Бағаны төмендету үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының өсуі, ең әуелі, маусымдық сипатқа ие. Өндірушілердің сату бағасын көтеруіне де байланысты.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысы Жанна Тоқбаеваның айтуынша, аймақта баға белгілеудің егжей-тегжей талдауы жүргізілді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарығы қатысушылары бағаны өзара келісіп қоймас үшін әрбір тауар бойынша баға белгілеу тізбегі қаралды. «Анвар», «Дина», «Лидер», «Алтын Фуд», «Дана», «Нұр», «Аман» және «Грандмарт» сияқты облыстағы ірі сауда желілерімен бағаны төмендету және ұстап тұру туралы меморандум мерзімі ұзартылды. Оларға комплаенс табысталды. Жалпы, нарықтың 80%-і қамтылды, — дейді Жанна Тоқбаева.
Мұндай «айналым механизміне» жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Қазір барлық ірі сауда желісінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арнайы белгімен белгіленген. Оған қоса, тауар төмен бағамен сатылатын «Әлеуметтік бұрыш» жобасы іске қосылды.
Шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын белгілеу жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті. Бірінші отырысында тауық жұмыртқасының 10 данасына 453 теңге бекітілді. Бұл қаулы күшіне енді. Екіншісінде сұйық май бағасын бекіту бойынша шешім кейінге қалдырылды. Күн сайын, мереке күндері де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына және меморандум орындалуына мониторинг жүргізетін 8 жұмыс тобы құрылды, — дейді облыстың кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысы.
Бүгінде облыстың барлық ауданында апта сайын жәрмеңкелер өтіп жүр. Жыл басынан бері 196 жәрмеңке өткізілді.
Өңірдегі азық-түлік тауарлары бағасы не себепті өседі?
Маңғыстау облысындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы жоғарылауының мынадай себептері бар.
— импорт үлесінің жоғары болуы. Азық-түлік тауарлары шет елдерден немесе басқа өңірлерден тасымалданады. Өйткені жергілікті жерде азық-түлік аз өндіріледі.
— сауда инфрақұрылымының нашар дамуы (азық-түлік және көкөніс сақтайтын қоймалар мен тоңазытқыштардың аз болуы);
— аймақта заманауи көтерме тарату орталықтары мен коммуналдық базарлар жоқ;
— нарықта бағаның қалыптасуына тікелей әсер ететін көптеген делдалдың болуы;
— нарықта азық-түлік саласын сатумен айналысатын компаниялардың аз болып, бәсекелестіктің болмауы.
Мәселенің шешу жолы қайсы?
Жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу жолдары бар. Олар мыналар:
- Көтерме тарату орталығын, коммуналдық базар мен қоймалар салу;
- Маусымаралық баға өсімін болдырмау үшін тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын форвардтық сатып алуды жүзеге асыру;
- Маңғыстау облысының тамақ өнеркәсібін дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеу. Бұл жоспарды әзірлеу бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Жанна Тоқбаеваның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін Маңғыстау облысы әкімдігі тұрақты бақылап отыр.