша өтірік сөйлейді? Керісінше, женген – өзінің бесінші «Ә» сыныбы емес пе? Бұл ешқашан, өз қақпасына доп салған емес. Салмайды да. Ау, Қазақстанның бір қуысында орналасқан кішкентай қаласындағы мұның мектебінің ойынын қашаннан бері теледидирдан көрсететін болған? Бұлар футбол ойнағанда бөтен ешкім жоқ еді ғой. Бұл басын ұстады. Бетін шымшыды. Аяқ-қолын ұрғылады. Түсі емес өңі сияқты. Жүгіріп барып досы Айдынға қоңырау шалды.

– Теледидир көрдің бе? – деді бұл.

– Жоқ, жәй ма?

– Жаңа біздің ойнағанымызды жаңалықтардан айтты ғой. «Қазақстан» телеарнасынан. Біздің сыныпты «жеңіліп қалды» деп айтты.

Айдын қарқылдап күлді.

– Өтірікші екеніңді білеміз. Мынауың тіпті қисынсыз. Сенің гол соққаныңды да айтқан шығар? Ха-ха!

– Иә… – деді бұл. – Бірақ мені өз қақпасына соқты деп айтты, – көзі жыпылықтап, сөзі сенімсіз шықты. Масқара-ай! Не айтып кетті? Не болды өзі?

Телефоннан Айдынның шегі қата күлгені естіледі.

– Жарайды, Батыржан әзілің керемет. Бірақ сабақ оқу керек.

***

– Қал қалай, Батыр? Батыр! Батыржан! – әкесі аяғында ролик, қолында портфелі, қара костюм киіп, галстук тағып алған, жұмыстан келіп тұр. Жолындағы заттарды құлата, роликпен сырғып жүр. Ыржаңдап, брек биінің қимылдарын көрсетті бұған. Қолы тиіп кетіп стол үстіндегі ыдыстар шашылды. Келіп мұның шашын ұйпалақтап, киім ауыстыруға кетті.

Бұл аузын ашқан күйі, таң қала қатып қалған. Әкесін ешқашан бұлай көрмеп еді.

– Қандай рахат! Енді бокспен, самбомен, жүзумен айналысамын. Роликпен жүретін боламын. Сонымен, менің біліуімше, ет қосылған картоп қой? Иісі мұрынды жарады, – әкесі ыдыстарды ақтарып шықты. – Ау, маған тамақ қалдырмағансың ба?

– Мен де жеген жоқпын. Маған да қалдырмапты. Тоңазытқыштан суық ет пен салат жедім, – деді бұл ыдыс-аяғын жуып жатып.

– Неге өтірік айтасың? Иісі бұрқырап тұр ғой. Жеп қойсаң «жедім» деп айта бермейсің бе? Сен қимылдаған сайын өтірікпен ақталатын жаман әдет тапқан жоқсың ба, осы? – Әкесі ренжи шүйлікті.

– Оллахи-биллахи! – деді сасқанынан.

Мамасы кірді де, шашылған ас бөлмесін көріп шошып кетті:

– Мынауың не, балам?

– Мен емес, әкем ғой. Роликпен жүріп, бәрін қиратты. – Бұл айтсай дегендей әкесіне қараса, әкесі түк білмегендей газет қарай салды.

– Сенің өтірігіңе тойдым! Қазір ғана Қырғызбай ағай телефон соқты. Ауырған түгі жоқ! Сен осылай кете берсең, бала болмай-ақ қой, – анасы күйіне, өзін ұстай алмай айқайлап жатты.

***

Бұл мектебіне жақындай бергенде, сыныптасы Сәния шықты алдынан.

– Сәлем! – деді ыржиып. Кекілі аппақ жүзіне жараса қалған. Бұрын бұған бұлай қиыла қарамаушы еді. Бұл сасқалақтап шашын жөндеді. Костюмінің етегін тартып, қипақтап қалды.

–Сәлем! – деп тамағын жөткірінді.

– Кеше «А» сыныбын жеңіпсіңдер ғой. Жарайсыңдар! Қоңырауға әлі ертерек. Жүр, спорт бөлмесіне барайық. Ешкім жоқ. Бұл басын изей берді.

Бұл ортада жатқан допты алып екі тізесімен қақпақылдап, өз өнерін көрсете бастады.

– Теп кане, мен ұстай алар ма екенмін, – Сәния қақпа алдына тұра қалды.

– Қоя ғой! Сен ойнай алмайсың.

– Кім, мен бе? Оданда дәлдей алмаймын десеңші, – Сәния мазақтай күлді.

– Жарайды, мә, ұста!

Батыржан допты сырғыта тепті. Сәнияның ептісі-ай. Сарт еткізіп, аяғын тоса қойып, кері тепті. Бұл таңқала қарап тұрғанда доп жанынан өтіп кетті. Сәния мәз бола күлді. Бұл доппен біраз айла жасай жүріп, қақпаға жақындап келеді. Бұл жолы соғатынына сенімді.

– Ой, ұят-ай! Қыз баласына доп соқпақсың ба?

Қараса, Қырғызбай ағай. Мектептегі ең жасы үлкен ұстаз. Жетпіске келіп қалса да мектепті қимай жүрген кісі.

– Кел, батыр болсаң, мен тұрайын қақпаға, кіргізе алар ма екенсің. Мен 47 жыл бұрын Қазақстан құрамасында ойнағанмын, маған жету қайда саған.

Бұл намыстанып қалды. Мына шалды-ай. Өзінен көрсін.Мені бір ши аяқ деп жүрген шығар. Бұл ағайды жаңылыстырмақшы болып, олай да, бұлай да допты қақпақылдап жүріп алды.

– Не болды, сонша бата алмай жүрсің бе? – Сәния жүгіріп келіп жармасты. Мұның бұтының арасынан айла жасап, демде допты аяғымен өзіне тартып алды да, тебе жөнелді. Бұл қанша қуалап допты алмақшы болса да, ала алмады. Не деген айлакер. Ағай болса жеңін түріп алып допты тосуда. Батыржан әрі қуалап, бері қуалап жете алмады. Кенет, сол аяғын соза бергенде оңбай құлады. Сол кезде қоңырау дауысы шықты. Ағай мен Сәния ештеңе естір емес. Ойларының бәрі допта. Бұл аяғын ауырсынып, дәлізге шықты. Сапаркүл апайы өтіп бара жатыр екен.

– Тез бар! Сабақтарың оныншы бөлмеде болатын болды. Батыржан оныншы бөлменің есігін тақылдатып, ішке кірді.

– Батыржан мұнда неге жүрсің? Сендердікі отызыншы бөлме емес пе еді? Бұл төртінші сынып қой, – деді Гүлдана апай орнынан тұрып. Шынымен де басқа сынып. Бұрыннан осы сыныптың бөлмесі болатын. Сапаркүл апайдың мұнысы несі. Қап сабақтан тағы кешікті-ау.

Өз сыныбына келгенше, сабақ басталғанына біраз уақыт өтіп кетті. Есікті тақылдатып ішке кірді. Ибадат апайының география сабағы. Үлкен картаны іліп тастапты.

– Сонымен Батыржан ұйқыңды қимадың ба? Неге кешіктің?

– Жо-жоқ! Мен бүгін ерте келгенмін!

– Иә, көріп тұрмыз, қалай ерте келгеніңді.

Сыныптастары күбірлесіп мәз болуда.

– Жоқ, ерте болған соң футбол ойнадық

– Өзіңмен өзің ойнадың ба? Сенен басқаның бәрі сабағында.

– Сәния, Қырғызбай ағай үшеуміз ойнадық. Олар әлі ойнап жатыр. Қоңырау соғылды десем, қарамайды. Мен кешікпейін деп, қоңырауға шығып едім, Сапаркүл апай басқа сыныпқа алдап жіберді. – Бұл тез-тез болған оқиғаны айтуда. Сыныбы қыран-топаң күліп жатыр.

– Қырық өтіріктен асып кетті сенің өтірігің. Сен қашан адам болар екенсің? Сәния, сен не дейсің?

 Қараса, Сәния майысып сабақта отыр. Тұрып басын шайқады.

– Апай, соған сеніп, менен сұрап отырсыз ба?

– Сәния, неге алдайсың? Айтсай Қырғызбай ағайдың да ойнағанын. Ол кісі 47 жыл бұрын Қазақстан құрамасында ойнаған. Сынып қыран-топан күлкіге батты.

– Отыр! Осы сабақтан кейін мектеп директорына барасың. Басқа өтірігің аздай енді құрметті ұстазды мазақтайын дедің бе?

***

Сабақтан кейін басқан аяғы кері кетіп, директордың бөлмесіне келді.

– Кел! – Директор мұны көріп ұшып тұрды. – Отыра ғой! Ау, сабаз, жарайсың! Естіп жатырмын! – Директор қарқылдап күліп алды. – Әсіресе, бізді телеарнадан көрсетті дегенің ұнады ғой маған. Біздің мектептің мақтанышына айналдың. Қырық өтірікті мүдірмей айтып, ханның қызын алған тазша баланы білесің ғой? Ал, талай елді өтірігімен қатырған барон Мюнхаузенді ше? Міне, сол кісілердің орнын басқан азамат, біздің мектептен шыққанына мен қуаныштымын. Ал, сен дайындал. Осы қалпыңнан тайма. Жақында басқа мектептерге өтіріктен жарысқа жіберемін. Жеңіп шығатыныңа жүз пайыз сенемін, – директор сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Қоңырау бағана болған. Бұл да қиялдап кеткен. Көз алдына біресе ханның сұлу қызын қолынан ұстап, топты жарып келе жатқаны келді… Бүкіл мектеп – ұстаздар, сыныптастары қақ жарылып жол беріп жатыр. Біресе Мюнхаузеннің бас киімін киіп, соныкіндей сұлу мұрты бар танауын шүйіріп тұрғаны келді. Сыныптастары бағанағыдай жарыла күлудің орнына іштері күйіп қарар еді.

Бұл көңілді келіп, сынып есігін тақылдатып ішке кірді.

– Иә, Батыржан, сонымен қайда жүрсің? Неге сен елден ерекше, ескертусіз кешігесің де жүресің? Ешкім білмейді,сұрасам.

– Бәрі біледі ғой, менің директор ағайдың алдында болғанымды. – Бұл сұраулы жүзбен сыныбына қарады. Бәрі енді естігендей иықтарын көтерді.

– Жарайы, директор не деді?

– Сол, мені мақтады. «Өтіріктен жарысқа барасың» деді, – бұл мақтана айтты. Сынып ішіне бомба жарылғандай болды. Бәрі қыран-топан күліп жатыр. Бұл түсінбей әр қайсысына бір қарайды. Апайы күлкіден екі иығы селкілдеп, көзінің жасын сүртуде. Бұл сүмірейіп, далаға шықты. Бүкіл ел бір өзіне қарсы. Бәрі өзін алдағысы келеді. Бұл дүниеде жалғыз қалғандай болды. Тіпті туған әке-шешесі мұны алдап кетті. Қалай дәттері барады. Кенет, тоқтай қалды. Бұл да оларды талай алдап еді-ау. Олар да осылай қынжылған шығар. «Мен қателік істеген екенмін ғой. Тез барып кешірім сұрайыншы». Әке-шешесін құшақтап, мына жалғыздықтан құтылғанша асықты. Мына жолдың тарын қарашы. Алдында бір қария кісі калошын тырпылдата басып, жол берер емес. Қолында үлкен, қабатталған терезе шынысы. Сытылып жанынан өтіп бара жатып, көзі түсті – қиналып әрең көтеріп бара жатыр екен. Өтіп кете беріп, қайта оралды.

– Әкеліңіз, көтерісейін. Қария шыныны беріп жатып, алғысын жаудырды. Бұлар шыныны әжейдің ауласына әкелгенде, бұл тоқтай қалды. Кеше, өзі терезесін сындырып кеткен үй еді бұл.

– Бір бұзылған бала қиратып, қашып кетті. Ұстап алсам, сабайтын едім, – деді әжей терезені көрсетіп. Бұл басын салбыратып, жерден таяқ әперді.

– Әжей, міне, сабай беріңіз. Мен байқамай допты қисық теуіп… Сонымен сындырған – мен. Кешіріңіз.

Әжейдің ашуы қайтты. Иілген басты қылыш шаппас.

– Жарайды, балам, кеш болса да, кешірім сұрағаның жетіп жатыр маған. Кешке көршім жұмыстан келген соң салып береді ғой. Үйіңе қайта ғой.

Кешеден бері естіген жылы сөзі еді бұл. Өзіне қолдарын шошайтып күлген достары келді көз алдына.

Үйінде, қолын жуып жатып айнаға қарады. Бейнесі де тікірейіп қарады. Бұл ойына түсіп, түйіле қарағанда, ол да түйіле бұған үңілді. Бәрі осы айнадан басталды емес пе? Бұл айнаның келесі бетіне өткен секілді болған…

– Сен бе? – деді бейнесіне. – Осының бәріне сен ғой кінәлі!

– Неге мен кінәлі? Өтірікті мен бе саған айтқызған? Сен шындықты сыйламаған соң, айнаның арғы бетіндегі жалған өмірді көрсін дедім. Өтірік ұнаса, қалуыңа болады.

– Жоқ, керек емес, маған өтірік! – Бұл жан ұшыра, екі қолын тіреп, айнаға үңілді. Кенет, лып етіп айнаның келесі бетіне өткенін байқады. Ал бейнесі, кешегідей кері өткендей болды.

Бұл үңіле қарады. Бейнесі де үңілді. Түк болмағандай бәрін қайталап тұр. Сұрақ қойса, сұрақ қояды, басын исе, иеді. Тағы түк түсінбеді. Бозарып жуынатын бөлмеден шықты. Мамасы ас бөлмесінен шығып келеді екен.

– Бар, тамағыңды іш. Ет қосылған картоп, – деді мамасы. Бұл мамасына сенбей, жанынан бажайлап қорқа басып өтті.

– Тоқташы, неге бозарып тұрсың? Ауырып қалғансың ба? – Мамасы басын ұстады. – Кеше кеш жатқандыкі ғой. Енді компьютерді жатарда қоспайсың, түсіндің бе?

Мамасы барып теледидар қосты. Бұл ақырын ғана, қазанды ашты. Шыныменен, ет қосылған картоп! Қарны ашқанын енді білді.

– Сәлеметсіздер ме, құрметті көрермендер! Бүгін бізде қонақта, атақты сиқыршы – Ардақ атай! – деді телебағдарлама жүргізуші.

Батыржанның қолынан шанышқысы түсіп кетті. Жүргізушінің жанында кеше мұның арқасына таяғын тіреген атай отыр еді. Бұған қарап ыржиды. Көзін қысып қойды.

– Сәлеметсіз бе? Кешіріңіз. Енді өтірік айтпаймын, – деді бұл.

– Білемін, – деді атай.

Анасы бұған таң қала қарап қалған.