Басты бетИракта коронавирус...

Иракта коронавирус госпиталінде болған өрттен 50 адам көз жұмды

Бұл туралы Ирактың INA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.

Дүйсенбі күні кешке Ирактың Ди-Кар прорвинциясына қарасты Насирия қаласында коронавирус инфекциясына шалдыққандарға арналған «Имам Хусейн» емханасында өрт басталды.

Жалын медицина мекемесінің барлық бөлімін шарпыған. Провинцияның денсаулық сақтау департаменті өрттің оттегі баллондары сақталып тұрған қоймадан басталғанын мәлімдеді.

Кейінгі мәлімет бойынша, өрт сөндірушілер ауруханада ондаған пациент пен қызметкерлердің шығар жолын бұғаттаған жалынның таралуын тоқтатты.

Провинцияда төтенше жағдай режимі жарияланған.

Оқиға орнына Ирактың премьер-министрі Мұстафа Казыми шығып, министрлер және қауіпсіздік қызметінің жоғары командованиесімен шұғыл кездесу өткізді.

Денсаулық сақтау департаментінен атап өткендей, дүйсенбі күні болған өрттен қаза болғандардың саны өсуі мүмкін, себебі көптеген пациент әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Олардың айтуынша, қаза болғандар арасында екі медицина қызметкері бар.

Осы арада аурухана алдында ашуға булыққан туыстар жиналып, полициямен қақтығысқа түсуі салдарынан полиция қызметінің екі көлігі өртенді, — деп хабарлады Reuters.

Иракта осыған ұқсас өрт оқиғасы алғаш рет болып тұрған жоқ. Сәуірде Бағдатта COVID-19 госпиталінде болған өрт салдарынан 82 адам қаза тауып, тағы 110-ы зардап шекті. Өрттің шығуына оттегі баллонының жарылуы себеп болған.