Алматы — 2 вокзалы
Бізді Алматы-2 вокзалында Эльнард Алманиязов пен қызы Халиса күтіп алды. Әкесінің Instagram-аккаунтын осы Халиса жүргізеді. Эльнард ата пост мазмұнын баяндап береді екен. Кейде комментарийге де өзі жауап жазады. Халиса бізді таныстырып, шаруасы барын айтып, қоштасып кетті.
Эльнард Алманиязов студент күнінде, кейін ересек шағында барлық жерге осы вокзалдан аттанғанын айтады.
Ташкентте тудым. Кейін оқуға Алматыға түстім. Ата-анам көшті, ал мен туыстарымның үйінде қалғым келмеді. Сөйтіп, әке-шешеме еріп келдім. Бұрынғы Селхоз институтына түстім (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті — ред.). Сосын осы әсем қалада қалып қойдым. Ең сүйікті орным — Екінші вокзал. Бұл қаладағы ғана емес, елдегі ең әдемі вокзал дер едім. Троллейбусқа 3 тиын төлеп, қаланың кез келген бұрышына жетіп алатынбыз, — дейді өзі.
60-жылдарға дейін вокзалдың тек орталық кіреберісі болыпты. Кейін жан-жағында ғимараттар пайда болған.
Студент күнімде Ташкенттен келсем де, кейін іссапармен Мәскеу сияқты алыс қалалардан оралсам да, бірінші көретінім осы вокзал болатын. Алматыма жеткенімді пойыз Екінші вокзалға тоқтағанда сезінетінмін. Пойыздағы жолаушыларға сол кездері тек алма сатып жатушы еді. Әлі солай екен. Бұрын тор қапшыққа салып алып, вагондарға кіріп сататын. Қазір шелекпен алып жүреді. Айтпақшы, 1942 жылы «Машенько» деген фильм болды. Танымал еді. Соның кей кадры осы Екінші вокзалда түсірілген екен, — дейді ол.
Вокзалдың алдынан автобус, троллейбуспен қатар Алматы-1 вокзалына дейін баратын трамвай да жүріпті.
Бұрын Бірінші вокзал кіп-кішкентай еді. Адам қаптап жүреді. Аса бір тартпайтын. Өзі бір қабатты, айналасы балшық болып жататын. Қазір ғой өңі кіріп, өзгеріп кеткені. Бұл күні екі вокзалға да бармаймын. Қалада үйім бар, зейнеттегі адаммын. Бір жаққа бару қажеттігі жоқ, — дейді Эльнард Алманизяов.
Эльнард ата көлікте келе жатып, қаладағы бас даңғылдың бірі туралы сөз қозғады. 60-70-жылдары Абай даңғылы Арық көшесі деп аталған. Таудан келетін су даңғылдың екі жақ бетіндегі арықтың бойымен ағыпты. Оның бойындағы алма ағаштарынан жеміс төгіліп жатады екен.
Ал арыққа жаздыгүні бәрі шомыла беретін. Ол кезде қала қазіргі цирк тұрған жерге дейін ғана еді. Әрі қарай колхоз болып кетеді. Біздің жасымыздағы байырғы тұрғындар қаланың қазіргі өзгерісін аса жақтыра қоймайды. Ғимараттарды өзгертіп, көше аттарын ауыстырудың не қажеті бар деуі мүмкін. Мен әлі күнге дейін көшелерді Калинин, Ленин деп бұрынғы атауымен айтамын. Соған үйреніп кеткенбіз. Дегенмен қаланың өзгеріп, жаңарып отырғанын қолдаймын. Бір орында тұрып қалса, дамымас еді, осынша әдемі болмас еді, — дейді Эльнард ата.
Ол заманда қалада жер үйлер басым болыпты. Әр үйдің бау-бақшасы бар. Жеміс-жидектің түр-түрі өскен. Ал жоғарыдағы арық бойында өсіп тұратын алма ағаштары 70-жылдары кесіліп, орнына қара ағаштар егіліпті.
28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ
Бұрынырақта саябақ Вознесенский шіркеуі орналасқандықтан «Церковный парк» деп аталып кетіпті. Эльнар Алманиязов мұнда студент күнінде курстастарымен жиі келгенін айтады.
Аптасына бір-екі рет би кеші өтеді. Тегін. Одан қалмаймыз. Жастар көп. Би алаңында танысамыз, достасамыз, билейміз. Мен музыка тыңдау үшін келетінмін. Аса бір биші бола қоймадым. Шіркеудің оң жағында «Алматы» деген мейрамхана болды. Студент кезде соған бір-екі айда бір кіруші едік. Арақ-шарап ішпейміз. Ары кетсе бір рөмке сыра аламыз. Мейрамханадан бізді «старшактар» көріп қалса, «бұл жер не теңің» деп қуып шығатын. Кейін ол мейрамхана өртеніп кетті, — деп еске алады.
Мейрамхананың жанында «Алматы» деген кинотеатр болыпты. «Мосфильм», «Ленфильм», кейінірек «Қазақфильм» түсірген алғашқы кинокартиналар көбіне бірінші сол жерде көрсетіліпті.
Кеңес Одағы кезінде саябақтың айналасы биік қоршаумен қоршалыпты. Тәуелсіздік жылдары алынып тасталған және ішіне шамдар қойылған.
Мынадай әдемі гүлдер болмайтын, тек жасыл шөп еді. Бұрын мына көгершіндер шіркеудің шатырынан шықпайтын. Қазір адамдар нан шашып аулаға үйретіп алды, — дейді.
Вознесенский соборын инженер Андрей Зенков 1907 жылы салып бітірді. Тек ағаш шеге қолданып тұрғызылғандықтан шіркеу 1910 жылғы жер сілкінісінен аман қалыпты. Тек төбедегі айшық қисайған. Ғимарат жақында реконструкциядан өтті.
Абай атындағы опера және балет театры
Саябақтан шығып, Опера және балет тетарына жол тарттық.
Театр мен Алматы қонақүйінің ортасы қазіргі арбат сияқты болыпты. Оны бродуэй деп атаған. Көліктер жүрмеген. Кешке қарай жастар сәнденіп киініп, серуендеген екен.
Абылай хан көшесінен Панфилов көшесіне дейінгі аймақта қыдыратынбыз. Бұрышты Кооператор деген дүкен болды. Сондықтан Панфилов қиылысы емес, Кооператорға дейін деп айтатынбыз. Жастар барынша әдемі киініп шығуға тырысушы еді. Гитарамен ән айтады, кейде ішімдік ішіп, соңында төбелесіп кетеді. Жастық шақ сондай болады ғой, — дейді Эльнард ата.
Театр ғимараты 1941 жылы салынып бітті. Сол кезден бері сырт келбеті өзгермеген. Ғимараттың маңдайшасында тұрған суреттер де сол қалпы.
Эльнард Алманиязов Абай атындағы опера және балет театрына жұбайымен жиі келгенін айтады.
Бұрын тетарға гастроль сапарымен шетелден, Қазақстанның басқа қалаларынан түрлі шығармашылық ұжым келуші еді. Әйеліміз екеуіміз сондай концерттерден қалмаймыз. «Кармен», «Абай», «Онегин», «Қыз Жібек» сияқты атақты спектакльдерге күні бұрын билет алып қоятынбыз. Афиша шыға сала, алмасаң, таусылып кетеді. Қазір анда-санда бір келемін. Қойылымдар бұрынғыдай аса қызық емес. Мықтылар астанаға көшіп кетті, — дейді ол.
Эльнард Алманиязов оқытушы болып жүргенде осында студенттерін алып келеді екен.
Билет бағасы 1 сом еді. Студенттерімді алып келемін. Олардың операға кірігісі жоқ. Ондайына қарамаймын, түгел апарамын. Ауыл шаруашылығы мамандығында оқыса да мәдениеттен хабары болуы керек, — дейді Эльнард Алманиязов.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті
Театрдан шығып, ары қарай жол тарттық.
Эльнард Алманиязов бұл университетте 5 жыл студент болыпты, кейін 9 жыл сабақ берген. Зейнетке де осы жерден шыққанмын дейді. Сол үшін Алматыдағы ең сүйікті орындар қатарына қосып отыр.
Біз оқыған кезде университеттің алдында мынадай үлкен шыршалар жоқ еді. Сібірден әкеп отырғызды.
Александр Михайлович деген оқытушымыз болды. Емтихан аларда бір қорап бунақдене әкелетін. Сосын біреуінің тек аяғын, қанатын көрсетіп, «мынау қай бунақдененікі» деп сұрайды. Сол кісінің сабағын 1 ай тапсыра алмай жүрдік. Ұзақбай Жұмаділов деген әзілқой группаласымыз болды. Емтиханда ешқандай сұраққа жауап бере алмаған соң сынақ кітапшасын алды да, есікке бет алды. Александр Михайлович: «Әй, тоқта, қайда кеттің, аты-жөніңді айт», — деп айқайлады. Ұзақбай есіктен шығып кеткен, бір кезде аяғын шығарды да: «Кім екенімді табыңыз», — деді. Ақыр соңында тапсырды, әйтеуір, — дейді ол.
1961 жылы Эльнард Алманиязов пен бес-алты группаласын Есік қаласына практикаға жібереді. Көктем, бірақ тізеден келетін қар жауған. Жарық жоқ.
Ключко деген курстасымыз бар еді. Радиосы болатын, детектор қабылдағышы арқылы тек бір адам ести алады. Бір кезде орнынан атып тұрып: «Жігіттер ғарышқа адам ұшты!» — деп айқайлап жіберді. Сенбедік. Сосын радионы кезек-кезек құлағымызға тақап тыңдап шықтық. Рас екен. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанын солай білген едік, — деп еске алады.
Эльнард ата достарымен бірге практикада 6 ай істейді. Ол кезде колхоз болғандықтан құлпынай, таңқурай тергізеді. Онысына ақша алады екен.
Өзім қатал оқытушы болмадым. «Оқысаң, оқы, бағаңды ал. Оқымасаң, дайын болған кезде тапсыр». Осындай ұстаныммен жүрдім. Ешкімге екілік, үштік қойған емеспін. Ара қатынасты бағамен құртып не керек? — дейді бұрынғы оқытушы.
Орталық стадион
Эльнард Алманиязов «Қайрат» футбол клубының жанкүйері болыпты. Тіпті команданың ойынына жылдық абонемент сатып алып отырған екен.
Ол кездегі команда мықты еді ғой. Билет алуға таласатынбыз. Әкем де «Қайратты» қатты жақсы көрді. Жылдық абонементті бір-ақ алып тастауды сол кісіден көрдім. «Қайраттың» ойынына жылдап барып жүрдік. Стадионға 30 мың адам сыяды, ал ойынды көруге келген жұрт одан көп. Командамыз ылғи жеңетін, әр гол сайын айызымыз қанып, үйге өзіміз жеңгендей қайтушы едік, — дейді ол.
Эльнард ата кейін команда ойынын көруге бармай қойғанын айтады. Өйткені клуб құрамы өзгеріп, ойыны нашарлай бастапты.
Қазір стадионға баратын жұрт некен-саяқ. Әр жерде шоқиып-шоқиып отырады. «Қайрат» бұрынғыдай жақсы ойын көрсетсе, қалмай барып, Қоймай билет алушы едік. Ойынын көргенде «қарным ашады», сөйтіп «Қайратқа» барудан да қалдық, — дейді Эльнард Алманиязов.