Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, ұлттың жаңғыруы әрбіріміздің ұлтқа деген қызметімізден, сана-сезімімізден көрініс табады. Елге қызмет ету — қуаныш, елге сый көрсету — сүйініш. Біздің әрбір ісіміз талғамға, менталитетке сай болғаны – ерекше көңіл аударар тұс. Сондықтан, рухани жаңғыру қай кезеңде де керек етілетін құбылыс,-деді ол.
Ішкі туризмді дамытуға қатысты пікір білдірген Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мәмбетовтің сөзінше, 2021-2025 жылдары жаңа туристік нысандар салынып, 338 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ішкі туризм бойынша келушілер саны жылына 33,7 мыңнан 79,4 мың адамға артып, 100 млн.теңгеден астам бюджетке салықтың түсуіне үлкен мүмкіндік береді,- деді ол.
Сондай-ақ, Қ.Мәмбетовтің айтуынша, алдағы уақытта балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша «Жанды сабақтар» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Жоба аясында Атырау қаласының мектеп оқушыларына «Ембімұнайгаз» АҚ және Н.Балғымбаев атындағы интерактивті мұражайларына экскурсиялар ұйымдастырылады. Оған қоса, облыстың шалғай ауылдарындағы аз қамтылған отбасылардың балаларына мәдени-танымдық нысандарға экскурсия және отандық туроператорларға ақпараттық турлар ұйымдастыру жоспарлануда.
Ал, Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Дүйсекенова білім берудің барлық деңгейінде қоғамдық сананы жаңғырту, балалардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Құрманғазы мен Қызылқоға ауданы әкімдері өз аумақтары бойынша бұл бағыттағы жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
Руханиятқа қызмет – елге қызмет. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын тапсырамын. Үздік жобалар жоспарланып, жүзеге асырылуы қажет. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыста талапқа сай іске асырылуына оң ықпал етеді,-деді облыс басшысы.