Басты бетҚоғамАтырау облысы...

Атырау облысы әкімі Құрманғазы ескерткішіне гүл қойды

Ұлттық домбыра күніне арналып Құрманғазы ескерткіші алаңында өткен іс-шараға аймақ басшысымен бірге өңірдің зиялылары мен қоғам қайраткерлері, өнер саласы ардагерлері қатысты.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Тәуелсіздік жылдары ұлттық құндылықтардың ұлықталуына ерекше көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, домбыра күнінің мерекелер күнтізбесіне енуі — ұлттық руханиятқа соны серпін берген.

Домбыра – ұлттың үні мен жаны ғана емес, мыңдаған жыл бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан қастерлі қасиеті. Бағзы бабалардан жеткен басты байлығымыз. Сондықтан домбырасыз ұлт мәдениеті тарихын елестету мүмкін емес. Әрбір шаңырақтың төрінде тұруға тиіс айрықша аспабымызды ұлықтау арқылы ұлттық болмысымызды күшейте түсеміз, — деді облыс басшысы.

Ол ұлттық мереке күнін ел ағаларымен бірге ұлы күйші Құрманғазының ескерткішіне келіп, тағзым етумен бастаудың өзіндік себебіне тоқталды.

Атырау – ежелден күй елі. Ғасырдан ғасырға жеткен батыстың күй өнері тарихының тамыры тереңде. Киелі топырақтан Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Есбай мен Баламайсан, Қаршыға мен Рысбай, Әзидолла ағаларымыз бен қазақ күйінің қазіргі мақтанышы Айгүл шыққан. Сондықтан Атыраудың күйшілік өнері ұлттық мәдениеттің күре тамырларының бірі, — Махамбет Досмұхамедов.

Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Илья Жақанов ұлттық өнердегі домбыраның ролі, Атырау күйшілік мектебі туралы жан-жақты айтып берді. Іс-шара аясында жұртшылық назарына «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі бірнеше күй ұсынды.