Басты бетҚоғамАтырауда Астана...

Атырауда Астана күніне баспана беріліп, бірқатар әлеуметтік нысан ашылды

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов білім, мәдениет және медицина саласында жұмыс істейтін бір топ жас маманға қызметтік баспана кілтін табыс етті.

Биыл ел болып Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын кең ауқымда атап өтіп жатырмыз. Осы кезеңде мемлекетіміз әлемдік деңгейде көптеген салада айтулы жетістікке жетті. Соның жарқын көрінісінің бірі – Арқа төсінде бой түзеген ару астанамыз. Елдігіміз бен жасампаз істеріміздің символына айналған әсем шаһар — бүгінде халқымыздың мақтанышы, — деді аймақ басшысы.

Ол жуырда халықаралық театр фестивалдерінде Түркия мен Ресейде екі бірдей бас жүлдеге ие болған Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры өнерпаздарын да марапаттады.

Облыс басшысы Атырауда жаңадан салынған колледж жатақханасының тұсауын кесті. 5 қабатты, 2 блоктан тұратын, 150 орындық жатақхана заманауи үлгіде жасақталған.

Бұдан соң өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен Орталық жүзу бассейні ашылу салтанатына қатысты.

Мұнда енді мыңға жуық жасөспірім мен тұрғын су спорты түрлерімен тегін шұғылданады. Біздің басты мақсатымыз да — азаматтарымыздың салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыста мемлекеттік тапсырыс негізінде 600-ден астам бала халықаралық стандартқа сай жүзу бассейнінде түрлі секцияға қатысады. Көп балалы, толық емес отбасы балаларына да жеңілдіктер қарастырылған.