Кеше, 23 маусым күні сағат 16.00 шамасында Жібек жолы даңғылындағы «Алма» сауда орталығына бардық. Сауда орталығы Көкбазармен қатар тұр.

Көк базар
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
сауда орталығы, Алма сауда орталығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
сауда орталығы, Алма сауда орталығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Орталық төрт қабатты, вакцинация пункті бірінші қабаттағы асхананың жанында орналасқан.

коронавирус, вакцина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сауда орталығының ішінде және маңында кісі қарасы қалың болғанымен, вакцина салғызуға келіп жатқандар көп емес екенін байқадық.

коронавирус, маска, балмұздақ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, маска,
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, маска
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Біз вакцинация пунктіне кіргенде бір азамат екпе салдырып, күту аймағында отырды. Дәрігерлер оны жарты сағаттан кейін жіберді.

№2 қалалық емхана қызметкері, терапевт Күләш Қадылдың айтуына қарағанда, орталықта күн сайын 25-30 адам екпе салдырады. Бұл — өзге пунктілермен салыстырғанда, орташа көрсеткіш.

коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Вакцинация пункті 19 мамырда ашылған. 23 маусымға дейін 800-ден астам азамат дәл осы жерден вакцина салдырған.

коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сауда орталығында орналасқан вакцинация пунктінде екпе салдыру үшін алдын ала жазылудың қажеті жоқ, кез келген адам өзіне ыңғайлы уақытта келе алады.

Вакцина салғызатын азамат міндетті түрде дәрігердің тексеруінен өтеді. Дәрігер оның температурасын, қан қысымын өлшеп, дәріге аллергиясы немесе созылмалы аурулары бар ма, жоқ па, соны сұрайды, тексереді. Осыдан кейін ғана вакцина салғызуға рұқсат етіледі.

коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Азамат вакцина салғызбастан бұрын өз еркімен келісім беруі және тиісті құжатты толтыруы қажет.

коронавирус, вакцина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ал дәріні ектіргеннен кейін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау бойынша жаднама беріледі.

коронавирус, вакцина, жаднама, памятка
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мұнда вакцинадан кейінгі адам денесінде болатын өзгерістер, яғни антидене қалай қалыптасатыны, вакцинаның салынған уақыты және дәрінің жанама әсерлері туралы мәлімет жазылған.

Вакцинаның көмегімен иммун жүйеміз инфекциямен күресетін антиденелер шығара бастайды. Вакцинациядан кейін иммунитетті дамыту үшін кемінде 3-4 апта қажет. Өзіңізді және басқаларды қорғау үшін вакциналаудан кейін маска тағуды жалғастыру, қол гигиенасы мен қашықтықты сақтау және көп адам жиналатын жиындардан аулақ болу керек. Вакцинациядан кейінгі алғашқы күндері инъекция салған жерді суламауға тырысыңыз, саунаға бармаңыз, алкоголь ішпеңіз және шамадан тыс физикалық ауыртпашылықтан аулақ болыңыз, — делінген жаднамада.

коронавирус, вакцина, жаднама, памятка
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

№2 қалалық емхана қызметкері Құралай Есболатқызының сөзінше, вакцинаны азаматтар шетелге шығу үшін және өз денсаулығы үшін салдырып жатыр, ал жұмыс орнынан талап етіп жатыр дегендер жоқ.

Дәрігердің айтуына қарағанда, вакцина салғызуға келіп жатқандардың көбі «Спутник V» мен Hayat-Vax вакцинасын таңдайды екен.

Егу пунктінде ресейлік «Спутник V» және қытайлық CoronaVac вакциналары бар. Ал қазақстандық QazVac пен Қытайдың тағы бір вакцинасы — Hayat-Vax біткен.

коронавирус, вакцина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматы қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен дәл осы пунктіде не себепті кей вакцина жоқ екенін сұрадық.

«Hayat-Vax қала бойынша қалмады, ал QazVac басқа пунктілерде бар» деген жауап алдық.

Азаматтар бітіп қалған вакцина түрін салдырғысы келсе, дәрігерлер өзге пунктілерден бар-жоғын біледі. Басқа мекенжайда болса, сонда салғызуға кеңес береді.

коронавирус, вакцина, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Вакциналар тоңазытқыш пен мұздатқышта тұрады, әрқайсы әртүрлі температурада сақталады. Мысалы, «Спутник V» 18-22 градуста, ал Hayat-Vax, QazVac, CoronaVac 2-8 градуста тұруға тиіс.

коронавирус, вакцина, тоңазытқыш
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, вакцина, тоңазытқыш
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Спутник V» вакцинасының бір ампуласы бес адамға жетеді. Ашқаннан кейінгі сақтау мерзімі — 2 сағат. Осы себепті ресейлік дәріні ектіруге ниетті адамдар саны беске жетуі керек. Дәрігерлер «Спутник V» салдырғысы келетіндерді тіркеп алады, сосын олардың саны беске жеткеннен кейін бәрін бірге шақырады. Ал қалған вакцина түрлері тек бір рет салуға арналған. Сол себепті мұндай талап жоқ.

Спутник V, вакцина
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Спутник V» вакцинасының екінші дозасын 45 күнге, HayatVac пен QazVac-ты 21 күнге, CoronaVac-ты 14 күнге дейін салғызу қажет.

Вакцинаны салып болғаннан кейін азамат күту аймағында жарты сағат отыруы міндет.

коронавирус, вакцинация пункті
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Вакцина салғызуға келген адамдардың арасында шешімінен айнып, ойланып көрейін деп кетіп қалатындары да болады. Сонымен бірге вакцинацияға сенбейтін скептиктер де табылып жатады. Тіпті, кейбір азамат дәрігерлерге «Неге салып жатырсыздар? Елдің қамын ойламайсыздар ма?» деген сияқты әңгімелер айтып, айыптайды.

коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Дәрігерлер вакцинацияға қатысты әлеуметтік желілерде, кейбір БАҚ-тағы жалған ақпарат азаматтардың вакцинацияға келуіне кесірін тигізіп отыр деп есептейді. Олар фейк ақпарат азайса, халықтың да вакцинацияға көзқарасы өзгерер еді дейді.

«Егуге болмайды», «Бала көтере алмайсың», «Екі жылдан кейін өліп қаласың» деген сияқты жалған ақпараттар бар, күн сайын жеке чатқа да келеді, әрқайсына «Сенбеңіздер, бәріміз екпені салдырдық, Аллаға шүкір, тіріміз, жүріп жатырмыз. Мемлекет елге, халыққа қарсы ештеңе істемейді» деп түсіндіруге тырысамыз. Халықтың вакцинацияға көзқарасын түзеу үшін әлеуметтік желілерде, сайттардағы жалған ақпараттарды тыйса, шектеу қойса екен дейміз. Өйткені олардың ешбірі мұны зерттеп көрмеді, сол себепті мұндайды таратуды қажеті жоқ деп ойлаймыз, — дейді дәрігер.

коронавирус, дәрігер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Еліміздің кейбір өңірінде вакцина салғызған азаматтар арасында «Вакцина ал — жүлде ал» акциясы өтіп жатыр. Бұл акция «Алма» сауда орталығындағы екпе пунктінде де болған.

Дәрігерлердің сөзінше, бұл кезде вакцина салғызуға ниет білдерген азаматтар көбейіпті және олардың кейбірі өміріндегі алғашқы сыйлықты вакцинациядан кейін ұтып алғанын айтып, ризашылығын білдірген.

коронавирус, вакцина, синовак
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Кетуге ыңғайлана бергенде Еңлік Васкен есімді 30 жастағы азамат вакцина салғызу үшін осы пунктіге келді. Алайда оның дәрі-дәрмекке аллергиясы бар. Медицина қызметкерлері Еңлікке вакцина салғызбас бұрын аллергологқа баруға кеңес берді.

коронавирус, дәрігер, пациент
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
коронавирус, дәрігер, пациент
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Еңлік вакцинация пунктінен шығып бара жатқанда не себепті екпе салғызуға шешім қабылдағанын сұрадық. Ол «Жұмыстан талап етті. Сол үшін салдырғалы жатырмын. Бұған қоса, салғызсақ, сенесіз бе, cыйлықақы береді екен» деп жауап берді.

Айтатыны жоқ…

Еске салайық, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанында басталды. Мемлекет екпе салу міндетті емес екенін мәлімдеді, алайда қыркүйекке дейін 10 миллион азаматқа вакцина салдыруды жоспарлап отыр.