Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге тиіс. Бұл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағыттарының бірі, — делінген хабарламада.
Еліміздің үш өңіріндегі қала халқы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілген.
Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқының 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ауылдық жерлерде сумен жабдықтаудың ең көп қамтылуы Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында байқалады.
Министрліктің хабарлауынша, еліміздің кейбір өңірі халықты ауыз сумен қамту жұмысы бойынша артта қалып отыр. Ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай (64,7%), Жамбыл (82,2%) және Павлодар (88,4%) облыстарының ауылдарында байқалады.
Ағымдағы жылы сумен жабдықтаудың сапалы қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 151,4 миллиард теңге жоспарланған, — делінген хабарламада.
2021 жылдың қорытындысы бойынша 200 мыңға жуық қазақстандықты сапалы сумен қамтамасыз ету қосымша жоспарланып отыр. Бұл жалпы 17,86 миллион адам немесе республиканың барлық халқының 95%-і, оның ішінде: қалаларда – 98%, ауылдарда — 92%.