Заң жобасы экономиканың негізгі салаларында бәсекелестік ортаны кеңейтуге, сондай-ақ байланыс, темір жол жүк және жолаушылар тасымалы нарықтарының, әуежайлар қызметтерінің, АӨК, көмір, фармацевтика, құрылыс және басқа да тауар нарықтарының жұмыс істеуіне бағытталған бәсекелестікті дамытудағы жаңа тәсілдерді қарастырады. Заң жобасы бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін әкімшілік және экономикалық кедергілерді жоюға бағытталған.
Заң жобасында ұсынылған шараларды іске асыру таяу келешекте мемлекеттің ел экономикасындағы қатысу үлесін 14%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал бәсеке еліміздің жаңа экономикалық бағдарының негізгі болатын басты қағидаттардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан бәсекелестіктің ұзақ мерзімді жаңа саясатын жасаудың маңызы зор. Бұл бәсекелестік пен «жұмсақ құқық» құралдарын кеңінен қолдануға неғұрлым жетілдірілген жағдайлар жасауды талап етеді, мұның өзі заңнаманы бұзу қауіптерін төмендетуге жол ашады, — деді Асқар Мамин.
Премьер-министр бәсекелестікті дамыту биржалық сауда құралдарын тарату және негізгі инфрақұрылымдық қуаттарға қол жеткізу шарттарын кеңейту арқылы жүзеге асырылуға тиіс екенін айтты. Үкімет басшысы сонымен бірге мемлекеттік және жеке операторлардың түрлі саласындағы қызметін реттеу нормаларын қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Асқар Мамин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуді қамтамасыз ету тапсырды.