— Данияр, алғаш АҚШ-қа оқуға тапсырғанда кім көмектесті? Әлде бүкіл құжатты өзің рәсімдедің бе?

— Осы жерде айта кетер маңызды дүние: АҚШ-қа бару үшін адам құжатын өзі-ақ рәсімдей алады. Қазір агенттіктерге жүгінетіндер көп қой. Бірақ олай жасап, көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ дер едім.

Мысалы, АҚШ-қа керек құжаттың бірі — i94. Мұны арнайы сайтқа жеке сәйкестендіру нөміріңізді жазып, оп-оңай ала аласыз. Бұл құжат адам АҚШ-қа қашан кіріп-шыққанын көрсетеді. Бірде танысым осы құжатты агенттік арқылы алғысы келді. Ондағылар i94-ті 400 долларға жасап береміз депті. Сосын жерлесіміз бізге хабарласып, сұрады. Көмектесіп жібердік. Есесіне ақшасы қалтасында қалды.

Визаны да әр адам өзі жасай алады, АҚШ елшілігінің сайтында бәрі түсінікті жазылған. Сұхбаттасуды да тек Алматыда емес, Нұр-Cұлтанда да өткізуге болады. Егер Алматыда адам көп болып, кезек ұзақ болса, Нұр-Сұлтанға барып та, әңгімелесе аласыз. Оған ақша төлемейді.

— Бұл агенттіктердің сұранысқа ие болу себебі неде деп ойлайсың?

— Құжат жинау — әрдайым уақыт кетіріп, жүйке жұқартатын іс. Оның үстіне басқа елдің жүйесі де өзгеше: түсінбейтін дүниелер болуы мүмкін. Сондықтан агенттікке барады ғой. Бірақ адам ерінбей, ізденсе, елшілікпен байланыса алса, қиын емес.

Алғаш АҚШ-қа үш жігіт болып дайындалдық. Үнемі ақылдасып, түсінбеген нәрсені сұрап, бірге талқылап отырдық. Түсініксіз нәрсені АҚШ елшілігіне хабарласып, сұрауға болады.

АҚШ-қа оқуға түсерде талапкер уәждемелік хат жазса, оқу ақысына жеңілдік беріледі. Осы мүмкіндікті біразы пайдаланбайтынын байқап жүрмін. Негізі жақсылап ізденіп, ойланып, ерекше оқиғасын жазып жіберсе, оқу орны ақыны жартылай ғана төлеуге мүмкіндік береді. Өзім бакалаврға түсерде мотивация хатын жаздым да, оқу ақысына 50% жеңілдік алдым. Оқуда жеткен жетістіктер туралы жаздым, ұнаған болуы керек.

Тіпті университетке түсе алмаған адамдар да осындай хат дайындап, оқуға мүмкіндік алып жатады. Әрине, Гарвард сияқты аса танымал, үлкен университеттер үшін адамның өзі де, оқиғасы да ерекше болуға тиіс. Университетке де оқу орнының атын шығаратын адам керек. Адамзатқа ортақ әлдебір мәселені байқап, шешім ұсынуға болады. Мотивация хатының интернетте үлгісі көп.

— Оқуға қабылданған соң қалай жеттіңдер? Өз тәжірибеңнен лайфхак айтасың ба?

— Көбі АҚШ-қа ұшақ билетін баруға да, қайтуға да сатып алады. Негізі Қазақстаннан тек бару билетін алса, жеткілікті. Себебі ол жақтан үйге қайту арзанырақ шығады.

Сосын аэропортта жүктің қай жерге дейін баратынын сұрап алу керек. Кейде шабадан басқа елге, қалаға кетіп қалып жатады. Мысалы, алғаш АҚШ-қа ұшып барғанда солай болды. Ал онда тексергенде көрсететін маңызды құжатым бар еді. Сол себепті кей аэропортта ұзақ сөйлесуге, құжатымның сөмкемде қалып қойғанын түсіндіруге тура келді. Бағыма орай, бәрі түзеліп кетті.

— Үш жігіт АҚШ-қа жеттіңдер, әрі қарай не болды?

— Ресми түрде оқуға қабылданған студент болған соң бізді күтіп алып, жатақханаға апарды. «Қайда барамыз, не істейміз?» деп сандала қоймадық.

Оқуға келген студенттерге тек кампустың ішінде жұмыс істеуге рұқсат. Бірақ біраз қазақ ақша табудың, күнкөрістің қамымен оқу орнына білдірмей, басқа жақта қызмет қылып жүрді. Көбіне мигранттарды valet parking, яғни көлік қою қызметінде кезіктіруге болады. Егер оқу орны студент сыртта жұмыс істеп жүргенін көрсе, депортациялайды. Ондай жағдайда АҚШ-қа оралу қиындайды.

Бірде Қазақстаннан green карта ұтып алған адам келді. Green картаны АҚШ жұмыс істегісі келген мигранттарға береді. Ал отандасымыз оны алып, әрі қарай не болатынын білмей, ұшып келе салған. Бізге хабарласыпты, пәтерімізде болды.

Тұратын жерге орналасқан соң жергілікті банктен карта алу керек. Сосын келген адамның жасы 18-ден асса, жүргізуші куәлігін жасату қажет. Оны Қазақстанда алса, АҚШ-қа келген соң екі ай ішінде көлік айдауға болады. Тек сақтандыру төлемі қымбатырақ шығады.

Данияр Қайырболатов
Данияр Қайырболатов. Фото жеке архивінен

— Студентке жүргізуші куәлігі қаншалық керек?

— Басқа штаттарда сабаққа, жұмысқа жаяу немесе қоғамдық көлікпен баруға ыңғай бар шығар. Мысалы, Калифорния жақта жағдай басқаша, автобуспен жүру ыңғайлы. Бірақ мен тұратын Хьюстонда (Техас штатының бір қаласы) жаяу-жалпылатсаң ыңғайсыз. Себебі оқу орны мен пәтер арасы алыс. Ал метро, автобус аса дами қоймаған. Автобусты бір жіберіп алсаңыз, 2-3 сағатта бір-ақ келеді. Сондықтан студенттер таксимен жүреді я көлік айдайды.

Бір рет қазақстандық жігіт көлік сатып алды. Оны бірге айдап алып келуге досын шақырған. Барып, бәрін тексеріп, ақшасын төледі. Үйге алып келе жатқанда жолда апатқа ұшырады. АҚШ бағдаршамы біздікінен сәл басқаша. Қазақстанда бағдаршамның астына тоқтауға болады. Ал Америкада ол жолдың арғы бетінде орналасқан, яғни көлік жетпей тоқтауы керек. Жігіттер соны ескермеген. Біреу-міреу жараланса немесе қаза болса, рөлдегі адамды АҚШ еліне қайтармай қоюы да мүмкін. Бірақ мына жағдайда жергілікті қазақ ағадан көмек сұрап, екінші жақпен келісіп, мәселені шеше алды. Ең бастысы ешкім зиян шеккен жоқ.

— Жатақхана ыңғайлы ма, пәтер ме?

— Жатақханамен салыстырғанда пәтер ақысы арзан. Айтпақшы, мұнда пәтер жалдау жүйесі басқаша. Пәтерде тұрғың келсе, әуелі кредит карта рәсімдеу керек. Сол арқылы төлем қабілетіңізді анықтап барып пәтерді береді. Кредит картаны кәдімгі банк картасын алған кезде жасатуға болады. Бірақ оны тек жұмыс істейтін жан ала алады.

Мұнда адамды кредит картасына қарай бағалайды десем, артық болмас. «Кредит картаң қандай, сен де сондайсың» деген сөз тарап кеткен. Кампуста жұмыс істейтін студент кредит картаны университет арқылы алады. Ол картаның құпия нөмірі бар. Қандай жұмысқа барсаңыз да, осы нөмірді айтып, төлем қабілетіңізді, тарихыңызды жақсарта бересіз. Пәтерді де сол арқылы жалдай аласыз. Оны таза ұстамай, ақшасын төлемей, қожайынға жағымсыз жағдай жасасаңыз, бәрі кредит картаңызда жазылады. Келесіде пәтер жалдау, орналасу қиындайды.

— Қауіпсіз ауданнан жақсы пәтерді қалай іздейді?

— Әдетте қауіпсіз, орталықта орналасқан пәтердің бағасы қымбатырақ. Арзан болса, демек бір кілтипан болуы мүмкін. Сонымен қатар интернетте жақсы аймақтардың, қауіпсіз көшелердің тізімі бар.Үйді алу тым оңай болып кетсе, күдіктене беруге болады.

Біз алғаш келгенде қазақ ағайлар көмектесті. «Жұмыс істейтін болсаңдар, мамандық бойынша орналасуға тырысыңдар» деді. Себебі біразы Америкаға оқуға келіп, аз болса да ақша табуға ұмтылады. Сосын рұқсатсыз жұмыс істеп, бүкіл өмірі күнкөріске айналып жатады. Университет бітірген кезде не білім алғанын ұқпай қайтатын көрінеді. Бір жағынан, мұнда стипендия да беріле бермейді. Өзім де ақылы оқыдым, жақсы оқуымның арқасында жеңілдіктер де алып отырдым. Бір рет университет оқу ақысына 80% жеңілдік жасады.

Сондықтан ақша табудың студент үшін оңтайлы нұсқасы – кампуста жұмыс істеу. Ақша да табасыз, сабаққа да үлгересіз. Мысалы, жаңадан келген студенттерге ментор бола аласыз. Аптасына 20 cағат жұмыс істейсіз, кампустан шықпай-ақ қоюға болады.

— Жұмыс істеуге тағы қандай мүмкіндіктер бар?

— Сырттан келген студенттердің жұмыс істеуге арналған CPT және OPT деген жүйелер ібар. CPT (Curricular practical training) — оқып жүріп, 20 cағат жұмыс істеуге мүмкіндік алу. Бірақ ол бойынша тек мамандыққа қатысты жұмыс істеу шарт. Сондықтан CPT жалпы сабаққа қосылып кетеді әрі бір жылдан аспауы керек. Ал жұмыс мерзімі жылдан асып кетсе, OPT-мен жұмысқа тұру мүмкіндігінен айырыласыз.

OPT-ға (Optional practical training) келейік. Егер студент жаратылыстану бағытындағы мамандықты оқып, бакалавр бітірсе, оның үш жыл OPT алуына мүмкіндігі бар. Кез келген компанияда өз мамандығымен жұмыс істей алады. Ал бизнес, қаржы саласында оқыса, тек бір жыл жұмыс істей алады. Ескеретін жағдай бар. OPT жүйесіне оқу бітірмей тұрып, 90 күнде өтініш берген дұрыс. Содан кейін тағы үш айда жұмысқа орналасу керек. Жұмыс табылмаса, қайтуға тура келеді.

— Оқып, жұмыс істей алмай қайтатындар көп пе?

— Әрине, бар. Оқып жүріп, ақша жетпей, қиналып, қарапайым жұмыс істеп кеткен адам көп. Солар оқуды бітірген соң мамандық бойынша жұмысқа тұра алмай жатады. Тіпті көбі тамақ жеткізетін курьер болып жұмыс істейді. Әу баста неге келгенін ұмытып кетеді. Сосын мамандық бойынша жақсы компанияда қызмет етіп жүргендерге қарап, қызығады.

Мысалы, бір танысымыз АҚШ-қа келгелі гастарбайтер болып жұмыс істеді. Колледжді де тиянақты оқи алмады. Үш жылын босқа өткізгендей болды. Қазір Қазақстанға қайтып бара жатыр. Елде оқыса, аздап басқаша болар еді. Сондықтан кезіккен жерлестерімізге «Сабақ оқыңдар, білім алыңдар» деп жиі айтамыз. Себебі төрт жыл оқуға жұмсаған ақшаны мұнда бір жыл, тіпті 4-5 ай жұмыс істеп, табуға болады.

— АҚШ университеттері жұмысқа қажет білімді жеткілікті деңгейде бере ме?

— Ешқандай оқу орны адамды білімді, қабілетті маман етіп шығара алмайды. Бәрібір қосымша ізденіп, өзін шыңдап, тәжірибе жинап маманға айналу керек. Шетелде ғана білімді жақсы береді деп сене беруге болмайды.

Шетелде жұмысқа тұруда бәсекелестік бар. Бір орынға бірнеше адам таласады, өзін жақсы көрсете алғаны, мықтысы қабылданады. Соған байланысты шығар, ешкім тек оқу орнының біліміне сеніп қалмайды. Қосымша көп ізденеді. Ал Қазақстанда вакансия толып тұруы мүмкін, бірақ көбі бармайтын сияқты.

Өзім қазақы отбасында өскендіктен ата-анамның қасында болуым керек деп ойлаймын. Америкада ұзақ тұра алмаймын, елге қайтамын. Айтпақшы, мұнда жұмыс істегенім үшін салықты көбірек төлеймін. Жалақымның 24%-ін ұстап қалады. Оның үстіне пәтерді жалға алу, бензин, жүріп-тұру, тамақ – бәрі қымбатырақ. Туыстармен жақын араласу деген жоқ. Жұмыстан шығып қалса, адам оп-оңай қаңғырып кетеді, далада қалады. Ал Қазақстанда қиналсаң да, отбасың, достарың, туысың көмектеседі. Бізде аса байымасаң да, далада қалу ықтималдығы төмен.