Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Спутник Лайт» Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуын және таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәжілісі хаттамасының және ҚР Үкіметінің «COVID-19-ға қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы»» қаулысына сәйкес, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының оң нәтижелі қорытындысы негізінде тіркелді, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Комитет уақытша тіркеу куәлігін 8 ай мерзімге берді.
«Спутник Лайт» — бұл SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирус инфекциясы профилактикасына арналған векторлық вакцина, бұлшықет ішіне енгізуге арналған 0,5 мл/доза ерітінді, өндірушісі — Ресей Федерациясы. Вакцина — «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті (26 серотипті адамның рекомбинантты аденовирусы (rАd26)). «Спутник Лайт» тиімділік көрсеткішінің иммунизация алудан кейін 28-күннен бастап 79,4% құрайтынын атап өтеміз. «Спутник Лайт» иммунизациясынан кейін күрделі жағымсыз реакциялардың тіркелмегенін атап көрсетуге болады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұл – Қазақстанда қолдануға мақұлданған осымен бесінші вакцина.
Бұрын елде қоланылатын вакциналар тізбесіне QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax және СоronaVac енгізілген.