— Қалқанша бездің қызметі қандай?

— Қалқанша безді ағзаның дирижері деп те атайды. Осы дирижер болмаса, организм біртұтас жүйе ретінде қызмет ете алмайды. Қалқанша бездің жетекшілігімен, эндокрин мүшелерінің белсенділігімен ағзалар жұмыс істейді. Оның қызметінің бұзылуы өзге мүшелердің де жұмысына кері әсер етеді.

Қалқанша без тамақта орналасқан. Біраз клиенттің «Оның қызметі нашарласа, осы тамақ, мойын төңірегі ауыратын шығар» деп ойлайтынын байқаймын. Олай емес. Кей адам «жүрегім дүрсілдеді» деп кейде кардиологқа, терапевтке жүгінеді. Бірақ бұл мамандар эндокринологқа да көрінген жөн болатынын айтпауы мүмкін. Кей қыздың етеккірі кешігеді, тоқтап қалады, ауыртып келеді. Сосын олар гинекологқа қаралады. Ал негізгі проблема қалқанша безбен байланысты болуы ғажап емес. Қан қысымының көтерілуі де, тамақты қорыта алмау да, қыжыл да қалқанша бездің қызметі бұзылуы салдарынан болып жатады.

Алматыда тұратын адамның бәріне эндокринологқа барып, қалқанша безді тексерту керек екенін айтар едім. Себебі мұнда экологиялық жағдай жақсы емес, әр екінші адамда қалқанша без ауыруы мүмкін.

— Қалқанша бездің экологиялық жағдаймен қандай байланысы бар?

— Тікелей. Себебі йоды бар гормон көп адамда жеткіліксіз. Тамақтың өзінде йод жетіспейді немесе адам ағзасы йодты сіңіре алмайды. Алматыда йод қатты жетіспейді деп айта алмаймын, бірақ тапшы екені рас. Қалқанша бездің бұзылуы бәріміз білетін зоб ауруына алып келеді. Бірақ бұл — бір ғана диагноз. Зобтың да эндомиялық, тиреотоксикалық түрі бар. Неліктен зобтан қорқамыз? Себебі зобтың соңы гипотиреоз ауруына шалдықтыруы мүмкін. Гипотиреоз қалқанша без гормонының жетіспеуінен болады. Мұндайда басқа ағзаның бәрі дұрыс жұмыс істей алмайды. Гипотиреоз жиі кездеседі.

Ал кейде гипертиреоз да болуы мүмкін. Гипертиреоз керісінше гормонның шектен тыс бөлінуінен болады. Ол агрессив түрде дамиды және емдеуге көбіне келмей жатады. Сонымен қатар аутоиммунал ауруға жатады. Яғни иммун жүйесінің өзі қалқанша безге шабуыл жасап, қызметін бұзады. Сонда гормондар қанға түсіп, көбейеді. Мұндай ауруға шалдыққан адам тез азып кетеді, жүрек соғысының жиілігі артады, көзі бақырайып қалады. Терісі жылтырайды, қолы дірілдеуі де мүмкін. Емдеуге болады, бірақ кейде емнің өзі қалқанша безді алып тастаумен бітеді. Бұлай болған күннің өзінде адам әрі қарай өмір сүре алады. Тек өмірінің соңына дейін қалқанша безден бөлінуі керек болған гормондарды препарат түрінде қабылдап өтеді.

— Гипотиреоздың симптомдары қандай? Бұл жиі кездесетін ауру деп айттыңыз.

— Мұндай сырқат кезінде түрлі мүше әрқалай реакция білдіруі мүмкін. Бір адамдарда белгілер қалқанша бездің өзінен басталады. Қышиды, қажайды, содан адам тамағын кеней береді немесе жөтеледі. Кейбірі тамақты үнемі сумен айдап отырады, алқымына тұрып қалғандай сезінеді. Тіпті дәріні өңештен әрі қарай өткізе алмайтындар бар.

Жалпы, терінің құрғауы, шаш түсуі, іш қату, жүректің баяу соғуы да осы аурудың сипмтомы болуы мүмкін. Бір жеріңіз ғана мазалап тұрса, соған қарап қалқанша без қызметі бұзылған деп айта алмаймыз. Сондықтан қандай да бір проблема болса, эндокринологқа қаралған дұрыс. Себебі қазір екі адамның бірінде қалқанша без мәселесі бар. Осыны реттей алсақ, онда басқа мазалап жүрген орган қызметі де дұрысталады. Әсіресе зобқа ұшыраған, жүкті болған, баланы дүниеге әкелген аналар міндетті түрде келіп, баласын қаратуы керек. Себебі қалқанша бездің бүкіл ауруы тұқым қуалайды. Ұлдарға қарағанда, қыздарға көбірек генмен беріледі.

— Қалқанша бездің ауруы қыз-келіншектерде көп кездесуі немен байланысты?

— Бұл көбіне эмоцияға байланысты. Қалқанша без тамақта орналасқан. Адам көбіне ренішін айтпай қалады, ішіне жинайды, эмоция алқымында тығылып қалады. Әсіресе қыздарда эмоцияға берілу болады ғой, жылайды, ренжиді, көңілі қалады. Осыған байланысты бізде қалқанша без көбірек ауырады.

Эмоциясын ұстай алмай, тез ашуланып, тез айтып тастайтын адамдарға да қалқанша безді тексертуді ұсынар едім. Себебі қандай да бір ақаулар болуы мүмкін.

Кез келген ауруды ол қалыптасып бітпей тұрғанда тапқан тиімді. Әбден тақалғанда, емдей алмай қиналамыз. Адам өзін жайсыз сезінсе, бірден дәрігерге көрініп, аурудың алдын алған жөн. Профилактика бәрінен тиімді. Қазір превентив медицина деген түсінік бар. Prevent ағылшын тілінен аударғанда алдын-алу, профилактика жасау деген мағынаны береді. Превентив медицина аурудың алдын-алуға, қалыптасып кетпей тұрғанында емдеуге бағытталған. Мысалы, диабет қашан пайда болады екен демей, дер кезінде көрінсе, оны да болдырмауға мүмкіндік бар. Эндокринологтар әдетте қандағы қант мөлшері біршама көтерілсе, салауатты өмір салтын ұстануға, қандай да бір препарат қабылдауға кеңес береді. Адам өзін ойлап, бәрінің алдын алмаса, өмір бойы дәрігердің пациенті болып өтеді ғой.

қалқанша без
Көрнекі сурет. Фото: Prescan.at

— Қалқанша безден қандай гормон бөлінеді?

— Медицинада оларды Т3, Т4 деп белгілейді. Негізінен трийодтиронин, тироксин деп айтылады. Бұл екеуі қалқанша безден бөлінеді және олар мөлшерден тыс көбейіп-азайса, органның жұмысы бұзылады.

Бұл екеуінен бөлек тиреотропин гормоны (ТТГ) бар. Бұл қалқанша бездің емес, бастағы гипофиз безінің гормоны. Ал гипофиз — қалқаншаның жұмысына жауапты, оны қызмет етуге итермелеп отыратын без. Қалқанша безде ақау болса, гипофиз оны түртпектей бастайды, яғни көбірек бөлінеді. Осыған қарап дәрігер ақауды байқайды.

Гормондардан бөлек қалқанша безге қатысты антиденелер бар. Олар — иммун жүйесінің клеткалары. Кейде шамадан тыс көбейіп кетсе, қалқанша безге шабуыл жасайды. Осыдан аутоиммунды тиреоидит ауруы пайда болады.

— Ал жүкті әйел мен құрсақтағы балаға қалқанша бездің қызметі қалай әсер етеді?

— Жүктілік кезінде қалқанша бездің гормоны баланың жүйке жүйесінің қалыптасуына жауапты. Баланың жүйке жүйесі, сонымен қатар бүкіл мүшесі алғашқы 5-8 аптада қалыптасып қояды. Дәл осы кезеңде анасында қалқанша без гормоны көп не аз болса, балаға тікелей әсер етеді, оның бүкіл ағзасы дұрыс қалыптаспауы мүмкін. Бұл баланың ақыл-есі кем боп немесе гипотиреоз, гипертиреоз ауруымен тууына себеп болады. Мысалы, кретинизм деген диагноз бар. Көшеде біреу екіншісіне «кретин» деп айқайлап жатқанын естиміз ғой. Осы сөздің түбірі медициналық диагноздан шығып тұр. Кретинизм – ақыл-естің кемдігі.

Көбіне қалқанша бездің ауытқуы келіншек жүкті болмай тұрғанда болады. Оны өзі елемей жүре беруі мүмкін. Еш жері аса ауырмаған соң тері құрғауына, шаш түсуіне аса назар аудармайды.

Жеке клиникаларда жүкті әйелдерді эндокринологқа міндетті түрде жібереді. Ал мемлекеттік клиникада тек бұрын қалқанша безімен проблема болған адамдар ғана барады. Бұл дұрыс емес. Мысалы, жүкті әйелді стоматологқа жібереді ғой, олай болса, эндокринологқа неге жібермеске?

Сондықтан кез келген қыз-келіншек бала көтермей тұрып эндокринологқа қаралуы керек. Себебі жүктілік кезінде денсаулық онсыз да әлсірейді. Дәрігерлер емдейін десе де, құрсақта бала болуына байланысты кез келген шара қолдана алмайды. Осы уақытқа дейін пациенттерге баланы жоспарлауды, жүкті болуға алдын-ала дайындалуды үйрете алмай келеміз. Ең болмаса, жүктіліктен 2-3 ай бұрын әйел де, еркек те бір тексерілсе ғой.

— Эндокринолог қалқанша безді қалай тексереді?

— Қалқанша безден бөлінетін гормон көп. Оның бәріне анализ жасауға біраз қаражат кетеді. Сондықтан ең әуелі жай ғана эндокринологқа барып, қаралуыңызды ұсынамын. Дәрігер бәрін сұрайды, мойынды ұстап көреді, стетоскоппен тыңдайды. Ультрадыбыстық зерттеу жасауға да болады. Ультрадыбыстық зерттеуде өзгеріс аз болса, соншалық көп анализ керек емес. Ал адам өзін жайсыз сезінсе, дыбыстық зертеуе де қалыптан тыс белгілер байқаса, біраз гормонды тексеруге тура келеді.

Эндокринолог Шолпан Есламғалиева
Эндокринолог Шолпан Есламғалиева. Фото: Baribar.kz

— Дәрігердің көмегінсіз қалқанша бездің дұрыс қызмет етуіне қалай көмектесе аламыз?

— Тамақтағы йод көлемін молайту арқылы көмектесе аламыз. Йодталған тұз бен нанды қолдануға болады. Бірақ ондай тұз тамаққа қосылғанда, йод буға айналып ұшып кетеді. Сондықтан тұзды тамақ дайын болған кезде қосқан дұрыс.

Екіншіден, теңіз өнімдерін жеу арқылы қалқанша бездің қызметіне жәрдемдесе аламыз. Біздің қызыл ет пен қамырды көп жейтініміз зиян. Балықты, уылдырықты, кез келген теңіз өнімін тұтынуды ұсынамын. Кеңес үкіметі кезінде әр бейсенбі балық жейтін күн болған. Сол күні кез келген мекемеде балық дайындайтын еді. Балық майын да әр адамға міндетті түрде ішкізетін. Қазір қарап отырсам, мұндай әрекеттер кәдімгідей профилактика екен.

Ал көшеде қаптап кеткен фастфуд пен фри, газдалған сусынның бізге түк пайдасы жоқ. Рационда ақуызды көбетіп, көмірсуы бар тағамды азайту керек. Ағзамыз көмірсуды көп тұтынуға, ұнды көп жеуге шыдамайды. Қамырды адамдар өзі пісіре бастады. Ал одан бұрын адамзат ет пен көкөністі азық қылған еді. Қазір тамақтану арқылы ауруды өзіміз шақырып жүрміз.

Кейде адам тамақтану тәртібін өзі реттей алмайды. Мұндайда эндокринолог пен диетологтың, нутрицологтың көмегіне жүгінуге болады. Кей адамда йод қана емес, басқа да элементтер жетіспейді. Соған байланысты адам тәттіге, газды сусынға құмар болуы мүмкін. Микроэлементтер мөлшерін қалыпқа келтірсе, зиян тамаққа құмарту да азаяды. Сондықтан жылына бір анализ тапсырып тұруды ұсынамын. Сонда онкологиялық аурудың да алдын алар едік. Қатерлі ісік бір күнде, тіпті бір жылда өсіп кетпейді, біртіндеп дамиды. Яғни оның да алдын алуға мүмкіндік бар.

Үшіншіден, үнемі айтатын салауатты өмір салтын ұстану арқылы бүкіл ағзаның дұрыс қызмет етуіне көмектесуге болады. Диета мен дұрыс тамақтанудың айырмасын біліп алған дұрыс. Диета көбіне уақытша жүреді. Адам 1-2 ай диета ұстанып, шыдап, кейін бұрынғы тамақтану салтына қайта келеді. Ал дұрыс тамақтану өмір бойына жалғасуы керек. Мұны да ақырындап бастаңыз. Нанды аз жеңіз, кейін оны сатып алмауға әдеттеніңіз. Күнбағыс майын зәйтүн немесе кокос майына ауыстыруға болады. Қымбатырақ тұрады, дегенмен оған күнде тамақ қуыра бермейсіз ғой. Арзан тағамға жүгіріп, сосын ауырып емделуге көп қаражат жұмсағанша, тағамның сапалысын алып жеңіз.

Төртіншіден, қандай адамға болмасын, қозғалыс ауадай қажет. Үнемі қозғалыста жүріп, дұрыс тамақтанса, адам аурудың не екенін білмей өмір сүреді. Шәй, кофе, газды және тәтті сусын, тіпті сүт те емес, жай су ішу керек.

— Тез шаршау, энергия жетіспеу қалқанша бездің симптомына жата ма?

— Белгілі бір деңгейде иә. Метаболизм, зат алмасу баяулағанда адам өзі де жай сөйлеп, ақырын қозғала бастайды. Кейде мұндай белгілер гипотиреоздың салдары, яғни қалқанша безден бөлінетін гормонның жетіспегенінен болуы мүмкін. Мұндайда адам ғана емес, оның ағзасы да баяу жұмыс істейді. Ішкен тамағы бірнеше сағаттан кейін де асқазанда қорытылмай тұруы мүмкін. Пациент оны өзі сезбей қалады. Артық қозғалғысы келмейді, жүрек соғысы да, сөйлеуі де, ас қорытуы да баяулай береді.

Бұрын гормондарға анализді тек жеке клиникалар жасайтын. Қазір мемлекеттік емханаларда да гормон талдауын жасатуға болады.

— Қалқанша без туралы неліктен көп айтылмайды?

— Дәрігерлер айтып жүр, мүмкін жиі естімейтін шығармыз. Бір жағынан, эндокринологиялық аурулар арасынан бірінші орынға диабет шығып кетті. Екінің бірі осы ауруға шалдыққан соң оны көп әңгімелейміз. Екінші жағынан, қалқанша без сондай үлкен орган болмағандықтан, оны емдеу де салыстырмалы түрде жеңіл. Емдеуге болады, тек кеш қалмау керек. Медицина бір орында тұрмайды. Былтыр қолданған ем биыл актуал болмауы мүмкін. Сондықтан қалқанша безді тек гормонал дәрілермен емдейді екен деу — миф. Одан бөлек бұл ағзаға операция жасап, алып тастау керек екен деген де өтірік. Қалқанша безді түріне, күрделілігіне қарай бірнеше жолмен емдеуге болады.