Алматыда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға World trend Strategies, Confidence World Group, HUBB international, Riviera imperial, Asteco және басқа үлестес компаниялардың инвестициялық жобаларына қаржы құюды ұсынған.

Бұл компаниялар заңды қызметтен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен сыйақы алуға кепілдік берген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына сәйкес World Business Consulting қызметінде қаржы пирамидасының белгілері анықталды. Қазір тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады агенттік.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды сақ болуға және өз жинағын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырды.

Сондай-ақ World Business Consulting қызметінің құрбаны болғандар Алматы қаласы бойынша Жібек Жолы даңғылы №127 үй мекенжайы бойынша экономикалық тергеу департаментіне немесе  8-775-923-40-90, 8 708 192 2818 телефондары бойынша хабарласа алады.

Басқа қала тұрғындары тиісті қаланың/облыстың қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаментіне жүгіне алады.