Колумб, үндістер һәм Голливуд

Ең әуелі темекіге Америка үндістері құмар болды деген сөз бар. Хош иісті өсімдіктің майдалап туралған жапырағын жергілікті бақсылар әруақтармен тіл қатысу үшін қолданған, ал көсемдері ұзақ келіссөздерді ортақ мүштік шегумен аяқтаған және бұл дәстүр мыңдаған жылға созылса керек. Кейінірек Американы ашқан Колумб XV ғасырдың соңында еуропалықтарды осы экзотикалық өсімдікпен таныстырады.

1620 жылы Испанияда темекі өңдеуге маманданған тұңғыш фабрика ашылды, артынша шіркеудің темекі тартуды шайтанның арбауы деп санап («Мұрнынан түтін бұрқырата алатын тек Шайтан ғана»), сынға алғанына қарамастан, ақсүйек тап бұл әдетке жылдам бой алдырады. Сол заманның кей дәрігері темекінің емдік қасиеті бар деп шындап сенген һәм оны бас сақинасының ұстап қалуы, тіс сыздауы секілді түрлі аурудың дәрісі ретінде пайдалануға шақырған.

Темекі тапшы тауар болып тұрған дәуірде Еуропада оны негізінен тек бай-бағлан ғана шегіп, иіскеген. Алайда ең алғашқы темекі фабрикаларының бірінде істейтін жұмысшылар шылымды ойлап тапқан соң, өнім халық арасында жаппай тарапты. Бұл қызметкерлердің сигара сатып алуға ақшасы болмаған, алайда өндірістен артылған қалған-құтқан темекіні қағаз папирос ретінде орап тартуды үйреніп алған екен. Тағы бір нұсқаға сенсек, Қырым соғысы кезінде (1853-1856 жж.) екі шептегі солдаттар оқ-дәрінің қағаз гильзасы мен газет қиындыларына шылым орап шегіпті. Кейінірек Лондонда ең бірінші шылым фабрикасы пайда болды, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Америка темекі компаниялары Британия мен АҚШ қарулы күштеріне шылымды тонналап тегін жіберіп отырды.

Майданнан қайтқан солдаттар шылым өндірушілер үшін тауар өткізуге арналған аса үлкен нарық болып шыға келді, ал жарнама мен кинематограф темекіні сәнге айналдырды. Алуан түрлі кейіпкердің арасында танымалдығы Голливуд вестерндері дәуірімен тұспа-тұс келген, езуіне темекі қыстырған ковбой ерекше көзге түсті. Темекіні ТВ мен радиода тікелей жарнамалауға АҚШ тек жетпісінші жылдардың соңында ғана тыйым салды. Себебі шылым тудыратын ауру саны артып келе жатқан болатын, бұл бүкіл әлем бойынша темекіге қарсы көңіл-күйді күшейте түсті.

Соңғы отыз жылдың ішінде ғана темекі Жер халқын 200 миллион адамға азайтып жіберді. Шылым шегу дәстүрі кері кетті дегеннің өзінде оны сатып алушылар саны планета тұрғындары қатарының өсуімен бірге артып келеді.

1,1 миллиард шылымқорды мемлекет бойынша жіктесек, алғашқы орында Қытай, Үндістан, Индонезия, АҚШ, Ресей, Бангладеш, Жапония, Түркия, Вьетнам және Филиппин тұрғанын көрер едік. Қазақстан да қалысар емес, статистика бойынша, біздің елде ер-азаматтардың шамамен 43,2%-і, ал әйелдердің 7,69%-і бұл әдетке үйір екен. 2019 жылғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда еркектер күніне 16, ал әйелдер 12 шылым шегеді.

Шылым шегудің ағзаға қандай зияны бар?

Ертеректе шылымқорлар темекі құрамын өз бетінше жақсартып отыратын. Мысалы, украин казактары мүштекке жалбыз немесе шәйқурай секілді шөп қосатын болған. Уақыт өте келе өнеркәсіптегі темекі өндірісінде неше түрлі қоспа, модификатор мен химия элементтері пайда болды. Олар ішке тартуды жұмсартып, темекінің дәм, иіс секілді қасиеттерін жақсарта түсті. Алайда мұнымен бірге ағзаға келетін қатер де артты.

Шылымқор үшін ең қауіптті заттар – темекі жанғанда бөлінетін осы химия қоспалары. Темекі түтінінде кездесетін 6000-нан астам химия затының кем дегенде 250-і зиян саналды. Оның қатарында цианды сутек, көміртек монооксиді (иіс түтін), аммиак бар. 250 заттың 69-ы қатерлі ісікке алып келуі мүмкін.

Медицина саласындағы беделді Lancet журналының жазғанына қарағанда, бұл зиян әдетке үйір болғандардың өмірі орта есеппен алғанша 10 жылға қысқарады екен. Жүрек ишемиясы ауруы, өкпенің созылмалы обструктив ауруы, инсульт, қатерлі ісіктің түрлері – осының бәрінің басты себебі темекі. Тіпті шылымды сирек шегемін деген күннің өзінде қатерден қашып құтылу мүмкін емес. 10 жыл бойы күніне бір ғана темекіден тартып отырған адамда жүрек-қан тамырлары ауруы ықтималдығы 50%, ал мерзімінен бұрын қайтыс болу қаупі 64% артады.

Темекіні қойып кету неге қиын?

АҚШ статистикасына сүйенсек, шылымды тастаймын деп талап қылғандардың ары кеткенде 7%-і ғана алғашқы талпысынан мақсатына жетеді екен. Біздің ағза ләззат сыйлайтын дүниеге жылдам үйренеді деп түсіндіреді нейробиология.

Шылымға үйір қылатын темекінің өзі емес, оның құрамындағы биологиялық белсенді зат – алкалоид никитин. Ағзаға түскен никитин қандағы глюкозаның күрт артуын тудырып, адреналиннің бөлінуіне себепші болады. Шылымды сорғанда тамыр бүлкілі секундына 10-20 ретке артық соғады, ал жүрек қысқарғандағы қысым барынша артып, сынап бағаны 20 метрге дейін жетеді. Шылымқордың өзін сергек сезініп, қызып шыға келуінің себебі – осы. Ләззатқа жауап беретін ағза мүшелері мұндай жағдайды есте сақтап қалады, сәйкесінше, алдағы уақытта тәнге никотин келіп түскенде, ләззаттың келуі алдында пайда болатын гормон – дофаминнің бөлінуіне себепші болады.

Темекіні тұрақты шеккен кезде ынталандыру жүйесі дофаминнің бұлай көптен бөлінуіне үйреніп алады да, өзгеріп шыға келеді. Ләззаттан бөлек бұл нейромедиатор ауырсынуды басады. Алайда біздің аталарымызға мұндай қасиет тіршілік үшін күрес кезінде көмектессе, темекіден біраз уақытқа бас тартқан біздің ағзаны ми қинап жібереді. Себебі өзіміздегі дофамин қоры жеткіліксіз, сондықтан оны толықтыру үшін тәнде жайсыздық, мазасыздық, қорқыныш пайда болады.

Никотиннің өзін де зиянсыз деуге келмейді. Глюкозаның жиі өзгере беруі, қан тамырлары тарылуы кесірінен қысымның көтерілуі диабет пен жүрек-қан тамырлары ауруларының ушығу қаупін арттырады.

Темекі зиянын қалай азайтуға болады?

Бұл жолда бізге саламатты өмір салтына біртіндеп өтуге жәрдемдесетін «зиянды азайту» әдісі көмекке келе алады. Зиянды әдеттен күрт бас тартқан адам көп ретте қайта айналып қалпына түседі, ақыры көңілі қалады. Мәселе тек ерік-жігерде емес. Ағзадағы биохимия процестерінің де маңызы зор. Сондықтан балама жол ретінде темекі көлемін ақырындап аз-аздан кемітуді қарастыруға болады. Оның бір жолы – зияны азырақ тәсілдерді байқап көру.

Зиянды азайту әдісі шылымға балама ретінде электронды темекі мен темекіні қыздыру жүйелерін ұсынады. Мұндай құрылғылардағы темекі қызады, бірақ жанбайды, яғни адам түтінмен бірге бөлінетін улы заттарды жұтпайды. Бірқатар ғылыми зерттеушілердің жазуынша, кәдімгі темекі түтініне қарағанда ішке жұтатын аэрозолда зиянды бөліктер орта есеппен 90-95%-ке аз кездеседі екен.

Жаңа Англиядағы медицина журналындағы дерекке сәйкес, шылым деген зиянды әдетке қарсы күресу жолында электронды темекі никотин алмастыру терапиясына қарағанда екі есе дерлік тиімдірек көрінеді. Әйткенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аэрозол құрамындағы химия элементтері әлі де зерттеу қажет деп санайтынын айта кеткен жөн.

Әрине, ағза үшін ең дұрыс шешім – шылымнан толықтай бас тарту. Алайда мұндай мақсатқа бірден қол жеткізе алмаған адам өз-өзін кінәлап, көңіл-күйді түсірудің орнына, аз-аздан, бірақ тұрақты жасалып отыратын әдістерді қолдана алады. Мысалы, бүгін кешегіге қарағанда темекіні азырақ тарту және зияны кемдеу балама дүниелерді қарастыру. Оған ағзаның алғыстан басқа айтары болмас еді.

Темекі мен басқа да әдеттерден келетін зиянды азайту туралы НиЖевред жобасының сайтынан толығырақ оқуға болады. Сайтта әр адамға пайдалы болатын, зиянды кемітуге қатысты зерттеулер, тестілер және қарапайым, тексерілген әдістер берілген.