Бұл туралы астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

23 маусым мен 31 тамыз аралығында MEGA Silk Way сауда және ойын-сауық орталығында COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін алатын қазақстандықтар «Астана Моторс» компаниясынан Hyundai Accent автокөлігін ұтып ала алады. Акцияның бас серіктесі — «Астана Моторс» ҚМК.

Финалдық ұтыс ойынын 5 қыркүйек күні MEGA Silk Way сауда және ойын-сауық орталығы Instagram арқылы тікелей эфирде өткізеді. Сонымен бірге апта сайын 23 маусымнан 31 тамызға дейін аралық тұрмыстық техника, түрлі сертификаттар және тағы басқа сыйлықтар ойнатылады.

«Астана Моторс» автокөлігінің ұтыс ойынына 18 жастан асқан және 23 маусым мен 31 тамыз аралығында COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін алған қазақстандықтар қатыса алады.

Бұл акцияның мақсаты — Қазақстанда вакцинация қарқынын ынталандыру. Вакцина — COVID-19-дан қорғанудың жалғыз, тиімді жолы. Мұндай акциялар түрлі елдерде сәтті өтіп жатыр. Жақында Польша, Таиланд, АҚШ, Ресей, Моңғолия, Сербия, Индонезия, Қытай, Венгрия, Израиль және т.б. үкіметтері вакцинацияланғандар арасында автокөлік ұтыс ойынын өткізуді қолға алған еді, — делінген әкімдік хабарламасында.

«Вакцина ал — машина ұтып ал» акциясы туралы толық ақпаратты mega.kz сайтынан және MEGA-ның әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарынан алуға болады.

Бұдан басқа, «Азия Парк», Mega Silk Way, «Сарыарқа», «Абу-Даби Плаза», «Керуен», «Еуразия» сауда және ойын-сауық орталығында тұрмыстық және компьютерлік техника түріндегі бағалы сыйлықтар ойнатылады, сол сияқты жеңілдік купондары беріледі. Сонымен бірге бұл акцияға «Мечта» электроника және тұрмыстық техника дүкендерінің сауда желісі қосылады.