Қазақстанның төрт өңірінде карантин шектеулері күшейеді

Коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 4 өңірде карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады.

Ел бойынша вирус жұқтыру мен өлім-жітімнің 55%-і Нұр-Сұлтан мен Шымкентте, Қарағанды және Атырау облыстарында тіркеліп отыр. Сондықтан комиссия осы өңірлерде карантинді қатаңдату туралы шешім шығарды.

Ashyq-қа қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысішілік, қалалық тұрақты және тұрақты емес (туристік) автобус және микроавтобус тасымалдары уақытша тоқтатылады.

Жабық жағажайлар мен аквапарктардың, аттракциондардың қызметі тоқтатылады.

Демалыс күндері Аshyq-қа қатысатынына қарамастан қоғамдық көліктің, сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, спорт объектілерінің (спорт кешендерінің, спорт мектептерінің, спорт клубтарының, жаттығу залдарының), қоғамдық тамақтану объектілерінің, фудкорттардың (тамақ жеткізуге рұқсат етіледі), фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру нысандарының, сауналардың, моншалардың, СПА-орталықтардың, бассейндердің, кинотеатрлардың, театрлардың, концерт залдарының, филармониялардың, цирктердің, алаңы 1 000 м² асатын азық-түлік емес тауарларды сататын объектілердің, ашық және жабық базарлардың, компьютерлік клубтардың, боулингтердің, бильярдтың, караокенің, түнгі клубтардың, білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің, балаларды дамыту орталықтарының, банктердің, ХҚО-лардың, Қазпошта бөлімшелерінің, діни нысандардың жұмысына тыйым салынады.

Жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін балалар ойын-сауық орталықтарының (ойын алаңдары, жабық ғимараттардағы аттракциондар), сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, ашық және жабық базарлардың қызметі шектелген. Жұмыс күндері сағат 17.00-ге дейін (Ashyq қатысушылары — сағат 20.00-ге дейін) қоғамдық тамақтану объектілерінің, фудкорттардың, фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, йога-орталықтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтарының, спорт объектілерінің, бассейндердің, кинотеатрлардың қызметі шектеледі.

Вакцина алған және соңғы 3 ай ішінде коронавирустан жазылып шыққан адамдарды қоспағанда, барлық ұйымдардың 80% қызметкері үшін қашықтан жұмыс істеу форматы енгізіледі.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне, орталық мемлекеттік органдарға денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарын жұмылдыру, оның ішінде резервтік төсек-орындарды, дәрі-дәрмектерді, жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтар мен кадрларды қамтамасыз ету бойынша барлық шара қабылдауды тапсырды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысына ерекше назар аудару керек.

Қазақстанда коронавирустың таралу қарқыны бойынша 12 өңір «қызыл» аймақта тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Сары» аймақта Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары, «жасыл» аймақта  Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары тұр.

Бүгінде 4,6 миллионнан астам адам немесе вакцина алуға тиіс адамдардың 46,5%-і бірінші компонентті, 2,5 миллионнан астам адам екінші компонентті алды.