Әкімдер сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары қашан басталады?

25 шілдеде Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 730 әкімін сайлауы тағайындалады.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

“Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфирден және баспасөзден орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей хабарлап, жариялауға тиіс, — делінген хабарламада.

Бұқаралық ақпарат құралдары эфир мен баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды (осы норманы бұзу лауазымды адамдарға — 30 АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).

“Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңның 27-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Айта кетсек, сайлау алдындағы үгіт 14 шілде жергілікті сағат 18.00-ден кейін басталып, 24 шілде жергілікті сағат 00.00-де аяқталады.