Витилиго қандай ауру?
Витилигоны қазақша кейде «алапес» деп атап жатады. Меніңше, бұл аударма – қате. Алапес (лепра) – адам денесіне жара тәріздес қабыршақ шығатын, бактерия тудыратын жұқпалы ауру. Бұрын алапес емделмейтін, сондықтан оған шалдыққандарды оқшаулайтын. Қазір бұл ауру сирек кездеседі. Десе де өте қауіпті әрі емделуі қиын дерт.
Ал витилиго немесе қазақша ақтаңдақ – терінің белгілі бөліктерінің айқын, толық ағаруы. Әйгілі әнші Майкл Джексонда витилиго болған. Ол қаранәсілді адам болғандықтан денесінің көп бөлігі ағарып, қатты білінген. Майкл Джексонның өмір сүрген уақытында витилигоны емдеу әдісі болмады. Сол себепті әнші денені толық ағарту процесіне жүгінді.
Ол неден пайда болады?
Витилиго – аутоиммунды ауру. Ғалымдар әлі күнге оның нақты пайда болу себебін зерттеп келеді. Бірақ осы зерттеу жұмыстарында жарияланған статистикаға сүйене отырып, бірнеше болжам жасауға болады.
Бірінші мүмкін себеп – күйзеліс. Адам өмірінде қиын оқиғаға тап болып, соның кесірінен қатты күйзеліске ұшыраса, денесінде витилиго пайда болуы мүмкін. Әр адамның эмоционал және психология жағдайы әртүрлі. Сондықтан өмірдегі түрлі оқиғаны, кезеңді әрқалай өткереді. Біреу жақыны қайтыс болғанда, енді біреуі отбасы мәселесінен қатты күйзелуі мүмкін. Мәселен, мені 11 сыныпта ҰБТ-да жоғары балл жинау, алтын белгіні ақтау мақсаты қатты уайымға салды. Ақыры витилиго шығып, терімнің түсі ағара бастады.
АҚШ ғалымы, ұстазым доктор Каролин Ле Пул өз зерттеуінде адамға витилиго көбіне екі кезеңде шығатынын байқаған. біріншісі – жасөспірім шақ. Бұл уақытта гормонал өзгерістер болып, адам эмоцияға көп беріледі. Екіншісі – 45-55 жас аралығы. Бұл кезде де биологиялық тұрғыдан ағза өзгеріске ұшырайды, әйелдерде етеккір циклі тоқтайды. Осы екі кезеңде витилиго жиі кездеседі екен.
Екінші мүмкін себеп – тұқым қуалау. Осы сұрақ көбін мазалайды. Статистика мәліметіне сүйенсек, витилигомен ауыратын науқастардың шамамен 30-35%-інің, яғни үш науқастың бірінің туысында витилиго бар. Мысалы, сізде витилиго болса, балаңызда витилиго болу ықтималы – 5-6%. Яғни 20 балаңыз болса, оның бірінде ғана витилиго дамуы мүмкін. Яғни ықтимал деңгейі төмен.
Үшінші мүмкін себеп – инфекция салдары. Адам түрлі инфекция жұқтырады. Сәйкесінше, онымен ағзамыз күресуге тырысады. Бірақ организм мен инфекция арасында ұқсас нәруыздар немесе антигендер кездесіп жатады. Осының нәтижесінде кей жағдайда біздің иммунитет ағзаның нәруызын инфекцияныкімен шатастырып, өзіміздің жасушаларды, соның ішінде меланоциттерді қателесіп жойып жіберуі мүмкін. Мұндай жағдайда да адам денесіне витилиго шығып жатады.
Қазақтар “ақ пен балықты араластырып жегеннен витилиго пайда болады” дейді. Меніңше, бұл – жаңсақ пікір. Оның үстіне бұл теория ғылыми тұрғыдан нақты дәлелбенген.
Витилиго жұға ма?
Кей дерматолог «витилиго бауыр ауруының салдарынан немесе адам ішіне құрт түскендіктен пайда болады” деп айтады екен. Мұның барлығы – миф. Витилиго жұқпайды, одан адам қайтыс болмайды. Қалыпты жағдайда, ішкі ағзаға ешқандай әсер етпейді. Тек тері түсі ағарады. Витилиго дененің кез келген бөлігіндегі терісін ағартуы мүмкін. Егер адамның бас терісі ағарса, онда өскен шаш қана ағарады.
Витилигосы бар адамға қандай ауа райы қолайлы?
Жалпы тері түсінің қызметі – күннен қорғау. Қаранәсілділер Африканың ыстығына қалай шыдайды? Себебі оларда теріге түс беретін, күннен қорғайтын меланин деген пигменттің деңгейі жоғары. Ал витилиго бар жерде күннен келетін ультракүлгін сәулесінен ешқандай қорғаныш жоқ. Сондықтан ағарған тері ыстық күнде лезде күйіп кетеді.
Витилигосы бар адамға әлемнің кез келген жерінде өмір сүруге болады. Бірақ витилиго үшін күн сәулесі аз мөлшерде (~10 мин), таңертең немесе кешке пайдалы, бірақ ұзақ мерзімде қауіпті екенін ұмытпаған жөн.
Күндіз ультракүлгін сәулесінің деңгейі жоғары. Сондықтан витилигосы бар адам бұл кезде күн астында көп жүрмеуі керек. Қазір ұялы телефоннан ауа райын бақылауға болады. Егер ультракүлгін индексі 1 болса, онда қауіп азырақ. Ал егер көрсеткіш 6, 7, 8-ге жетсе, ол адам денесін күйдіріп жібереді. Сондықтан кешке, күннің әсері аздау кезде сыртқа шыққан жөн.
Күннің астында 10 минуттан астам отырмауға кеңес беремін. Өйткені бұл уақыт ішінде адам денесі күйіп үлгермейді. Күндіз күннен қорғайтын SPF30 немесе SPF50 кремін жағып жүрген дұрыс.
Витилигосы бар адамға вакцина алуға бола ма?
Коронавирус инфекциясына қарсы екпе жаңадан шыққан соң оның витилигосы бар адамдарға әсері зерттеліп үлгермеді. Бірақ әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары вирусқа қарсы екпе салдырған жөн деп санайды. Себебі ағзаға вирус түссе, адам иммунитеті қозып, иммун жауабы күшеюі мүмкін. Соның кесірінен витилиго ұлғайып кетуі ықтимал.
Витилигосы бар адамды қоғам қалай қабылдайды?
Витилиго туралы қауесет-әңгіме, миф көп. Соның кесірінен мұндай адамдарға эмоционал жағынан қиын. Біздің қоғамда олардың кейбірі қарым-қатынас пен тұрмыс құруда қиын мәселеге тап болады. Өйткені адамдар сескенеді, қорқады.
Шымкент маңында тұратын бір апада витилиго бар. Сол кісі “ертең құдаларым бұл ауру ұрпақтарына тарайды, жұғады деп ойлайтын болады ғой” деп уайымдайды. Апаның бұл сөзінің өзі оның қоғамның оған деген көзқарасын, оның психологиялық жағдайын көрсетіп тұр.
Дегенмен бұл тенденция ақырындап азайып келеді. Мәселен жақында АҚШ-та витилигосы бар модель Винни Харлоу подиумға шығып, баршаны тәнтті етті. Оның қайсарлығы, қаймықпай ел алдына шығуы басқа витилигосы бар адамдарға мотивация берді.
Меніңше, біз витилиго туралы көп шынайы ақпарат таратуымыз керек. Бұл шара витилигосы бар адамдардың өмірін жеңілдетеді, қоғам оларды қабылдап үйренеді, мемлекет те аурудың қаншалық маңызды әрі өзекті екенін түсіне бастайды.
Витилигоны емдеуге бола ма?
Витилиго толық емделеді деп айта алмаймыз. Себебі оның нақты емдеу әдісін ғалымдар тапқан жоқ. Бір адамдар ине салдырып емделді, басқаларына ол көмегін бермеді. Мен еліміздегі Ақтас деген жердегі суды ішіп, айықтым. Бірақ біреулерге ол су да көмектеспеді. Қазір денемде витилиго жоқ. Бірақ ол нақты судың әсері деп тағы да кесіп айта алмаймын. Келешекте сол Ақтастағы судың құрамын зерттеп көргім келеді.
Жалпы дүниежүзінде және Қазақстанда витилигоны зерттеуге қаражат аз немесе тіпті бөлінбейді. Көбіне ісік ауруы, қант диабеті секілді адамның өміріне қауіпті ауру түрлерін зерттеуге көп қаражат бөлінеді. Ал витилигоны, өкінішке қарай, ондай маңызды ауру деп санамайды.
2017 жылы витилигоны зерттеуге қолдау керек екенін айтып, мемлекеттен бөлінетін зерттеу грантына қатысқан болатынбыз . Бірақ “бұл аурудың қоғамда атап айтарлықтай маңызы жоқ” деген мысқыл ретіне жауап алдық. Мен бұл оймен келіспеймін. Әрине, витилигодан адам қайтыс болмайтын шығар. Алайда адам қаншама эмоционал, психология тұрғысынан қиын жағдайдан өтеді. Осыны ескерсе екен деймін.
Бұған қарамастан ғалымдар витилигомен күресуді тоқтатқан емес. Мәселен, жақында “руксолитиниб” деп аталатын крем жасалды. Бұл крем АҚШ-тағы клиника сынағының ІІ кезеңінен сәтті өтті. 104 апта ішінде витилигомен ауыратын науқастардың (51%) терісіндегі ақ дақтар кетіп, тері түсі бұрынғы қалыпқа келе бастады. Қазіргі кезде клиника сынағының үшінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Егер ол сынақ сәтті өтсе, крем саудаға шығады.
Сонымен бірге Доктор Каролин Ле Пул және басқа да АҚШ ғалымдарымен бірігіп, витилигоны емдеуге арналған инновациялық гендік терапия жасап жатырмыз. Қазір АҚШ-та азық-түлік және дәрі-дәрмектерді басқару (FDA) құзырлы мекемесінің жаңа зерттелетін дәріні (IND application) клиника сынағынан, яғни адамдарда өткізу үшін рұқсатнама алу мақсатында консалтинг жүргіземін. Бірақ ол жұмыс әлі процессте.
Витилигосы бар адамдарға кеңесім – тексерілмеген қытай дәрілерін, шөптерін оңды-солды қабылдамау. Тексерілмеген дәріні ішу немесе 3-4 түрлі шөпті бірден қабылдау біз білмейтін ішкі ағзаға зияны болуы мүмкін. Емдеуде әсері де көп жағдайда мардымсыз.