Менің Сатыбалды деген есімім төл­құжатымда ғана жазылған. Ал айна­лам­дағылардың бәрі Сәкен дейді. Неге есі­мімді Сатыбалды қойған десеңіз, менің алдымда бес бала болған екен. Бірақ бәрі бір-екі жастан аспай, көз жұма беріпті. Оны біреулер көз тигеннен болды деп жатады, енді біреулер ауырды дейді… Содан әке-шешем мен туғанда Қарлығаш деген кіндік шешеме апарып, табыстаған екен. Қырық күн бойы анам сол кісінің үйіне қатынап, мені емізіп жүреді. Қырық күн толғанда ырымдап, өздеріне қайтып алмақ болады. Сөйтіп базардан сол кезде шығып жатқан «үйрек тұмсық» таразы алып келіп, мені бір жағына жатқызып, екінші жағына сол кездегі ең тапшы, бағалы деген заттардан қойып, теңшеп, мені «сатып алады». Содан соң есімімді Сатыбалды қояды. Онымен қоймай, құлағымды теседі. Шашымды алып, айдар қояды. Сол айдармен екінші сыныпқа барғанша жүрдім… Бірақ мені туғанымнан ешкім құжаттағы атыммен атаған емес. Бәрі Сәкен деді. Оқу орнында да, кино саласында да әріптестерім әлі күнге мені сол үйреншікті атпен атап келеді. Тек мені жақын танымайтын адамдар ғана құжаттағы есіміммен Сатыбалды дейді.

Барлық жазушы, суретші, режиссер, композитор үшін балалық шақ деген үлкен азық. Өзіңнің бұлағың ол. Бұлақ бастауың. Біріншіден, қашып құтылар қытай қорғаның. Балалық пәктікті аңсайсың, сағынасың. Айналаңдағыларды құбыжықтай көресің. Өз-өзіңді де құбыжық санайсың. Екінші жағынан, тазалық, адамның өзін-өзі тазартуы. Бір мүшел жас сайын адамның қаны тазарып тұрады дейді ғой. Өзіңді өзің жаңартып, тазартатын бір сәттер болады. Рентгенің де, камертоның да — сол балалық шағың. Балалық шақ кәдімгі аккумулятор сияқты.

Алматыда жүргенде мен екі университетте қатар оқыдым. Біреуі — КазГУ… КазГУ-де Зейнолла ағам. Қабдолов ағам дәріс берді, тәрбиеледі… Талғамды айтам… Үлкен әде­биетке деген талғам — сол Зейнолла ағамның еншісі. Ал екінші университет — Асқар ағам мен Әбіш ағам…

Қазір он баланың екеуі ауылдан келеді. Ауылда талантты, талапты бала көп. Солар естімей қала ма, оқуға тапсыруға көп келмейді. Академияға менің бір назым бар: оқытушылар жер-жерге барып, хабар айтса. Талантты балаларды жинаса. Кезінде біздің көп майталмандарымыз солай жиналған еді. Көбіне қалада өскен балалар оқуға түсіп жатады. Бұл, біріншіден, олардың ақпаратқа бірінші жететіндіктерінен. Интер­нет қолдарында, құлақтары түрік. Олар­ға қазақ әдебиетінен кімді біле­сің десең: Абай, Мұхтар, Мұ­қа­ға­лиды айтады. Түптеп сұ­рап қалсаң, тіпті оқымаған болып шығады.

Ауыл қазағы қалаға қарап бейім­деліп жатыр.

Өнерде, әдебиетте алғашқы шығарма­ла­ры­нда ұстаз тұтатын кісілеріне «еліктемедім» дей­тіндердің жаны шықсын!… Қанша күшенсек те, елік­теп кеткенімізді ешқайсымыз да байқап үлгер­мей қаламыз. Өздеріміз қазір пір тұтып жүрген ақбас аға­лар­дың алғашқы фильмдерінен шұ­қып тұрып көрсетуге бола­ды… Бірақ ол кімге керек? Неге керек?… Бастысы — Абай ата­мыз айтқандай: «үйрен де жирен» емес пе?…

Мен де әлі күнге ізденіс үстінде жүр­ген­дердің бірімін, кейде театр тілінде, кейде әде­биет тілінде «сөйлеп» кеткенімді байқамай қалам…

Біздер пікір айтудан гөрі үкім айтуға, мін іздеуге шеберміз. Алажіп кесер — вердикт айтуға әуеспіз! Неге бары­мызды бар деп айт­паймыз?… Ылғи да — байбалам…. Ылғи да — қу шөп­­пен ауыз сүрту…

Қазіргі жаңа деп жүргеніміз ескі екен. Абай олардың бәрін айтып кетіпті. Ал, керісінше, ескі деп менсінбейтіндеріміз дұрыс түсінсек жаңа екен. «Біз кімбіз?» деген бүгінгі ең өзекті сұрақ. Соған жауаптың бәрін Абайдың қара сөздерінен табамын.

Кино — іштен шыққан шұбар жылан. Кемшілігін өзім білемін. Содан болар өз туындымды екі реттен артық көре алмаймын. Алғашқы күні кемшілігін байқап шыр-пырым шығып, тіпті қан қысымым көтеріліп кетті. Екінші күні өзімді са­бырға шақырдым.

«Әдебиет — бәйбіше, кино — көңілдес» деген жас кездегі қызулықпен айтылған, досыма айта салған желікпе қалжың еді ғой… Ол сөздің қанат жайып кетерін мен бейбақ қайдан білейін… Есіме түссе, осы кезде ұяттан қызарып кетемін.

Кино маған материалдық жа­ғынан ештеңе бермеді. Қаржы — шығар­машылық үшін мотивация. Бала-шаға бар, немере өсіп қалды. Қа­зақстанда отыз шақты киностудия бар екен. Был­тыр «Қазақфильмге» жылына бір ғана фильм беріліп, қалғандарын сол жекеменшік киностудияға шашып тастаған. Мен ұлттық қазақ кино­сын өркендетуге бөлген қаржы жеке сту­дия­ларға бөлінбеу қажеттігін, олар­дың бізге дейін де өмір сүргенін, қазір де жағ­дайының жаман еместігін айтып, ұсыныспен шықтым. Дауысым қаттырақ шығып кеткен тәрізді.

Күнде өкінем. Неге десеңіз, әр фильмімнің арасында төрт-бес жылым өтіп жатыр. «Мұстафа Шоқайдан» соң жеті жылдан кейін «Аманат» түсірілді. Күттім мен, ақша қашан береді деп күттім… Менің Мәскеуде бірге оқыған бір курстасым өзінің 33 фильмін түсіріп, қазір 34 фильмін қолға алып отыр. Ал мен жеті-ақ фильм түсірдім. Қалай? Не үшін? Ол менің жалқаулығымнан ғана емес. Біздікі — күтумен өткен өмір. Осыған өкінем.

Менің мақсатым, біздің көрермен, қазақ өзінің өткеніне, тарихына, өзіне жиіркенбей қарай білсе екен деймін. Айнаға қарағанда өз бейнесін танымай, өзіне өзі үрген күшік сияқты болмай, өзінің балалығы мен бұрынғы тарихына құрметпен, ойлы көзбен қарай алатын деңгейге жетсек екен деймін.

Қазақтың тұлғалары жайлы кино түсiруге менiң бар өмiрiм жетпейдi. Кино әлі күнге дейін әдебиет пен театрдың арасында өз отауын тіккенмен, шаңырағын толық көтере алған жоқ.

Өзім жеткен ақиқат, актер өмірде көрермен назарына түскісі, біреу­лерге ұна­ғысы келіп тұрады. Актер үшін тар­тымдылықтың өзі — табыс. Жаны да, өзі де сұлу-сымбатты актер ағаларымыз бүгінге дейін кездесулерде өзіне назар аударылғанын қалап тұрады.

Адамның бәрі — жалғыз. Сіз де жалғыз­сыз, басқалар да. Сол жалғыздықтан құтылу үшін бәріміз бірдеңе іздейміз. Кітап оқимыз, еңбектенеміз. Демек, ғұламалар айтқандай, ізденіс жолындағы адам ғана жалғызсырамайды.

Мен үшін әрбір фильмім от ішіне кіріп шыққанмен бірдей.

Мен Хан Кенені түсіруге дайынмын. Өзім үшін де, тарих үшін де. Қазақ өзінің өткеніне, тарихына жиіркенбей қарай білсе игі. Айнаға қарағанда өз бейнесін танымай, өзіне-өзі үрген кү­шік сияқты болмай, өзінің балалығы мен бұрынғы тарихына құрметпен, ойлы көзбен қарай алатын деңгейге жет­сек екен деймін.

Кенесары туралы фильм түсіру — 20 жылдан бергі арманым. Путин тірі тұрғанда, айналайын, Кенесары туралы ешкім кино түсіргізбейді. Соғысты алдымен орыстан бастаймыз. Ал қазір орыспен ағайын болып отырмыз ғой. Сыпайылық керек дейді. Тарихи шындық айтылмайды. Астанада ескерткіші тұр. Ал кино түсіруге рұқсат жоқ. Қайтеміз енді?!

Әлихан Бөкейханды түсіргім келеді. Екіншісі — поляк Адольф Янушкевичтің күнделіктер мен хаттарын негізге алып жазылған сценарий бар, соны түсірсем дей­мін. Оны Нұрлан Санжар екеу­міз жаздық. Кенесары ханның дәуірі. Соңғы қазақ ханымен кездесіп, екі мұңлық сырласады. Сонда бұл «Аманатпен» диллогия болар еді.

Жас күнімде түсірсем деген фильмдерім көп болатын. Әлі де көп. Уақыт берсе… түсіремін.

Ұмытшақ емеспін. Ұмытпауға тиіс нәр­се­лерді ұмытпаймын. Өздігінен ұмытылатын дүниелер болады.

Темекі шеккеніме 45 жыл болды. Шартты рефлекс болып кетті. Дерт болып қалды. Қоя алмадым. Дәрігерлермен де, бір кісілермен де ақылдасып көрдім. Болмайды екен. Күніне 2 қорабын шегемін, түсірілім кезінде 3 қорап болып кетеді.

Кейін, қартайып, шау тартқанда отырып, көрген азабым мен жеткен жетістігімді пайызға салып санайтын шығармын.

Материал Astana-akshamy.kz, Egemen.kz, Abai.kz, Malim.kz, Azattyq-ruhy.kz порталдарында жарияланған мақалалар бойынша дайындалды.