Жыл басынан бері 7 мыңға жуық адам «қандас» мәртебесін алды

Бұл туралы «Отандастар» қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 77,3 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі, яғни 76,3% — Өзбекстаннан келсе, 10,4% – Қытайдан, 6,2% – Түрікменстаннан, 2,7% – Моңғолиядан, 1,2% – Қырғызстан, 0,5% – Иран, 0,3% – Ауғанстан және қалған 2,5% басқа елдерден қоныс аударған, — делінген «Отандастар» қорының хабарламасында.

Елге келген этникалық қазақтар негізінен Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент қаласына қоныстанған.

2019 жылы 17 661 этникалық қазақ немесе 9 993 отбасы тарихи отанына оралды және қандас мәртебесіне ие болды.

Елімізде жыл сайынғы қандастарды қабылдау квотасы тоқтаған жоқ. 2019 жылы Үкімет қаулысымен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2 031 адам болды. 2020 жылы 13 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. Өткен жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (53,1%) — ҚХР-дан, 31,3% – Өзбекстаннан, 8,7% – Түркіменстаннан, 3,7% – Моңғолиядан және 3,3% — басқа елдерден келген. Олар негізінен Алматы, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында қоныстанды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 57,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 11%-ды құрайды, — делінген хабарламада.

2021 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, елімізде 6935 адам «қандас» мәртебесіне ие болды. Олардың ішінде 404 қандас Қазақстан азаматтығын алды.

2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 1 426 адамға жоспарланған: Ақмола облысы – 258 адам, Қостанай облысы – 350 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 195 адам, Солтүстік Қазақстан облысы – 123 адам, Павлодар облысы – 500 адам, — дейді «Отандастар» қоры.