Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайын және оны нығайтудың перспективаларын талқылады.
Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, сауда-экономикалық ықпалдастық пен өндірістік кооперацияны жан-жақты жандандыруға ерекше назар аударды.
Бұған қоса, президенттер өңірдегі эпидемиология ахуалын, сонымен қатар екі ел халқын жаппай вакциналау үшін қабылданып жатқан шаралар жайында пікір алмасты. Осы ретте мемлекет басшылары COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру жөніндегі үйлесімді іс-қимылдарды жалғастыруға ниетті екенін нақтылады.