— Qmedia school қандай мектеп? Бұл жобаны не себепті қолға алдыңыздар?

Qmedia school – 7-15 жас аралығындағы оқушыларды қазақ тілінде журналистика саласына баулиды. Баланың ерте кезден қабілеттерін ояту үшін және кішкентай кезінен журналист болғым келеді деген арманмен жүретін оқушыларға дәл сол арманды іске асырып көруге мүмкіндік сыйлайды. Жоба тек журналистика саласын ғана емес, тұлғалық даму идеясын негізге алған.

Біздің ғасырымыз жылдамдықты, тез өзгерісті талап етеді. Көптеген мамандықтың өзі сұраныстан шығып жатыр. Бізден кейінгі буын жаңа қабілет, жаңа технологияны игеру арқылы озады. Мектептің ашылу себебі де — осы.

— Оқушылардың тұлғалық дамуын жетілдіру не себепті маңызды деп есептедіңіздер?

— Алдымен тұлғалық даму дегеніміз не екеніне қысқаша тоқталып өтейін. Бұл — баланың мектеп кезінен-ақ өзіне не қажет екенін түсініп, уақытын тиімді пайдаланып, дұрыс ортамен және пайдалы біліммен сусындай алуы.

Балаларды мектеп жасынан бастап сыни ойлау, ойын ашық жеткізу, өзгеріс пен уақыт талабына бейімделуге ерте кезден үйрету қажет. Шетел тәжірибесі бұның пайдасын көрсетіп отыр. Біздегі оқушыларға да осы дүниелер жетпейді.

Qmedia school
Фото: Qmedia school

— Бұл жобаны жүргізіп отырған кімдер? Олар бұл бағытқа қандай мақсатпен келді?

— Жобаның негізін қалаушы  — мен Көгершін Тілегенқызы және серіктесім Айгерім Маякова. Командамызда  Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері, видеограф мамандар бар.

Университет бітіргеннен кейін «Амир» жалпы білім беру мектебін ашуға атсалыстым. Мектептегі негізгі қызметімді маркетолог ретінде бастап, директордың орынбасары ретінде жалғастырдым. Бастауыш сыныптарға арналған мектепте 300-ге жуық оқушы болды. Әр баланы жақын таныған сайын ата-аналарымен тығыз жұмыс істеу барысында қандай мәселелердің өзекті және сұранысқа ие екеніне көзің жетеді. Ал Qmedia school-ды ашу идеясы осы кезде пайда болды. Мамандығым журналист болғандықтан және балаларға дәл осы өнімді шығару барысында жақындай алатынымды түсіндім. Университет кезіннен бастап білім саласына араластым. Түрлі білім беру орталығында жұмыс істеп көрдім. Мамандығым педагогика саласына қатысты болмаса да, қабілеттерімді дәл осы салада көрсету және нәтижелі жұмыс істеу қолымнан келетінін түсіндім. Қазір Алматыда не көп — білім беру орталықтары көп. Саны артқан сайын сапасына да кепілдік жоқ. Ата-ана болса, баласының білімінен еш нәрсені аямайды. Қазір кез келген салада жақсы қаржы табуға болады. Саусағыңызды қимылдатып, сәл тер төксеңіз жеткілікті. Алайда білім саласы — баланың болашағы. Ол бизнес көзіне айналмауы керек деп ойлаймын. Журналистика мектебін ашып жүргізу айтарлықтай қаржы әкелмейтіні рас. Бірақ дәл осы сала арқылы жоғарыда атап өткен мәселелерді аздап болсын шеше алатынымызға сенімдімін.

Qmedia school
Көгершін Тілегенқызы оқушыларымен. Фото: Qmedia school

— Оқушыларға журналистиканы үйретудің маңызы қандай? Балалар мектепте қандай машықты үйреніп жатыр?

— Қазіргі балалардың уақытының басым көпшілігі ұялы телефонда, интернет желісінде өтеді. Балалардың қарайтын контентінің көбі орыс тілінде және онда өздері сияқты кішкентай балалар түрлі эксперимент, қызық ақпараттық видеолар ұсынады. Видеолардың қаралым саны да жоғары. Оқушыларды видео көруден шектей алмайсыз, дұрысы — басқа бағытын көрсету деп ойлаймын. Сол өнімді өздеріне жасатып көрудің маңызы зор. Журналистикаға ерте бастан келу арқылы, қатарластарына қазақ тіліндегі сапалы контент ұсынуды меңгереді.

Негізгі түрткі болған мәселелер мыналар:

  • балалар ойын қазақша жеткізе алмайды;
  • ата-аналардың басым көпшілік уақыты жұмыспен өтетіндіктен де болар, бала мен ата-ана арасында тығыз байланыс жоқ. Содан бала тұйық болып өседі;
  • ұялы телефонға тәуелді баланың мектеп кезінен кітап оқуға, білім алуға, ізденуге, еңбек етуге талпынысы онша болмайды.

Қазір оқушыларымыз журналистика мектебінде түрлі бағдарламаға түседі. Бағдарламалар әр баланың қызығушылығы мен қабілетіне байланысты ойластырылады. Бастапқы кезде блиц-сауалнама 2-3 минуттық жаңалықтар топтамасы, түрлі тақырыпқа танымдық видео, эксперименттер жасап көреді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от @q.media_school

Жобаны қолға алғалы бері оқушыларымыздың дайындаған материалдарын көрген, түрлі жоба авторынан да ұсыныс түсіп жатыр. Үздік шәкірттерімізді командаға алып, еліміз бойынша ірі жобалар мен әлеуметтік желі, Youtube-тағы арнамызға тұрақты, сапалы өнім жасауды ойластырып отырмыз.

Qmedia school
Фото: Qmedia school

— Білуімізше, журналистикадан бөлек басқа да бағыттарды қамтисыздар. Бағыттар оқушыларға қандай пайдасын тигізіп жатыр?

— Мектебімізге келген оқушы алғашқы айда актерлық шеберлік, шешендік өнер сияқты сабақтарды меңгереді. Әр оқушымен жеке жұмыс істеп, видеоға түсуге дайындаймыз. Кейін оқушы медиа-өнімдерді әзірлей бастайды. Арнайы мамандармен сөйлеу техникасы, фото-видео түсіру және өңдеу сияқты дағдыларды да меңгереді.

Балалардың өз ойын ашық жеткізу, дайын идеяға емес, өз қиялы мен қалауына сай жұмыс істеуін талап етеміз. Толықтай еркіндік беріледі, біздің тараптан қолдау және теория ұсынылады.

Qmedia school жұмысын бастағалы жарты жылдай ғана болғандықтан, айтарлықтай жетістіктер жоқ. Ең бастысы — шәкірттеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, бастапқы мақсаттарымыз орындалды.

— Балаларды мектепке қандай талаптар бойынша қабылдайсыздар?

— Мектепке кез келген оқушы кіре алады. Басты талап – ата-ана қалауымен емес, өз қалауымен келуі. Себебі көп жағдайда ата-ана баласы үшін шешім қабылдайды және баланың пікірі мен қалауы ескерілмей қалады.

Осы уақытқа дейін баласын мектебімізге берген ата-аналарымыздан қолдау және жылы лебіз ғана естіп келеміз. Басталғалы жарнама жасап, әлеуметтік желілерде таргет жіберу мүлде болмады. Көп шәкірттеріміз бір-біріне кеңес ету арқылы келеді.

Qmedia school
Фото: Qmedia school

— Қазіргі уақытта жазғы лагерь ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Лагеріңіздің қандай артықшылығы бар?

— Мектеп жұмысын 2021 жылы қаңтар айында бастады. Алғашқы шәкірттеріміздің өзі 4-5 ай бойы үзбей оқуын жалғастырды. Демек, балалардың көңілінен шықты және нәтиже бар. Жаз мезгілінде де оқытқысы келген ата-аналар көп болғандықтан да  ары қарай лагерь ретінде жалғастыру туралы ой пайда болды.

Жазғы оқу-сауықтыру лагерін өткізуді жоспарлаған кезде Айгерім ханым: «Көгершін, бұл лагерь тек табыс көру және уақыт өткізу мақсатында болмаса екен, біз балаларға тек демалыс емес, жаңа орта, құндылықтар және ұмытылмас естеліктер сыйлайық», — деген еді.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ге жуық бала демалды. Лагеріміз жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оған ата-аналардың жылы тілектері, балалардың қимастықпен жылап, ыстық құшақтары куә.

Лагерьге келіп әр бала жаңа достар табады. Ұялы телефонға тәуелділігінен сәл де болса алыстап, таза ауада демалады. Ата-аналардың пікірінше, Алматыдағы қазақ тілінде ұйымдастырылып жатқан бірден-бір лагерь. Тұйық, ойын айтудан ұялатын көптеген оқушымыз лагердің соңына қарай белсенді қатысып, ашылады. Күн сайын түрлі бағдарлама қарастырылған. Балалардың эмоцияларын жеткізіп, қабілеттерін ашып, ата-аналарына сезімін шынайы білдіру мақсатында видео түсіреміз, сұхбат аламыз, жаңалықтар түсіреміз.

Түрлі саланың мамандарын қонақ ретінде шақырып, балалармен тәжірибе алмасу жасаймыз. Шетел маманы ағылшын тілінен сабақ өткізеді. Балалардың қызығушылығы блогерлік, видео түсіру, фото-видео өңдеуге қарай ауған. Дәл сол өнімдерді қазақ тілінде, ұлттық құндылықтарымызға сүйене отырып, насихаттаймыз.

— Qmedia school-дың болашағы қандай? Жоспарыңызды бөлісіңізші.

— Qmedia school жаңа оқу жылында жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырады. Үлкен мақсаттарымыздың бірі – балалармен бірге әлемдік дәрежеде насихатталатын түрлі тілдегі контент дайындау және еліміз бойынша сапалы жас журналистерді оқыту.

— Сұхбатыңызға рақмет!