Мамандандырылған соттың ашылу рәсіміне Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен облыстық соттың төрағасы Бауыржан Жұмағұлов, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, судьялар, адвокаттар мен медиаторлар қатысты.
Өз кезегінде өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімшілік әділетті жүзеге асыру үшін іргелі жұмыстар жасалып жатқанына тоқталды. Соның шеңберінде осы жылдың бірінші шілдесінен бастап елімізде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енеді. Азаматтар мен бизнестің әкімшілік органдармен дауларын шешу тәртібін реттеуге бағытталған кодекс азаматтардың құқықтарын қорғау сапасын жаңа деңгейге шығармақ.
Бұл кодекс соттарға ғана емес, барша мемлекеттік органдардың қызметіне де аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Қарапайым азаматтардың құқықтық сауатының артуына соны серпін береді. Бұны құқықтық мемлекет орнықтыру саласындағы ең бір ауқымды реформалардың бірі деп айтуға болады, — деген Махамбет Досмұхамбетов жаңа соттың жұмысына сәттілік, ал судьялар ұжымына әділ шешім мен табысты жұмыс тіледі.
Ал Атырау облыстық сотының төрағасы Бауыржан Жұмағұлов болса, «Басты мақсат — мемлекеттік органдармен дауласу барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл біздің еліміздің тәуелсіздік тарихында бұрын кездеспеген өте маңызды сот реформасы» екенін атап өтті.
Бұдан соң облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың ғимаратын аралап көрді. Мұнда қызметкерлер мен келетін азаматтарға қажетті барлық жағдай жасалған. Цифрландырудың талаптарына толық сәйкес келетін сот заманауи техникалық құрылғылармен жабдықталған.