Бас мүфти коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын салғызды

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Отандық QazVac вакцинасын салдырған Наурызбай қажы Тағанұлы екпеден кейінгі жағдайы қалай екенін айтты.

Алғашқы дозасын алдым, 21 күннен соң екінші дозасына аламын. Дәрігерлерге алғысым шексіз, вакцинаны қалай салғанын сезбей де қалдым. Ешқандай кері әсері жоқ, өзімді жақсы сезініп тұрмын, — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды коронвирусқа қарсы вакцина салдыруға үндеді.

Екпе алуды біздің имамдар бұған дейін бастап кеткен. Сондай-ақ, біздің басқарманың да біраз қызметкерлері коронавирус індетіне қарсы екпені алып жатыр. Шариғатымызда зәру болғанда екпені алу керектігі айтылған, сондықтан бұқараны екпе салуға шақырамыз. Әрине, вакцина салдыру әркімнің өз еркінде, дегенмен дәрігерлер денсаулық үшін керек дегеннен кейін, маманның сөзіне құлақ асқан жөн деп ойлаймын, — деді ол.

ҚМДБ, Наурызбай қажы Тағанұлы. Бас мүфти, вакцина, коронавирус
Фото: Muftyat.kz

Айта кетейік, бас мүфтимен бірге ҚМДБ ұжымы, оның ішінде аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов вакцинаның алғашқы компонентін қабылдады.