Айбар, 34 жаста (есімі өзгертілді – ред.)

«МАҚТАУ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАЙМЫН»

— Айбар, бойыңызда жалған атақ синдромы (синдром самозванца) белгісі бар екенін қалай білдіңіз?

— Мұндай синдром белгілері бар немесе жоқ деп нақты айта алмаймын. Дегенмен өз потенциалымды, мүмкіндігімді, білімім мен дағды-машығымды дұрыс бағамдай алмайтыным рас. Ондай қасиеттерімді мойындамаймын.

10 рет қателесіп, 11-рет жетістікке жетсем, «шынымен мықты болсам, сонша қателеспес едім ғой. Демек, менің жеңісім — кездейсоқ факторлардың нәтижесі» деп ойлаймын.

Оны қайдан байқадым? Бір жетістікке жетсем, мақтау қабылдай алмаймын. Әрине, ондай сөзді қабылдай білу керек екенін түсінемін. Біреу «мына жобаны күшті атқарыпсың» десе, біріншіден, жылы сөзді жәй тыңдап тұра алмаймын — тынышым кетеді, екіншіден, сол жобаның сәтті жүзеге асуына себеп ретінде «жолым болды, еңбек менікі емес, жанымдағы адамдардыкі, көп іс атқармадым» дегендей сыртқы факторлар іздей бастаймын.

Үшіншіден, бір жұмысты істеп бітірсем, ол болмайтын бір кішкентай дүниедей көрінеді. Бірақ кішкентай болса да сондай шаруаны адамдар бағалайды екен, қызығады екен, тіпті ақша төлейді. Бірақ сол атқарған ісімнің сәтсіз екеніне өзімді үгіттей бастаймын да, ақыры соған сендіріп шығамын.

— Демек жұмыстың маңызды екенін білесіз, бірақ мойындай алмайсыз ғой?

Жоқ, мәселе сонда, білмеймін. Мен үшін өзім атқарған шаруа кішкентай ғана. Оны тіпті сөз етуге, нәтижесін талқылауға тұрмайды.

Бұл «менің қабілетім бұдан да мықты, ал мынау жай ғой» деген нәрсе емес пе?

Жоқ, менікі жұмысымды, өзімді кемсіту деп ойлаймын.

— «Өзімді бағаламайды екенмін» деген ой қашан келді?

Ондай ой әлі келмеді. Әлі күнге өзімді төмендетемін. Жалпы, осындай жағдайларды талдау кейінгі жылдары басталды. Дегенмен алдыңғы жолы айтқанымдай, көшбасшы болу, өзімді көрсету сияқты машықтар бар. Олар керек уағында іске қосылады. Мысалы, көпшілік алдында сөйлеу қажет болса, ол жерге не үшін барып тұрғанымды, маған не үшін сөз беріп жатқанын саналы түрде түсінсем, жақсы сөз айтуым мүмкін.

ЖАЛҒАН АТАҚ СИНДРОМЫ БЕЛГІСІ АЙБАРДА ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

— Жалған атақ синдромы екі жағдайда пайда болуы мүмкін дейді. Біріншісі, ата-ана екі бауырдың бірін ғана қолпаштай берсе, мақтау естімеген екіншісінде осы синдром белгілері пайда болады. Екіншісі, отбасында баланы тым идеал қылып өсіреді. Бала есейе келе қиындық көрген сайын ата-анасының өзі туралы айтқанына күмән келтіре бастайды. Сосын өзін дарынсыз, қабілетсіз санайды. Сіз қайсына жатуыңыз мүмкін?

Мен екіншісіне жататын шығармын. Өткен жолғы әңгімемізде белгілі болғандай, менен көп үміт күтті, жауапкершілік артылды. Бұл тұрғыда қолдау көп болды. Бір жағынан, қолынан дым келмейтін, әке-шешесін ұятқа қалдырудан қорқатын, болашағы бұлыңғыр біреумін. Екінші жағынан, әлемдегі ең керемет, ең ақылды, ең үздік адаммын. Олардың іс-әрекеті осындай екі түрлі күйге түсірді, диссонанс тудырды.

Бұл синдром белгілерінің шығу себебі осы күйде. Мен — баламын, мақтайды, мадақтайды. Бірақ сәл сәтсіздікке ұшырасам, ұрысады, сөз естимін, сынайды. Бұл жылына бір-екі рет қана болатын оқиға емес, күнделікті үй шаруасынан бастап мектептегі жетістігіме дейін жайылған реакция болатын. Айтпақшы, мектепте де сол ғой: мұғалімдер не жер-көкке сыйғызбай мақтайды, бірақ сәл жаңылыссаң, өлтіре сынайды немесе ұятпен «өлтіреді».

Мектеп форматы демекші, біздің мектепте алдыңғы бауырлары жақсы оқыса, кейінгілері де жақсы оқиды немесе үлкені нашар оқысы, кішісі де солай оқуы керек деген түсінік болыпты.

— Иә, үлкені нашар оқыса, кішісіне де «түсінікті ғой, сендер сондайсыңдар» деп қарайтыны бар.

Маған психологым травмадан кейінгі бұзылу синдромы (посттравматический синдром расстройство) деген диагнозды алдын ала қойып отыр. Оның екі түрі болады екен. Біріншісі — қысқа мерзімде зорлық-зомбылық көргендер, екіншісі — ұзақ мерзімде зорлық-зомбылық көргендер. Біріншісі соғысқа барып келгендерде болуы мүмкін. Ұйықтай алмайды, тарс еткен дыбыстан шошиды және тағы басқа. Екіншісі әдетте отбасында зорлық-зомбылық көргендерде болуы мүмкін. Менікі психологиялық зорлық-зомбылық болып тұр.

БӘРІНЕ АТА-АНА КІНӘЛІ МЕ?

— Сіздің айтқандарыңызды жазып отырып, бәріне ата-ананы кінәлі етіп отырғанымыз қаншалық дұрыс деп ойлаймын.

Объектив баға берсек, ата-ана кінәлі және… олардың кінәсі жоқ. Кінәлі болатын себебі, әке-шеше осының бәріне жол берді. Кінәсіздігі, бұлай болатынын білген жоқ, білімі жеткіліксіз болды. Олардың алдында бала табу, өсіру, жеткізу деген міндеттер тұрды. Дегенмен бұл ата-ананы жауапкершіліктен босатпайды.

Бірақ әке-шешеме ренжімеймін. Мендегі реніш емес, өкініш. Көп психологиялық жарақат болмағанда, тұлға ретінде қалыптасуым өзгеше жүргенде ғой деп ойлаймын. Тым болмаса, стандарт отбасылар сияқты өмір сүрсек, жағдайым басқаша болар ма еді? Оларды кінәламаймын. Жағдай солай болды және оған қатысты өкініш қалды. Болды.

Мен – бөлек адаммын. Ата-анам шекараны бұзып жатса, зиян келтірсе, жеке шекараны қорғауым керек деп ойлаймын. Бала кезде бұған шама жетпеуі мүмкін, ересек өмірде әрекет ету қажет шығар. Олар ренжуі мүмкін, бірақ ересек адам ғой, эмоциясын басқара алады, коммуникацияны анализдей біледі.

Терапияға барғалы шешеммен қақтығыс көбейді. Бір кездері әңгімеміз «Амансыңдар ма, саусыңдар ма» дегеннен аспайтын. Қазір ойымды ашық айтып жүрмін. Мен оның өміріне араласып жатқан жоқпын. Ол менің өмірімнің қалай болуы керек екенін не үшін шешкісі келеді? Іші пысса, онда соны айтсын. «Балам, бос уақытым көп. Содан саған айтамын. Маған басқа бір жұмыс табуға көмектес. Мынадай іс бастағалы жатырмын, не істесем болады?» Осылай десін, көмектесемін ғой.

Ата-ана баласы ер жетіп кетсе де оған әлі де бала деп қарайтыны ұнамайды. Менің ата-анам да сөйтуге тырысты. Өз қалауын таңуға, айтқанымен жүргізуге әрекет етті. Бірақ менің қырсық мінезім, үйден ерте кеткенім, олардың бір-біріне деген қарым-қатынасына наразылық — осының бәрі әке-шешеммен арадағы байланыс жиілігін барынша азайтты. Өз өміріммен кеттім.

Қазір олардың сөзі ұнамаса, оны айтамын, жеке шекарама өткізбеймін. Меніңше, ата-анадан ажырау процесі енді жүріп жатыр.

Сая Бақимова, психолог:

«Синдром дегенді жалған психологтар шығарып алған»

Сая Бақимова. Фото жеке архивінен

Адам 25 жасқа дейін шешім қабылдай алмаса, қабылдаған шешіміне сенімсіз болса, оны жұмыста, қарым-қатынаста аумалы-төкпелі жағдайдың көп болуымен және тікелей физиологиямен байланыстырамын.

Көп адам осы кезде өзімді таба алмай жүрмін, қолымнан түк келмейді деп мұңаяды.

Мидың маңдайалды бөліктері басқаларға қарағанда кеш дамиды. Осы өсу процесі адамға көп тұрақсыздық, мүмкін тіпті мазасыздық сезімін береді.

Кейде осындай жастағылардың ата-анасы да көп мазасызданады — «менің балам босқа жатыр, ештеңе бітірмейді, бұл ауру ма, неге жұмыс істемейді, неге үйленбейді» деп хабарласып жатады. Сондай кезде бұл көп адамда болатын тұрақсыз кезең екенін түсіндіремін.

Сондықтан жалпы 25-ке дейін жұмысым жоқ, қарым-қатынасым жоқ, тәжірибем жоқ, өзімді төмен бағалаймын деген мәселелерге асықпай, сабырмен қарау керек деп ойлаймын.

Ал 25 жастан асқан адам «өзіме сенімсізбін, жасаған ісімді, жетістігімді меншіктей алмаймын» десе, бірінші бұл адам депрессияда жүрген-жүрмегенін ойлау керек. Екінші, отбасынан көрген үлгісі қандай екен? Соны білу қажет. Дәстүрлі қазақ қоғамында (көз тиеді, мақтаншақ болу, ұят, тағы басқа), сосын дін ұстанатын отбасыларда қарапайым болу деген қасиет өте жоғары бағаланады.

«Жетістігіңе қатты қуанба, көзге түспе» деген тұжырым ойдың бір жерінде тұрады. Кейін адам оның теріс жақтарын көре бастағанда, мысалы, тым ұяңдығынан жұмыста басқалар сыйақы алып, бұл алмай жүрсе және тағы басқа объектив жағдайларды көре берген сайын онда «сонда менің ішкі сенімім шынайы өмірге сәйкес келмей ме?» деген қақтығыс пайда болады.

Адам бұл дүниенің ішкі қақтығыс екенін түсінбесе, өкінішке қарай, сыртқы қарым-қатынасына нұқсан келеді.

Ата-ана ұрмады, соқпады, жауыздық жасамады, өздері осылай дұрыс деп сенген принцип бойынша өсірді. Енді қазір 30 жыл бұрын болған жағдайға ашуланып, ата-анамен қарым-қатынасты бұзбау керек дер едім.

Мен мұны тек бір мораль тұрғысынан айтып тұрған жоқпын, кез-келген адамға өзінің ата-анасымен қарым-қатынасы суық, қақтығысқа толы болғаны қатты әсер етеді — психика энергиясы азаяды, көп реніш пайда болады, басқа адамдармен қарым-қатынасы жақсы сезім әкелмейді. Айбар осы жайлы ойланып көрсе деймін.

Меніңше, Айбардың баяндап бергені — ішкі қақтығыстар. Синдром дегенді жалған психологтар түсіндіруге жеңіл болуы үшін осылай атап, шығарып алған.

Тағы оқыңыз:

“Оқушы кезімді жек көремін”: үздік болу синдромы бар адам әңгімесі