Думан Смақов, Factcheck.kz порталының бас редакторы:
Менің түсінігімше, мемлекетке қарасты және оның сойылын соғатын журналистерді «медиа қызметкерлері» деп атауға болмайды. Өйткені олар — қандайда бір құралдың қызметкері ғана, бар-жоғы берілген тапсырманы орындаушы. Әріптестерім ренжімесін, бірақ мұнда мемлекет идеологиясын, үгіт-насихатын жүргізуден басқа ештеңе жоқ деп есептеймін. Қазақстанда сөз бостандығы шектелетіні, журналистиканың мемлекеттік орган құралына айналып кетуінің себебі — осы.
Объектив журналистика тәуелсіз болуы керек еді. Мемлекеттен де, оппозициядан да, басқасынан да өзін алшақ ұстауы керек. Медиа — шынымен де төртінші билік, ол ақпараттың иесі бола алуы керек.
Ал бізде ақпарат иесі — баспасөз қызметі. Ақпарат құралының қызметкерлері солардан жауап күтіп отырады. Өзім тренинг өткізіп, дәріс берген кезде беделі бар ақпарат құралының журналистері «Бізге Ақордадан не келеді, соны жазамыз», «Ақорда өтірік айтпайды» деді. Мұның өзі журналистің ойы мен дамуының жоқ екенін білдіреді. Өйткені қазіргі уақытта журналист жай ғана робот қызметін атқарып отыр, келген нәрсені жазып береді. Сол себепті кез келген медиаресурс мемлекеттен ақша алмай, нарық пен заман талабына сай өмір сүре алуы және жұмыс істеуі керек. Сол кезде ғана журналистика дамиды. Қазіргідей «Алған үстіне ала берсем екен», «Бізге мемлекеттік тапсырысты бере түссе екен» деген нәрсе жалғаса берсе, журналистика керісінше құрдымға кетеді.
Сосын журналистерге сыйлықты мемлекет емес, халық беруі керек. Менің ойымша, «Нұр-Сұңқар», «Тұмар» және тағы басқа жүлделер — мемлекет тапсырмасын жақсы орындағаныңа арқаңнан қағу үшін берілетін сыйлық. Шынайы атақ-абыройды халық беруге тиіс. Осы кезде марқұм Бейсен Құранбек еске түседі. Ол қаншама марапаттан, атақтан, мемлекеттік қызметтен бас тартты. Халықтың жағында боламын деді. Сатқын, атаққұмар журналист емес, Бейсен Құранбек күйінде қалды және барлық журналист осы кісіден үлгі алуы керек деп ойлаймын. Журналистердің партиялардан сыйлық алуы, олардың саясатқа араласып, кейін қайтадан журналистикаға оралуын жай ғана ойын немесе тапсырманы орындау деп көремін, түсінемін. Әйтпесе, бұл жүлдені алған материалдардан да мықты зерттеулер бар. Журналистердің өзін-өзі конкурсқа ұсынуы да дұрыс емес сияқты. Жүлде партия мен министрліктен емес, тәуелсіз, үкіметтік емес ұйымдар және медиа бірлестіктер тарапынан берілуі керек. Әйтпесе, қазіргі күйіміз демократиялық қоғамның белгісі емес сияқты.
Нұрмұхамед Байғараев, «Айқын» газетінің бас редакторы:
Бұл — Қазақстандағы медианың негізгі болмаса да, өзекті проблемаларының бірі. Алайда мұнда бір мәселені анықтап алуымыз керек. Біз Үкімет, соның ішінде Ақпарат комитеті 100% иелік ететін медиа туралы айтып отырмыз ба, әлде түрлі әкімдіктен, мемлекеттік органнан ақпараттық тапсырыс алатын медианы айтып отырмыз ба? Өйткені екеуінің айырмашылығы бар. Мемлекеттік медианың иесі — Үкімет, ал жекеменшік медиалар, соның ішінде кейбір сын жазуға жақын БАҚ та мемлекеттен тапсырыс алады. Аудандық басылымдарға тапсырысты толықтай жергілікті әкімдік береді. Алайда жекеменшік БАҚ Үкіметтен тапсырыс алғанымен, негізгі бағытынан, яғни бейтарап болу, қоғамдағы проблеманы көтеруден айнып кетеді деп айта алмаймын. Тапсырысқа да қарау керек. Өйткені ақпараттық тапсырыс мемлекет саясатын толықтай қолда деп емес, нақты бір тақырыпқа беріледі. Мысалы, вакцинацияны насихаттау делік. Бұл тақырып қазіргі уақытта қажет екеніне көз жеткізіп отырмыз.
Ақпараттық тапсырыстың бірнеше пункті болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанның төтенше жағдай саласындағы іс-әрекеті деген тақырып. Осы тақырыпта бір-екі мақала жазып, сюжет жасау жекеменшік медианың негізгі бағытына қатты әсер етпейді деп ойлаймын. Үкіметтен ақша алдың деген айып болмаса, бұл кез келген жекеменшік БАҚ-тың қаржы тұрақтылығы үшін қажет. Өйткені Қазақстандағы жарнама нарығы тар, қазақтілді БАҚ көп жағдайда одан да қағылады. Сондықтан көп жекеменшік медиаресурс шығынын өтеу үшін Үкіметтен тапсырыс алуға мәжбүр. Қазақстанда жарнамадан, бизнес өкілдерінен түсетін қолдау, басқа да қаржы инструменттері жеткілікті болса, БАҚ мұндай қадамға бармаушы еді. Өйткені қай елде де журналистер қауымы тәуелсіз, бейтарап жазуға бүйрегі бұрып тұрады. Алайда жарнамадан түсетін ақша аз болғандықтан және пандемия бизнес өкілдерінің оған бөлетін қаржысын тым шектеп тастағаны себепті көп медиа амалсыздан осындай қадамға барады. Оған қоса, қазір жарнама нарығы да өзгеріп жатыр. Дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда әлеуметтік желі, YouTube-ке арналған жарнама көбейді. Сол себепті ақша сонда жұмсалып жатыр.
Ал енді Ақпарат комитетіне 100% қарайтын медиаға келсек, мораль тұрғысынан бұл журналистика емес деп айтуға құқым жоқ. Өйткені әр адам қай жерде жұмыс істейтінін өзі шешеді.
«Егемен Қазақстан» газетін алайық. Толықтай Ақпарат комитетіне қарайды, бірақ газет бетінде қоғамдағы өткір мәселелерді күнде көтеріп, жазып жүр. Әріптестерім болғаннан кейін оқимын. Сол сияқты Qazaqstan ұлттық телеарнасы да ток-шоуларында проблемаларды ашық көтереді.
Жалпы, Үкіметтің өз медиасына қаржылай қолдау көрсетуі — тек бізде емес, өзге мемлекеттерде де бар тәжірибе. Мысалы, Франциядағы негізгі телеарналардың бірі — France 24-ті 2008 жылдан бері мемлекет қаржыландырады. Өйткені иесі – Үкімет. 2020 жылы Ұлыбританияда 19 БАҚ-қа мемлекет грант берген. Қателеспесем, BBC де ара-тұра өз Үкіметінің имиджін қалыптастырғаны үшін ақша алады.
Бірақ қалай десек те, мемлекеттің берген ақшасы кез келген медианың бейтараптылығына кесірін тигізеді. Бұл рас, оны мойындауымыз керек. Түптеп келгенде, бұл азаматтық қоғамның қалыптасуына кедергісін келтіреді. Сондықтан Қазақстандағы тілші қауымға Пулитцер сыйлығы сияқты тәуелсіз сыйлық керек. Ол елде тәуелсіз журналистік зерттеу сияқты жанрды дамытар еді. Өз кезегінде бұл қоғамның БАҚ-қа сенімін арттыруы мүмкін.
Әсем Жәпішева, Masa.media жобасы негізін қалаушылардың бірі:
Қоғамдық және мемлекеттік журналистиканың үлкен айырмашылығы бар екенін түсінуіміз керек. Біріншіден, Қазақстан, Ресей сияқты мемлекеттік тапсырысы бар елде ешқандай тәуелсіз мемлекеттік журналистика туралы айтуға болмайды. Онда жұмыс істейтіндерді тек шенеунік ретінде, яғни, үгіт-насихат таратушылар, қандай да мемлекеттік ақпаратты тасымалдаушылар деп қабылдауымыз керек.
Бұл — керек жұмыс, бірақ мемлекеттік тапсырыс бар жерде жұмыс істейтіндерді журналист деп есептеуге болмайды, ал қоғамдық радиода істейтіндерді журналист деуге келеді.
Мемлекеттік қызметкерлердің марапатталуына мемлекет тұсынан қарасақ, оның ешбірінде логика тұрғысынан ауытқу жоқ. Оларға жұмыс істейтіндерге, яғни мемлекеттік тапсырысты орындайтындарға ақшалай сыйлық пен пәтерлер беріледі. Алайда сөз бостандығы, қоғамдық пайда дегендерді алға шығарсақ, «Кімдерді марапаттауы керек еді?» деген үлкен сұрақ туындайды.
Молдияр Ергебеков, тележүргізуші, PhD:
Әрине, журналист болып есептеледі. Оларды журналист деп санамасақ, онда BBC қызметкерлерін де журналист демеуіміз керек. Өйткені олар да мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Негізінен мұндай сұрақ қойып, жұмыс істегенше әлдеқайда пайдалы тақырыптарды жазсаңыздар екен. Мысалы, «Қазақстан журналистикасында неліктен зерттеу журналистикасы азайып кетті», «Қазақстан журналистикасының қазіргі функциясы қандай», «Не нәрсеге ықпал етіп отыр немесе бола алмай отыр?» деген сияқты тақырыптар әлдеқайда қызық және пайдалы болар еді. Ал мына сұрақтар — абсурд.
Журналист дегеніміз кім? Ол — ақпарат таратушы. Ақпарат таратқанның кез келгені журналист саналады, тіпті, блогерлер де — бұл тұрғыдан журналист.
2010 жылдардағы пікірталасты қоюымыз керек. 2021 жылдың басқа сұрақтары болуы керек.
Ғалымжан Оразымбет, Zertteu Research Institute қоғамдық қоры сарапшысы:
Мемлекеттік медиа негізінен мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Ал қазір мемлекет үгіт-насихатқа тапсырыс береді. Медиа үгіт-насихат құралы болмауы үшін қаржылай тәуелсіз болуы керек. Асыраушыңа қарсы шығып, оған ұнамайтын нәрселерді айтуға мүмкіндігің болмайды. Ұнамай қалсаң, қаржысыз қаласың. Бұл жабылуға дейін әкелуі мүмкін. Тіпті, медианың жабылу-жабылмауын да мемлекеттік орган шешеді. Өйткені құрылтайшысы — сол.
Сондықтан қазіргі мемлекеттік медиа мен пропаганданы бөлек қарастыра алмаймын. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан олардың айналысып жүрген кәсібін журналистика деп есептемеймін.
Бұл мемлекеттік, аймақ деңгейіндегі «тәуелсіз» медиаға да қатысты. Аймақтарда ешқашан тендер алмаймыз деген принциппен өмір сүретін медиа өте аз. Басым бөлігі ішкі саясаттардың мемлекеттік бағдарлама, белгілі бір мақалалар, қала, облыс, аудан туралы позитив материалдарға тапсырыстарымен күн көріп отыр. Тіпті, көбі сол мақсатпен, тендер алып, ақша табу мақсатымен ашылады. Пропагандаға мемлекеттік тапсырыс тоқтамай, бізде сапалы журналистика қалыптасады деп ойламаймын.