Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен бірге барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысының айтуынша, Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.
Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, — деді ол.
Наурызбай қажы Тағанұлы сонымен бірге «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясы басталғанын айтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» атты қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтілетін болады. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол үшын созуға шақырамын, — деді бас мүфти.