Қазақстан майнерлердің шабуылы жиі тіркелген топ 5 елге кіреді

Лаборатория зерттеуіне сүйенсек, осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша Қазақстан криптовалюта шығаруға арналған майнер-бағдарламалардың шабуылы жиі тіркелген елдердің бестігіне кірді. Алғашқы төрт орында Ауғанстан, Эфиопия, Руанда, Өзбекстан бар. Жалпы наурызда дүниежүзі бойынша мұндай шабуыл жиі байқалды. Сарапшылардың пікірінше, бұл криптовалюталар бағасының өсуіне байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстан интернет арқылы вирус жұқтыру тәуекелі жоғары пайдаланушылар рейтингінде тоғызыншы орынға шықты. Жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда зиян бағдарламаларға тап болған пайдаланушылардың үлесі қандай да бір басқа елге қарағанда дәстүрлі түрде жоғары болды.

Қазақстандық балалар YouTube-те көп отырады

Касперский лабораториясы қазақстандық балалардың смартфоннан қандай қосымшаларға жиі кіретінін анықтады. 2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы сәуірге дейінгі аралықта басты орын YouTube-ке тиесілі. Оның үлесі ең танымал он қосымшаға кеткен уақыттың үштен бірін (31%) алады. Шамамен төрттен бір бөлігін (24%) WhatsApp және тағы 14%-ін Тикток иеленді. Мұндай нәтиже жалпы дүниежүзіндегі орташа көрсеткішке сай келеді.

Қазақстандық ТОП-10 қолданба қатарына аталғандардан бөлек Brawl Stars (6%), Roblox (7%) және Minecraft (2%) ойыны, Chrome браузері (7%), YouTube Kids (4%), Instagram (3%) және Likee (2%) әлеуметтік желісі кірді.

Интернетте танысу салыстырмалы түрде қауіпсіз бола түскен

Касперский компаниясы танысуға арналған қосымшалар 2017 жылмен салыстырғанда қаншалық қауіпсіз болғанын тексеріп көріпті. Зерттеу аясында Tinder, Bumble, OkCupid, Mamba, Pure, Feeld, Her, Happn және Badoo секілді дүниежүзіндегі ең танымал тоғыз қосымша қарастырылған.

Сарапшылар қазір таныстыру қызметі техника жағынан, әсіресе деректерді сақтау мәселесінде жақсы қорғалғанын байқап отыр. Бірақ бұл құпиялықтың қауіп-қатері де бар: мұндай қосымшаларда киберсталкинг (интернеттегі қудалау) және доксинг (адам туралы мәліметтерді оның беделіне зиян келтіру үшін келісімінсіз жариялау) қолдануға болатын жеке ақпараттар сақталады.

2017 жылы зерттелген тоғыз қосымшаның төртеуінде деректерді сақтап алуға болатын еді. 2021 жылы жағдай айтарлықтай жақсарған. Зерттелген қосымшалардың ешқайсысы HTTP-ді пайдаланбайды және хаттама қауіпсіз болмаса, деректер берілмейді.

Компания танысу қолданбаларының пайдаланушыларына мынадай кеңес береді:

  • профильде тым көп ақпарат бермеңіз (тегі, жұмыс беруші, достарымен фото, саяси көзқарастар);
  • әлеуметтік желідегі аккаунтты онлайн танысу қолданбасындағы профильдермен байланыстырмаңыз;
  • жүйе мүмкіндік берсе, орналасқан жеріңізді қолмен белгілеңіз;
  • мүмкіндігінше екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз;
  • қолданбаны пайдалануды тоқтатсаңыз, профильді өшіріңіз немесе жасырып қойыңыз.

Адамдардың 42%-і вакцина алған немесе антиденелері бар адамдармен ғана кездесуге дайын

Компания дүниежүзі бойынша онлайн танысу қызметін пайдаланушылар арасында сауалнама жүргізді. Осылайша мамандар адамдардың 42%-і вакцинацияланған немесе коронавирусқа қарсы антиденелері бар қыз-жігіттермен ғана кездесуге дайын екенін анықтады.

Пандемия өз дегенін жасады. Адамдар интернеттен өзіне серік табуда абай болуды жөн көреді. 2020 жылға дейін онлайн танысқандардың 16%-і ғана кездесуге барғысы келмесе, енді адамдардың үштен бірі (35%) виртуал сөйлесуді таңдап отыр. Қолданушылар бетпе-бет кездесуден ауруды жұқтыру қаупі немесе карантин шектеуі үшін ғана бас тартпайды. Оларды мына мәселе де мазалайды екен: Әр бесінші адам (18%) желіде танысқан адаммен бетпе-бет кездескен кезде өзін қауіпсіз сезінбейді. Ал қолданушылардың 65%-і жаңа таныс желідегідей болып шықпайтынынан қорқады, — дейді компания сарапшылары.

Қазақстандағы ата-ананың жартысынан көбі баласы IT саласында білім алғанын қалайды

Зертхананың сауалнамасы нәтижесінде Қазақстанда ата–аналардың 68%-і 15-18 жас аралығындағы балаларының ақпараттық технологиялар саласында білім алуын, техникалық жоғары оқу орнын немесе лицейді бітіргенін қалайтыны анықталды. Сауалнамаға қатысқан ересектердің 61%-і баласының болашақта IT саласында жұмыс істегенін қалайды. Ата-аналардың тағы 60%-і баланы кез келген техникалық үйірмеге, курсқа немесе онлайн сабаққа, мысалы, бағдарламалау, робототехника және басқаларға беру туралы ойлайды екен.