Шаш өсіруімнің себебі — қазақ салтын жаңғырту
18 жасымнан шашымды өсіріп жүрмін. Қазір ұзындығы шамамен 70 сантиметр, беліме жетеді. Мұндай шаш үлгісін қоюымның себебі көп.
Салт-дәстүрді ұстанған қазақы отбасынанмын. Қазақ мәдениетін, әдебін ерекше қадірлеймін. Біздің халық шашта қадір мен қасиет бар деп санаған. Сондықтан ұлдың да, қыздың да шашын әртүрлі үлгіде өсіріп, әрқайсына мән-мағына берген.
Жігіттің шаш үлгілерін кекіл шаш, маңдай шаш, айдар шаш, желке шаш және байдалы шаш деп атаған. Кекіл шаш үйдің кенжесіне, желке шаш ортаншы немесе тоқалдан туған балаға қойылатын. Ал айдар шаш үлкен балада немесе екінші ұлда болған. Мұндай шашы бар ұлдарды соғысқа дайындап, сарбаз ретінде тәрбиелеген деседі.
Әке-шешесі текті жерден шыққан, өз отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің тізгінін ұстап, шаңырағын көтеретін мұрагерге байдалы шаш қойған. Мұндай балаларды билікке, қазіргі тілмен айтқанда саясатқа жақын етіп тәрбиеленген. Менің шаш үлгім — байдалы шаш. Әкем де, мен де үйдің кенжесіміз. Мақсатым — қазақтың ұмыт қалған байырғы дәстүрін қайта жаңғырту.
Қыздардың бұрымы да түрлі мағынаға ие. Мысалы, төрт өрім етіп өрсе, айттырылмағанын білдіреді. Ал шашбау тағылса, керісінше, айттырылғанының белгісі. Қыз тұрмысқа шыққан соң шашын екі өрім қылады. Жесір қалған әйел бір күн шашын жаяды, кейін бір өріммен жүреді. Яғни қазақ шашқа қарап, адамның кім екенін анықтай білген.
Ұзын шаш — образ
Кішкентайымнан өнерге жақынмын. Өнер мектебінде актерлікті тәмамдап, Нұр-Сұлтандағы өнер академиясында режиссер мамандығын оқып жатырмын. Бала кезден «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «Өнерде от бол, от болмасаң жоқ бол» дегенді естіп өстім. Сол себепті басқалардан ерекшеленгім келді. 21 ғасырдың өнер адамы ерекшелене алмаса, нан таба алмайды. Қазір бәсекелестік көп. Халық та ерекше адамдарға назар аударады.
ОСы шаш үлгіме қарап, мені «Қоянды» жайдарман тобы құрамасына шақырған болатын. Онда өнер көрсеттім, бірақ пандемияға байланыста ойын тоқтап қалды.
Бір қызға шашымды бергім келді…
Шашым қысқа кезінде де «қалың екен», «сусылдап тұрады екен» деп айтатындар көп еді. Бірде бір қызбен танысып, дос ретінде жақын араласып кеттік. Қатерлі ісікпен ауырды. Ал ондай дертке шалдыққандардың шашы түседі. Себебі химия қабылдайды. Жаңағы қыз шашыма ерекше қызығатын. Өсіріп, сол қызға беремін деп шештім. Бірақ, өкінішке қарай, былтыр дүниеден озып кетті.
Күтім
Кез келген адам шашын күтуі қажет. Ұйпа-тұйпа етіп жүруге болмайды. Жеке басым оған ерекше мән беремін. Боямағанмын. Шаш үтігін, кептіргіш қолданбаймын. Сульфатсыз сусабынмен жуамын, аптасына екі рет шашқа арналған кондиционер, айына екі рет маска қолданамын. Айына 7500 теңгедей жұмсаймын.
«Өлтіріп кетеміз» деп қорқытады
Әлеуметтік желіде шаш үлгім үшін көп сынайды. Тіпті жеті атама дейін боқтап, қарғап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқандар, «өлтіріп кетемін» деп қорқытатындар бар. Кейбірі мені ЛГБТ өкілі деп ойлайды. «Жігіттің шашы ұзын болса, міндетті түрде гей немесе трансвестит болып кетеді» дейтіндер де бар екен. Әрине, танымай жатып, түрлі қауесет таратып, жамандайтыны қапаландырады. Дегенмен көңіліме алмауға тырысамын. Оларға айтарым, біреуге мін тақпас бұрын адамның өзімен бетпе-бет сөйлесіп, біліп алса, өзі үшін де, біз үшін де ғанибет.
Смартфонның ар жағынан қорқытып жазатыны болмаса, көшеде ешкім ұрып-соққан емес. Кейде адамдар шашыма, түріме қарап қыз деп қалады. Бірде кинотеатрға бардым. Фильмді таңдап болған соң достарымды күтіп тұрдым. Сол кезде күзетшіден дәретхананың қайда екенін сұрадым. Ол кісі қолымен бағыттап көрсетті. Дәретханаға кіріп бара жатсам, әлгі күзетші бүкіл кинотеатрға бар даусымен айғайлап:
— Қарындас, қарындас, тоқтаңыз. Қайда бара жатырсыз? Қарындас…
— Маған айтып тұрсыз ба?
— Иә, сізге. Ол ерлердің әжетханасы. Сізге онда болмайды.
— Енді мен еркекпін ғой, — дегенім есімде. Күзетші аға ұялып, кешірім сұрап кетті.
Адамдардың мұндай реакциясы, өкінішке қарай, қазақ салт-дәстүрін толық білмеуінде шығар. Қазақ шашты қай кезде алып тастаған? Осы сұрақтың жауабын көбі біле бермейді. Кезінде қазақтар жекпе-жек кезінде жаудан жеңілген ер жігіттің абыройын төгу, жазалау үшін ұзын шашын түбінен шорт кесіп алатын болған. Сондай-ақ әкесі қайтыс болған кезде ер адам шашының шамамен 10-20 сантиметрін қиған. Үшіншіден, құлдардың ғана шашы болмаған. 70 жыл Кеңес өкіметінің бодауынан кейін қазақтардың шаш үлгісі өзгере бастады. Сонымен бірге батыс менталитеті өз әсерін берді.
Андроген модель болып та жұмыс істеймін
Қазір түрлі ұлттық байқау ұйымдастырумен айналысамын және сән әлемінде жұмыс істеймін. Модельдерге сахнада өзін қалай ұстап, қалай жүру керек екенін үйретемін. Өзім де модельмін. Ерекше образымның арқасында андроген модель болып та жұмыс істеймін. Андроген модель — екі жыныстың да киімін киіп, көрсететін адам.
Университетке түскен сәтте ата-анама «Мықыннан төмен түсетін шашпен дипломымды алып шығамын» дегенмін.
Болашақта образым нақты қандай болатынын кесіп айта алмаймын. Дегенмен шашымды қысқарту ойымда жоқ. Тіпті тобыққа түссе екен деймін.