Іле Алатауы тауларында турист жоғалып кетті

Іле Алатауы тауларында 27 жастағы жігіт жоғалып кетті. Ер адам Мәншүк Мәметова шыңына жалғыз аттанған.

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

18 шілдеде Республикалық жедел-құтқару жасағына Алматының төтенше жағдайлар департаментінен ер адамның тауда жоғалғаны туралы хабар түсті.

Мәншүк Мәметова көлінде түнеген 27 жастағы жігіт таңертең шыңға көтерілетінін айтқан. Кешке жақын турист досына хабарласып, шыңды бағындырғанын, бірақ оған көмек қажет екенін, өздігінен түсе алмайтынын ескерткен. Осыдан кейін ер адаммен байланыс үзілді, — делінген хабарламада.

Оқиға орнына республикалық жедел құтқару жасағының жедел тобы аттанды. Құтқарушылар альпинизм федерациясының (Тұйықсу базасы) альпинистерімен бірлесіп, іздестіруді бастады. Жедел топ Р№6 көліне дейін жетіп, М.Мәметова шыңына қарай жаяу жүріп шықты.

Ведомство ақпаратынша, құтқарушылар мұздықтың түбін барлап, мұздақтарды қарап шықты. Альпинистер Мәншүк Мәметова жотасының қырқасын асып өтті.

Белгілі болғандай, турист «Қазселденқорғау» жұмысшыларына сөмкесін қалдырып, 18 шілдеде түске қарай қайтатынын айтқан. Алайда жас жігіт сол күйі оралмады.

19 шілде таңертең РЖҚЖ-ның екінші жедел тобы шықты. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары «Қазавиақұтқару» тікұшағымен Мәншүк Мәметова шыңын ұшып өтіп жатыр.

Министрлік тауға шыққанда барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.