Ғазиза (есімі өзгертілді – ред.), 25 жаста:
«Жылау үшін арнайы мұңды фильм қараймын, мұңды ән тыңдаймын»
1-2 жыл бұрын бірге тұратын құрбымның жақсы танысы қайтыс болды. Құрбым мұны естіген соң 2-3 күн көңіл-күйі болмай, жатып қалды. Сол кезде «өйтіп қайғырғаннан дым шықпайды ғой, өз-өзін қинап, проблема тауып не керек?» деп ойладым. Маған құрбымның қайғыруға кеткен уақыты бос өтіп жатқандай көрінді.
Енді мені қараңыз. Студент күнімде оқу ақысын төлеуге ақша таппағанда, өз атам, кейін нағашы атам қайтыс болғанда, әрі кетсе бір сағат қана сол проблеманы ойлайтынмын. «Атам өліп қалды, иә» деймін, біраздан соң көңіл-күйім қалпына келетін.
Көңілді жүруге тиіспін деп санайтынмын. Қалыпты түрмен жүрсем, айналамдағылар «Бәрі дұрыс па?» «Көңіл-күйің жоқ қой, неге көңілсізсің?» деп сұрайды. Сол бойда күле саламын, бәрі жақсы екенін айтам. Бұл өтірік.
Кейінгі жаныма батқан жағдай жігітіммен айырылысу болды. Әуелі, бұл жаңалықтан есеңгіреп қалдым. Сол сәттегі әлеуметтік желідегі әрекетімді қарасам, өзімді бақытты, өмірге риза адамдай көрсетіппін. Бұл жұртты, өзімді алдау болыпты. «Жігітімен кім айырылыспай жатыр?» деп бұл күйімді құнсыздандырып, қайғымды елемеппін.
Басыма түскен қайғылы, қиын сәтте еріксіз жылай алмаймын. Жылау үшін арнайы мұңды фильмдер тауып аламын, мұңды әндер тыңдаймын.
10 күн қайғыр, 1 ай жыла, жылдап өкін, бірақ кеткен нәрсе оралмайды, текке уақыт босқа өтетініне сенімдімін. Қайғырғанымды ешкімге көрсетпеуім керек. Ондай уақытта жиі күліп, көңілді жүруге тырысамын. Жағдайдан шығу үшін күнделікті істеп жүрген ісімді өзгертемін, басқа қалаға кетіп қаламын. Болмаса, сол жағдайды еске салатын адамдардан қашамын. Біреуге жанымның ауырғанын айтып, оның миын ашыта да алмаймын.
Ақыры қайғыма мүлдем оралмаймын десем де болады. Соңы өкінішпен біткен ісіме күле салам. Мұның артында елдің мені аяуының алдын алу жатқан шығар мүмкін. Білмеймін.
«Қайғыру ұят сияқты»
Қазір қайғырғым кеп тұрса, қайғырамын. Бірақ қысылып-қымтырылып қайғырамын. Өйткені ұят сияқты. Менің түсінігімде қайғыру деген жаман нәрсе, пайда бермейді, нәтижесі жоқ. Кез келген эмоция нәтиже сыйлауы керек. Қайғыру арқылы өлгенді тірілте алмайсың, кеткен оралмайды, жоғалған табылмайды.
Жақында құрбымның әкесі қайтыс болды. Естіген сәтте қайғырдым, бірақ бұл күйім дұрыс емес сияқты көрінді. Кейін құрбымды көргенде жылап, мұңаятын шығармын деп ойлағам. Бірде-бірі болмады.
Есіме мына оқиға түсіп отыр. Астанада ақылы оқыдым. Грантқа өтсем деген үмітім болды, бірақ 1-курста мемлекеттік емтиханнан құлап қалдым. Аз ұпай жинағаныма көңіл-күйім түсті. Бір жағы, мұны үйдегілерге қалай айтамын деп ойладым. 2-3 сағаттан соң бәрібір айту керек екенін түсіндім. Анама хабарласып, енді грантқа өте алмайтынымды, қызыл диплом ала алмайтынымды айттым. Анам: «Ештеңе етпес, онда тұрған не бар? Өмірлік нәре емес қой бұл», — деді. Бұл қалыпты нәрсе екен ғой деп ойладым сонда. Қайғырмасам да болады екен.
Оқушы кезімде облыстық байқауға бардық. Сахнада өнер көрсеткенде қазылар алқасы мені мақтады, басқалардың қасында әлдеқайда үздік орындағаным білініп тұрды. Бірақ ешқандай орынға да, алғыс хатқа да ілінбедім. Сосын сахнаға шығып, қазылар алқасының алдына барып жыладым. «Орын бермейтін болсаңыздар, мені неге мақтайсыздар? Сонда бәрі сатып алынды ма? Таныстарыңыз ба?» деп айқайладым. Содан кейін анам: «Ешкімге көз жасыңды көрсетпе, ашуыңды, жаныңа батып тұрғанды көрсетуге мыналар тұрмайды. Өзіңе лайық бағаны мұннан емес, басқа жерден аласың», — деді.
Қайғыру керек әр сәтте осы екі оқиға есіме түседі.
«Қайғының бәрін түрлі иллюзиямен жаба салам»
Астананы бітіріп, Қарағандыға қайтқанда депрессияға түстім. Орта жоқ, дос жоқ, айналысатын сүйікті ісім жоқ. Тек жұмыс бар. Сонда да күліп жүріппін. Алдыңғы депрессиям келесі депрессияда шығады, болмаса қатты ашуланғанда белгі береді.
Қайғының бәрін позитив боп жүріп, «қайырлысы, Құдай маған тағы да жақсылық береді» деген иллюзиямен жаба салам.
Биыл ақпаннан бері психологпен жұмыс істей бастадым. Сонда ғана қайғырудың адамға тән нәрсе екенін түсіндім. Дегенмен әлі де жылағым кеп тұрғанын білсем де, жылай алмаймын.
Сая Бақимова, психолог:
«Қайғы таңнан кешке дейін жылап, жоқтау емес»
Біздің ойымызша, қайғы тек үлкен, санауға келетін нәрсе сияқты көрінеді. Негізі өміріміз әлденеден айрылу деген дүниеге тұнып тұр. Бала өседі, балалық шақ келмеске кетеді. Бұған бала да қайғырады, ата-ана да қайғырады. Барлық дерлік ата-ананың жүрегі баласы мектепке барған, мектеп бітірген сәтте әйтеуір дыз ете қалады. Себебі бұрынғы кішкентай кез, тәтті балалық уыстан шығып барады.
Адам өзінің жас кезін, күннен-күнге қартайып жатқанына да солай қайғырады. Мүмкіндігі кемиді, энергиясы азая береді, бұрынғыдай денсаулығы жақсы болмауы мүмкін, әйтеуір тірі адамның өмірінде бір процестер жүріп жатады.
Дегенмен бұл азаннан кешке дейін жылап, соны ғана жоқтау деген сөз емес қой. Бұл — ішкі, психиканың қалыпты жұмысы жүргенде параллель өте беретін процестер. Тек күліп жүру, тек позитив болу деген — иллюзия.
Көп адам осындай жоққа шығару, күшті бір интеллектуал себеп табу сияқты қорғаныш механизмдерін пайдаланады. «Кеткен адам келмейді, жылағаннан не болады дейсің» деу — қорғаныш механизмі. Ал ол нені қорғап тұр? Психиканы ауыр эмоциялардан қорғап тұр.
Бірақ қалыпты өтпеген қайғыру процесі адамды тек шаршата береді.
Біріншіден, энергия жаңағы айтқан қорғаныш механизмдерінің жұмысына кетіп жатыр. Демек адам өмірінде дос табуға, онымен қарым-қатынас ұстап тұруға, ғашық болуға, бір жұмысты орнықты істеуге жұмсайтын энергиясының бір бөлігінен айырылып жатыр деген сөз. Екіншіден, біз бір жағдайға қайғырмай екіншіге ойымызды ауыстыра алмаймыз. Өмірден кеткен адамның жоғына қайғырмай, тірі адамдармен қарым-қатынаста өзімізді тұтас сезінбейміз. Өлім барын қабылдамай, ол жайлы қайғырмай өмірді де бағаламаймыз.
Мысалы, «өлімнен қорықпаймын» деп экстремал спортпен айналысатын адамдар негізі іштей одан қатты қорқады. Оның үлкендігі сондай, өлімді бақылауда ұстағысы келеді. «Өзекті жанға бір өлім» екенін шын қабылдаған адам машинаны қатты жылдамдықпен айдап өмірін қатерге тікпес еді.
Қайғыруды үйрене алмайтын шығар.
Адамның өмірінде жарақат алу жағдайлары бірінен соң бірі бола берсе, мысалы, анасы тым ерте жұмысқа шығып кетсе, әжесі бағып, кейін ата-анасына қайтып берсе, үйін жиі ауыстырса, солайша ортасы жиі ауысса, осының бәрі — бірдеңені жоғалту. Ондай кезде адам психикасы қайғыны өңдеп үлгермейді, бәрі бір орында қатып қалғандай күйде болады.
Психика үшін қайғыны өңдеп шығару — қалыпты нәрсе. Оған сырттан техника жасап, қайғыртудың қажеті жоқ.
Адамда күш болса, мазасыздығы азайса, айналасын қауіпсіз, жақсы деп сезінсе психика өзінің жұмысын орындайды. Сондықтан кейіпкерлің психологқа барып жүргені өте жақсы көмектеседі.
Ғазизаның мысал еткен екі оқиғасына тоқталайық. Негізі адамға 0-3 жас қатты әсер етеді. Сол уақытта баланың айналасындағы адамдар тұрақсыз болса, өзгере берсе, ауыр тиеді. Есейе келе алдымыздан шыққан жағдайлардан сол сәби кезде сіңірген сценарийге дәлел іздейміз. Демек іште қайғырмау идеясы бар. Ал мемлекеттік емтиханнан бестік ала алмаған кезде және мектептегі жарыста анасының айтқаны есте жақсы қалып қойған оқиға болуы мүмкін.